21:30 Атбегілік арналары | ||
ҚАЗАҚ СЫНШЫЛАРЫНЫҢ ЖҮЙРІК СЫНАУ ҮЛГІЛЕРІ Он алтыншы сын. БАҒДӘУЛЕТ БАТЫРБЕКҰЛЫНЫҢ ҮЛГІСІ Жүйрік жылқы майы аз, қара етті болады. Майын ішіне жинайтын жылқының белгісі – дене бітімі ашаң, жүні жылтыр болады. Мұндай жылқылар алағызған, сергек, әдемі келеді. Жүйріктің дене бітімі: жуан бел, сауырлы, қабырғалы көмпіс келеді. Құлан тұяқ жылқы нағыз жүйрік болады. Оның тұяғы жұмыр, тау-тасқа жүруге қолайлы, тағасыз мінсе де тасырқамайды. Қазтабан жүйріктің тұяғы өскіш, табаны жалпақ, көгалды саздауыт жерде жақсы шабады. Бұндай жүйріктерді тасты жерде жарыстырғанда жеңіл тағаламаса болмайды. Жүйріктің жал-құйрығы үлпілдек жұмсақ болады. Құлан жал жүйріктер де кездеседі. Олардың белгісі – жал-құйрығы шалаң, келте келеді. Бұйра жал жүйріктің – жал-құйрығы бұйраланып өзіне жарасым тауып тұрады. Жарма жал жүйріктер де бар. Жалы екі жаққа тең бөлініп жатады. Құйрығында ақ қыл аралас жүйрікті «шалқұйрық» дейді. Қамыс құлақ жылқы жүйрік болады. Салпы құлақ жылқылар көмпіс шабан болады. Қайшы құлақ жүйріктер өте сезгіш, сезімтал болады. Бабы келсе, өрен жүйріктер шығады. Басы өте үлкен жылқы маубас болады. Мұндай жылқылар сағыз жүрісті, көмпіс, күшті келеді. Бас сүйегін ұстағанда қаттылығы қолға да, көзге де сезіліп тұратын жылқы нағыз жүйрік. Бұндай жылқыларды: «Басында кесім еті жоқ» дейді. Бұл өте сирек кездесетін жүйріктер. Сиыр құйымшақ жылқыдан жүйрік шықпайды. Белі қысқа жылқы жүйрік болмаса да, күшті болады. Мінезі шадыр жылқының белгісі шошқа қабақ болады. жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | ||
|
Всего комментариев: 0 | |