15:03
Атбегілік арналары

ҚАЗАҚ СЫНШЫЛАРЫНЫҢ ЖҮЙРІК СЫНАУ ҮЛГІЛЕРІ

 Он бесінші сын. АХМЕТ ТОҚТАБАЙДЫҢ ЖАЗҒАНЫ

Байлаулы тұрған жүйрік жұлдызға қарап, киіз үйдің белдеуінен басын жоғары ұстап, басы уық пен керегенің қосылатын жерінен асып тұрады. Мамағашқа, болмаса киіз үйдің белдеуіе байлағанда келе жатқан адамға доғаша иіліп тұрады.

Жылқының шетінде оқшауланып, үйірдің ортасына кірмейді. Елеңшіл, үнемі алысқа қарайды, маңайына көз салмайды. Үнемі күнге қарап жайылады. Маңдайына өз көлеңкесін түсірмейді. Таңертең күншығысқа қарап жайылса, кешке күнбатысқа қарап (күнмен қоштасқандай) селтиіп тұрады. Күн батар сәтте әсте жайылмайды. Іңірде немесе таңсәріде жатып жусайды.

Күн бұлттанып, жел соғып тұрса, желге қарсы жайылады, ағынды суды ағысты өрлей ішеді, жетекке ергіш, жетектеген қолыңа жүк түсірмейді.

Адам жақындағанда көз алмай тесіліп қарайды. Бір нәрсені тез үйреніп, тез қабылдайды, тез ұмытады, ұғымтал, елпек.

Жүйріктің құлағының түбі бос болады. Жүйрік шапқан кезде, құлақ желкеге қарай жымияды да, қарсы соққан жел кірмейді. Тік құлақтылары үемі қайшылап, кекілден жоғары селтиіп шығып тұрады, терісі жұқа, іші жүнді.

Жүрйіктің мұрыны бөкеннің текесінің мұрыныдай кең болады. Мұрнының ішінде тесігі көп, әрі іші қылшық жүнді болғаны дұрыс.

Астыңғы ерні үстіңгі ернінен үлкен, салбыраңқы. Ернінің астыа қылшық жүн мол бітсе, соғұрлым ат жүйрік болады. Ерні үлкен адамды қазақ ат ерін» деп тегін айтпаған.

Алдыңғы күрек тістері, яғни асты-үсті төрт тіс – сегіз тіс басқа тістерден ерекшеленіп бөлініп тұрса, бұл жүйрік жылқының белгісі, бұны жайран тіс дейді, себебі жайранда төрт-ақ күрек тісі болады.

Екі жақтың арасы алшақ, жұдырық сыйып кететіндей болады. Егер аттың кеудесі кең болғанымен, сағағы тар болып бітсе, онда ол еркін тыныстай алмайды. Сағағында без болмайды.

Омырауы кең, салқы төс, кеуделі ат ұзақ бәйгелерде ентігіп шаршамайды. Жүйріктің омырауы алдынан артына қарай кең, ал жоғарыдан төмен қарай терең (салпы) болады. Омырауының тереңдігі (салпылығы) мынеа жолмен анықталады: алдыңғы аяқтың тұяғының алдыңғы жиегінен шынтаққа дейінгі аралықтың ұзындығы мен шынтақтан шоқтықтың жоғары қырына дейінгі аралықтың ұындығы өлшеніп, салыстырылады. Егер олардың ұзындықтары бірдей болса, онда бұл омыраудың тереңдігін (салпылығын) білдіреді.

Қолтығы ашық, шынтағы сыртына қарай айнала біткені дұрыс. Егер шынтақ қысыңқы болып бітсе, онда ол шапқан аттың қолтығынан соғып, өкпенің еркін тыныстауына кедергі жасайды. Шынтақ қабырғадан алшақ тұрады.

Жоны қысқалау, күдістеу болады. Арқасы (жоны) ерекше мықты және теп-тегіс, көбінесе дөңестеніп, сегізкөзінің маңы бүкірейіп тұрады. Қазақтардың өзі бұл дөңесті күш пен шыдамдылықтың белгісі деп санайды.

Сауырына қақ тұрады, сауыры кең, жотасы келісті жылқы жүйрік болады.

Жамбасқа жататын ортан жілік пен қабырғаның арасы неғұрлым жақын болса, жақсы. Қазақ сыншылары бұны: «Қанатты жылқы, бұның жүйріктігі қанатында», - деп жатады.

Шын мәнінде хас жүйріктерде 13-інші шолақ қабырға болады. Осыны қанат дейді, шолақ қабырға белдемемен жарыс бітеді. Қабырғалары құстың қанатындай сүйірлене бітсе – жүйріктің белгісі.

Ерін сыпырған ат тегіс жерге жата қалып аунаған кезде бір қабырғасының қыр арқасы арқылы екінші қабырғасына асып түседі.

Жаясы жақсы аттың алдынан келіп қаарғанда екі жаясы көрініп тұрады.

Жүйріктердің құйрығы көбінесе ұзын, құйымшақ жағының қылы төгілмелі, құйрықтың бас жағы жуантық, соңы сұйықтау, сымпыс болады. Ту құйрықтың қылшықтары қайратты, қатты болады, ұшына қарай ұяңданып жіңішкереді, одан әрі салаланып айырылады. Атты байлап қойғанда құйрығы тілерсекке сыймай тұрады.

Шашасы мол, жерге жетіп тұрады. Шаша – тек жүйрік аттың ғана емес, тұлпар аттың белгісі. Тұлпардың несеп шаптырысы алдыңғы аяғының шашасына дейін жетеді.

Тұяғы төңкерілген кеседей, жайылмай бүрісе бітеді, қалың әрі биік болады. Жүйрік аттың тұяғы өсіп кетсе, жаратудан екі ай бұрын кескен дұрыс. Алда-жалда бәйге аты тұяғын шекілдіріп, кетіктендіріп алса, арнайы сазды жермен жүргізіп, жетілдіреді. Моңғолия қазақтары сарлық тұяқ жылқыны ерекше бағалайды. Бұның табаны тым жалпақ емес, өте жұмыр, өкшесі кетік болады.

Жұмыр, болат тұяқтылар жер таңдамайды. Тұяғының ортасы шұңқыр, жерсоғары жерге жетпей тұрғаны оңды. Құм жылқысының тұяғы жалпақ болады.

Жүйрік жылқының тұяғы тікбақай, қысқа. Төрт тұяқ (таңсоғар) бақай сүйегіне жалғасып добалданып кетпей, ерекшеленіп тұруы керек. Жүйріктен мүлдем хабары жоқ адам ең құрығанда аттың тұяғына көңіл аударуы керек.

Жоғарыдағы белгілердің барлығы бір аттан табылуы, әрине, өте сирек, дегенмен осы белгілердің үштен бірі, құрығанда төрттен бірі болса, ол жаман ат болмайды дейді сыншылар.     

 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі  

Просмотров: 247 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: