13:01 Атбегілік арналары | ||
ҚАЗАҚ СЫНШЫЛАРЫНЫҢ ЖҮЙРІК СЫНАУ ҮЛГІЛЕРІ Он екінші сын. СЕЙІТ АБЫЗҰЛЫНЫҢ ҮЛГІСІ Алтай өңіріндегі сыншылардың пайымдауы бойынша: бәйге атының басы етсіз, теке мұрын, жел қағарлы, азу тісі алдына бейім, маңдайы кең, әрі жазық біткен, бота, лашын немесе жылан көзді, бөкен қабақты, көзінің жанары өткір келеді. Құлақ арасы кең, сезгіш болады. Құйрық-жалы майда, сұйық, қылыш құйрықты, қой мойынды, алдыңғы омыртқасы шығыңқы, ой желке шоқтығы биік болса, тынысты болады. Жауырыны кең, әрі ұзын, етсіз, тоқпан жілігі қысқалау болса, бұл тынысты жүйріктің белгісі. Жіліншігі жіңішкелеу, бауыр сіңірлері толық жетілген, сүйектен алыс орналасқан, бақай тұяғы жұмыр, қалың, бірақ кішілеу, тұрасы мен тұяқ жүрекшесі кішкене болса, тұяғы қызбайтын аламан жарыстың жылқысы болғаны. Алдыңғы-артқы аяқтарының арасының кеңдігі тең, алдыңғы аяғы жіліншіктен төмен тұяқ ұшына дейін сәл сыртына бейім орналасқан болуы керек. Артқы аяғының тұяғы тік, бота тірсек, қол, сан еттері жоғары орналасқан, бауыры жазық, жалпы дене бітімі жеңіл, терісі жұқа келеді. Құйымшақ сүйектен шоқтыққа дейін қарағанда бір түзу сызық бойында болуы, жаялы келуі, бүкір немесе қайқы болмауы қажет. Мықыны тар, белдеме қанаты ұзын болса, ұзақ жүгіріске шыдамды келеді. Одан кейін бәйге атын сынаудың тағы бір жолы – өлшеу арқылы жүзеге асыруға болады. Жіңішке жіп арқылы аттың үстіңгі ернінің ұшынан төбе сүйек ұшына дейінгі аралықты өлшеп, бұл жіпті теңдей үш еселеп алып, атты түзу ұстап тұрып, әлгі үш еселенген жіпті төбе сүйек ұшынан құйымшаққа қарай созу қажет. Сонда бұл жіп құйымшаққа төрт елі жетпей қалса, бұл қалыпты жүйрік. Егер құйымшаққа бір сүйек немесе одан да артық жетпей қалса, бұл жылқы нағыз жүйрік екенінің белгісі. Шоқтық ұшынан қол еттің тоқтаған жеріне дейінгі аралық пен қол еттің тоқтаған жерінен тұяқ жербасарына дейінгі аралық бірдей шықса, бұл да жүйріктің бір белгісі болады. Одан соң аттың төрт аяғының тең болуына баса назар аударылады. Атты жазық жерге тұрғызып қарағанда артқы екі аяғы тура бір сызықтың бойында болуы керек. Сондай-ақ, алдыңғы екі аяғы да бір сызықтың бойында түзу орналасуы тиіс. Әдетте аттың зәріне қарап та тануға болады. Зәр шығарған жылқының несебі алдыңғы шашасына жетіп тұрса және төгілген зәр түскен жеріне ойық шығарса, бұл өте шыдамды әрі күшті жылқы деп есептейміз. жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | ||
|
Всего комментариев: 0 | |