22:42
Аспанға қараймын...

ҚАМБАР ЖҰЛДЫЗЫ

Қара қасқа тұлпарға

Жұлдыздың мініп оңынан,

Сәтті күні шығайын.

Қамбар батыр

Қайда жүрсе жолы болғыш қара қасқа атты Қамбар батырдың әңгімесі ел арасына көп тараған.

Қамбар жұлдызы туралы сөз қылғанда алдымен Қыз Жібек дастанындағы:

Көл иесі Қамбар-ау,

Жол иесі Қамбар-ау,

Қарағыма көз сал-ау...

деген Төлеген сапар шеккелі жатқандағы ғаріп ананың жүрегінен қайнап шыққан жалбарыну сөзі еске түседі.

Қазақстанның оңтүстік облыстарында Қамбар жұлдызын елдің көбі біледі, кейбіреулер қағазға не тақыр жерге оның нобаймен суретін де салып береді. Аңдап қарасаңыз, ол шоқжұлдыздың пішіні шапқалы тұрған арыстан сияқты болып келеді.

Қамбар ғылым тілінде Арыстан дейтін 7-8 жұлдыздардан тұратын эклиптикадағы 12 зодиак жұлдыздарының бірі.

Күнбатысқа қарап шабынып тұрған айбарлы арыстан сияқты пішіннің 2 жұлдызын қазақ Қамбардың 2 мұрты және 2 жұлдызын өті, енді бір жұлдыздарды құйрығы дейді.

Елдің айуынша, Үркер сияқты Қамбар да Ай жолында, ай сайын ол да Аймен тоғысып отырады.

Қамбардың тоғысуы Аймен «атысуы» кезінде оған қарсы жол жүрмеу керек. Егер бұл кезде жол жүретін не көшетін болса, онда жүргінші бір сәтсіздікке ұшырайды. «Білмегенге білдірермін, егер біле тұра жүрсе, бүлдірермін» деген екен дейді Қамбар.

Әуелі Ай Қамбардың мұртына тоғысады, онан соң өтіне тоғысады, одан кейін құйрығына кетеді, сөйтіп небары Қамбардан Ай үш күнде өтіп болады. Ай өтінен өтсе-ақ болғаны жұрт «өтінен өтті, артына кетті, енді жадырады» деп жолаушылай береді.

Сөйтіп, қазақ аңызындағы Қамбар атты мификалық жануардың қияпаты, оның «білдірермін!», «бүлдірермін!» деген қанкөкірек, үрейлі, қияпас сөздері бұл аңызды естіген кісіге едәуір әсер етеді де, кісі ынталанып, оны аспаннан көргісі келеді. Ал мұрттарын тікірейтіп, ауыз омыртқасын ақсита көмекейін арандай ашып, қызарған өті шоқтай жылтырап, қарсы алдындағы қылыштай жалаңдаған Айға шапқалы тұрған оның айбатты бейнесі аспаннан қарап көрген кісінің есінде сақталып қалады да, бір көрсеңіз кейін өзіңіз де оның нобай суретін жаңғыртып сала аласыз. Аңыздың осы жақтары Арыстан шоқжұлдыздарын танып білу үшін пайдалы.

Қамбар жазғасалым іңірде күншығыстан туып, түнімен аспанда болып, таң ата батады. Ал күзге қарай таң алдында шығыста болады, сондықтан ол қыркүйек, қазан айларында бітуге таяп, солған Аймен тоғайды. Сөйтіп, Қамбардың өзі және оның Аймен тоғауы жазғытұрымғы және күзгі айларда (іңірде және таңға жақын) байқалады, ал бұл уақыттар ауыл шаруашылығының ең бір қысылшаң, қиын асу, көш-қоңның көп болатын – көктемде қыстаудан жайлауға, ал күзде жайлаудан қыстауға көшетін кездері. Бұл ауа райының да орнықпаған ауыспалы мезгілі.

...Жер тапшы болып, қыстан малды арықтатып шыққан шаруа жаздың шығуына қарап отыр. Міне, түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз болып күн жылына бастады. Наурызкөк торғай келіп, жаздың белгісі де көрініп қалды (Оңтүстік Қазақстанда). (жалғасы бар)

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 19 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: