23:33
Аспанға қараймын...

ҮШАРҚАР-ТАРАЗЫ

Не нәрсе Айша туып, Күнше батар?  

Жұлдыздардың із-өкшесіне түсіп, қадағалап қарағандар Үшарқар-Таразының жүріс-тұрысындағы, туып-батуындағы парықтардың басын ашып, бақайшағына шейін шағып, мәнерлеп айтып береді. Құбылысты өз көзімен көрмеген адамға (тіпті ол астрономияны бірсыдырғы білетін болса да) бағзыбір жәйттер сонда бір түрлі тосын сөз болып естіліп, ол қалай деген күдік туғызады.

- Таразы Үркерден ет пісірімдей (үш сағаттай) кейін, одан оңтүстікке таман ығыса туады да, Күнге, Айға ұқсап жүреді. Туғанда Үркерден құрық бойы төмен тұрады. Соң туса да Үркерден тез жүріп, оның оңтүстік жақ қабырғасынан өтіп кетеді. Күздігүні таң ұзарғанда Үркер шырқап, төбеге келіп тұрып алады. Таразы етектеп, осы кездегі машина тәрізді ағып өте шығады. Ал бірақ Үркер батқанда ол да батады. Таразының үшеуі шұбырып жүргенде майда үшеуі одан оқшаулап, малдың құйрығына ұқсап артында шұбатылып отырады.

Мұнда мәселе былай:

Дүниенің екі полюсінен (оның бірі Темірқазықтың қасында) бірдей қашықта тұратын, аспан экваторы (көктің белдеуі) дейтін көктегі бір маңызды дөңгелек дәл Үшарқар-Таразының үстін, дәлірек айтқанда, оның алдын бастап отыратын жұлдызын басып өтеді. Міне, сондықтан Үшарқар-Таразы көкжиектің дәл шығыс нүктесінде туып, батыс нүктесінде батып отырады, яғни күн мен түн теңелу кездерінде (21 наурыз бен 23 қыркүйекте) Күннің шығып, бататын жерінен ол да туып, батады. Ал Үркер Таразыдан гөрі Темірқазыққа бейімдеу. Көк кіндігіне (көрер көзге) шегелегендей болып тұрған Темірқазықты жұлдыздар айналғанда алысырақтағысы тезірек жүргендей болып көрінеді. Және аспандағы Үркер жолы ұзақ: ол көкжиектің дәл солтүстік-шығысынан туып, шырқап келіп, төбеден оңтүстікке қарай орағыта өтіп, солтүстік батыстан батады. Таразы жолы одан көп қысқа, оңтүстікке бейім, міне, сондықтан да Таразы үркерден кеш туғанмен де оны қуып жетіп, екеуі бір уақытта батады.

Жұрттың Үркер, Үшарқар-Таразы қыстыгүні аязбен бірге жайнап шығады да, қақаған аязда қақ төбеде тұрады деген жобасы Үркерден гөрі де осы Үшарқар-Таразыға туралы айтылған.

Үшарқар-Таразының туып-батуындағы тағы бір қызық ерекшелік былай. Таразы шұбатылып туады да сап түзеп батады. Туғанда тікесінен тік шұбатылып туады, ал батысқа айналғанда жантайып, қаз-қатар болып батады деп айтушы үш саусағын жарыстыра ұстап, оларды төмен тұқыртып көрсетеді.

Күзетші емес адамға жұлдыз қарауға іңір ыңғайлы. Ауа ашықта күздігүні іңірде Таразының үш жұлдызының әлгі айтылғандай бір-бірден шұбап (жекелеп) туатынын, ал жазғасалым іңірде үшеуінің сап түзеп (қаз-қатар) бататынын өз көздеріңізбен көріп иланасыздар.

Жұмбақ а          тысуда іздесе табылмайтын дегендей Таразының туып-батуындағы осы ерекшелікті зерек жандар жұмбаққа жаратыпты. Бірақ, әттең...\

Не нәрсе Айша туып, Күнше батар?... деп басталатын осы жұмбақтың қолымызға қазірде осы бір-ақ жолы тиді. Ал шешуі былай:

 Үшарқар Айдай туып, Күндей батар,

Туғанда Шабансары таң сонда атар.

Аспаннан жұлдыз тарап, Шолпан туып,

Таң райы Күніменен манауратар.

Үшарқар туралы әсем жұмбақты, оның туып-батуын көзбен көрген кісі болмаса шешіп беру оңай емес. Және өлеңмен айтысып әдеттенген елдің рәсімі бойынша оның шешуін «нажағйдай жарқылдатып» тақпақпен айтып беру міндет.

Жұмбақшы айтқандай, Таразы туарында жартыкеш Ай (Ай сарқыншағы, солған Ай, не жаңа Ай) тәрізді тікесінен бір-бірлеп туады, ал батарында Күн тәрізді жалпағынан (жантайып) батады. Бұл Таразыдағы қатар үш жұлдыздың желісінің Темірқазыққа (дәлірек айтқанда, дүние полюсіне) қатысты орналауынан болатын құбылыс. Жұмбақтарда құстар не ағаштар кейпінде беріледі.

Алты үйрек ұшып шықты, үш бөдене,

Кейде орта, кейде толы бір тегене,

Үшеуі жерде қалды ол немене?

Лай мен тұнық судың арасынан,

Бір аққу шыға келді құсқа төре.

Және де ұшып шықты төрт шағала,

Екеуі жерге қонды ол немене?

Мұнда Үркер, Үшарқар-Таразы, Ай, Күн, Босағаның төрт жұлдызы жұмбаққа қосылып отыр. Шоғырдағы жұлдыздардың санын, олардың туып-батуын, «жерге түсуін» қисындырып келтіретін осындай жұмбақтар ел аузында аз емес.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 14 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: