09:09
Аспанға қараймын...

ҮШАРҚАР-ТАРАЗЫ

Таразы деп неге атады?  

Аспандағы Күн жолындағы 12 зодиак шоқжұлдыздың бірі арабша Мизам, орысша Весы, ал қазақшасы Таразы. Бірақ қазақ халқы Таразы деп мұны айтпай, аспандағы оған қарама-қарсы тұрған Орион белбеуін атап кетуінің мәнісі не?

Айларды, жылдарды, күндерді дұрыс есептеп отыру бұрын кімге де болса оңай болмаған. Қожа-Нәсірдің «Шөлмек хисабы» содан шыққан. Күнтізбедегі ай есебі дұрыс жүрмегендіктен ертеде еуропа елдерінде күзде істелетін сабан той жаңылыс, қысқа келіп, көктемде мейрамдалатын қызылжұмыртқаның (пасханың) орны да ауысып, шатастырған кездері әрқашан да болып келген.

...Күзем алып, шөп тасып, қора-қопсы жөндеу керек. Қой қырқатын мезгіл болды ма? осы қай ай өзі? Ерте қырықса жүннен айырылады, кеш қырықса жүні жетілмеген қой қара жауынға ұрынып, шаруа қойдан айырылады. Қой қырқудың сәтті мезгілін білу, мал өсірген халық үшін аталы мәселе. Ол ойыншық емес, ол жанға тиерлік нәрсе.

Ай есебіне шаруаның бәрі бірдей жетік емес. Ай себебін араб, парсы тіліндегі кітаптарда айтатын тәрізді. Бірақ қарапайым жандар бөтен тілдегі ай аттарына жаттыға алмай әуре. Оны есте сақтау үшін ай аттарына ұйқас өз тілінде сөз тауып, ұйқастырып.

Хұд келді, жұт келді,

Ақырап келер ақырып, төңірегін шақырып.

Қараша – қауыс, кәрі құртаң тауыс.

Маусым – табаныңнан таусыл.

Сәуір болмай, тәуір болмас, -

деп, осылай бас-басына тақпақ етіп айтады. Бұл ай аттарын және оның белгілерін ұмыттырмайтын бір дербес мнемоникалық ереже деуімізге болар.

Бір сәті түскен күні қой қырқылды. Үлкен күзем – киіз туырлықты қазақтың өміріндегі еркек-әйелдің бәрі бірдей жұмыла кірісетін, бір шұғыл жұмыстың кезі. Сан бас қой әуелі суға тоғытылады, ертеңінде қырқылады, үйек жүндер төбе-төбе болып үйіліп қалады. Ертеңнен қара кешке дейін пулемет атқылағанындағыдай сатыр-сұтыр сабау дауысы құлағыңды жаңғырықтырады. Мұнда да өзінше «техника» бар: шабақтау (сабау), шиге тарту, аяқпен тебу, шеттеу, орталау, білекпен басу (қарпу), пісіру... Осылай бірқыдыру еңбектің арқасында керекті бұйым (киіз) жасалады. Күзем алу, киіз, сырмақ, текемет басу, киізден үй жабу өте күрделі жұмыс.

- Осы күзем алынған айдың аты не? деген сауалға «кітап ашқан» молла Мизам деп жауап қайырады. Мизам – Таразы деген, одан әрі түсіндіруге молланың өзі де таяз. Арғы жағын шаруа адамы өзі топшылайды. Ол соқыр емес, көкірегінде саңлауы бар.

Күндіз өрмекшінің қылындай бір нәрселер қаптап ұшып жүреді, содан сиырдың сілекейіндей болып шөптің басына шырмалып қалады. Шаруа үшін бұл Мизам айының белгісі – мизам. Мұның мәнісін түсінсек, тағы қайран қаламыз. Ол қылдан нәзік нәрселер сансыз көп түрдегі жәндіктердің дамуының бір мысалы екен. Мизам ұшты дегендегісі өзі шынында өрмекшінің қылы екен. Абайласақ, мизам қылының төменгі ұшында титімдей өрмекші жабысып желмен қалықтап барады. Осылай өрмекші, өз тұқымын таратып, құтаяды. Қандай жансебіл тіршілік!

Есептеп жаңылдырмайтын ең сенімдісі жұлдыз. Іңір жұлдызы туысымен шаруа сырмінез болған аспанды барлайды. Ол енді Мизам (Таразы) айының жұлдызын белгілейді. Табалдырықты аттап шығысымен-ақ қолмен тізгендей үш жұлдыз қақ маңдайда жайнап тұр. Сансыз жұлдыздың ішінен оны көзіңді жұмып жүріп, табасың. Өзі Үркерден едәуір кейін туады екен. Таразы жұлдызы деуге түрі де үйлесіп, үшеуі аумай тең түр: екі жағынан екі табақ тең басып, ортасынан көтерулі тұрған аспалы таразыға ұқсайды. Осылай астрономдардың «Орион белбеуі» дейтіні қазақ ортасында Таразы жұлдызы аталды.

Ал арабтардың Мизам (орысша Весы) дейтін жұлдызы бұл емес, ол аспанның тура қарама-қарсы жағында. Мизам айында ол (Весы) Күннің маңында болады да, түнгі аспанда көрінбейді (күндіз туып, батады). Тіпті түнде туғанының өзінде (көктемде, іңірде) ол пәлендей көзге түсерлік емес, елеусіз жұлдыздар.

Сонымен, Таразы шоқжұлдызы қазан айының орта шенінен бастап ел жататын қарсаңда көкжиектен туады. Ал Таразының екі жарым айдай (мамырдың 10-нан бастап) жерде «жатып», алғаш көкке «шығуы» шілденің аяқ шені. Таразының осы таңмен аралас тууын жамағат «Таразы туса таң суыр...» деп рәсім етті.  

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 17 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: