22:53 Аспанға қараймын... | |
СҰЛУСАРЫ Үркерден бір жарым сағаттай кейін, оның астын ала әдемі сарғыш жұлдыз туады. Бұл жарық жұлдызды ертеде арабтар Әд-Дабаран («Жарқырауық») деп атап, оның осы меншікті Альдебаран есімі ғылымда сақталды. Ол өзі Жетіқарақшы жұлдызынан гөрі жарығырақ, нағыз бірінші (1,06) шамадағы жұлдыздар дерлік. Ата жолдасындай етене болған Үркер аймағындағы әлгі сұлу жұлдыз, әрине, халық ішінен шыққан көрегендердің көзіне шалынбай қоймады. Үркердің Сұлусарысы деп сөз тапқырлар оған келістіріп, ақмылтықтай дәл поэзиялық ат қойды. - Үркер алтау ғана, артындағы сұлусарымен жетеу. Сұлусары Үркерден әлдеқайда жарық. Өзінің түсі сары. Алты Үркерді көрсетіп тұрған сұлусарының жарығы. Ақбозат пен Көкбозатқа мініп алып, Жетіқарақшы содан кейін Сұлусарыны алмақшы. Мәңгі жаңғыру арқылы ата-текті өрбіту ешкімнің қабағына қарамайтын биологияның құдіретті заңы. Балқаймақ жалап, марқа етін жеп, қымыз ішіп, таза ауада жүрген қыр өспірімдерінің ағзасындағы өмірлік тамыр соғу екпіні солғын деп айта алмаспыз. Ендеше, мөлтілдеген мөлдір көзді дала аруларына құштарлық кеміс болсын ба? - Сұлусары Үркердің артында бөлек тұрады. Ол Үркерден кейін туады. Жетіқарақшы енді Сұлусарыны тартып алмақшы. Сұлусарыны оның жанындағы Қырлыжігіт сақтап жүр. Сұлусарыға ол өзі ғашық деп әңгімелейді Іле бойындағылар. Аспанда жұлдыз аз емес. Сөйтсе де Қырлыжігітке лайықтысы Капелла. Сұлусарыны қырындап жүрген сол маңдағы ең жарық жұлдыз осы (жұлдыз қырланып, онан шашырап құйыршық шыққан сияқтанып көрінетіні біздің көзіміздің мүйіз қабыршақ дейтініне байланысты болатын алдамшы құбылыс). Ал шынында, жұлдызда құйыршық болмайды. Жігіттің аты оның екі ұшты мінезіне лайықты: қызды қарашылардан қорғаған болып, өзінің көңілі сонда жүр. Осы ертектің жігін қиюластырушы да шебер. Сыншының Сұлусары деп тауып қойған, әрі дәл, әрі ықшам, әрі жарасты атын күндіз қолыңа шырақ алып іздесең де таба алмассың. Оның түсіне сай аты, оны өзге көп жұлдыздан түстеп танып алуды және есте сақтауды оңайлатады. Түс жұлдыздың басты сипаттамасы. Түсте терең сыр бар. цехтардағы көрік аузындағы шала қызған темір күрең қызыл, ал қатты қызғаны аппақ. Сол сияқты салқындау жұлдыздардың түсі қызғылт, сарғыш, ал өте ыстықтарынікі ақ, көгілдір. Астрономдар Альдебаран жұлдызы К спектрлік класына жататын сары түсті жұлдыз деп, дәл өлшеп анықтады. Ендеше, ел сыншыларының оны Сұлусары дегені осыдан алшақ кетпеді. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
