09:10
Аспанға қараймын...

ҮРКЕР

Үркер есебі – қазақ күнтізбесінің арқауы

Жол бойындағы ірі станциялар (не бекеттер) жолдың қаншасы өтіліп, қаншасы қалғанын білдіргені сияқты, Күнге қатысты Үркердің аспандағы орындары да жыл мезгілдерін білдіретін омақа есебінде.

Үркер тұрғысына негізделген қазақ күнтізбесі қағазға жазылмай, сырлы сөздер түрінде ғасырлар бойы жұрт аузында сақталып келді.

Жалпы Үркер есебі жайында ел сөзі тағы былай. Ай (туар ай) есебі ауысады, бірақ жұлдыз есебі ауыспайды. Үркер көкте жүргенде күн салқын, ол жерге түскенде күн ыстыққа айналады. Дегенмен шілде, тамыз ыстық айлар, ал Үркерлі айдың бәрі қыс, «Саратан-Зауза сенен де қорқамын» дегенді Асан аға айтыпты.

Үркер есебін қысқаша былай қорытайық. Үркердің ел жатқанша «жамбасқа» келуі – көктем белгісі. Наурыз (21 наурыз) туғанын да Үркер білдіреді. Егер Үркер сағат 11-де батса, Наурыз туғанының белгісі сол дейді қызылордалықтар. Мұның расында солай екеніне көзбен қарап, не жылжымалы жұлдыз картасымен пайдаланып илануға болады.

1 наурызда көрер көзге Үркер мен Күн арасындағы (көзден Үркерге және Күнге қарата тартылған бағыттар арасындағы) бұрыш 90 градус маңында.

Үркердің жерге түсуі (10 мамыр) күнтізбелік жаздың басы болмаса да, мал өсірген елдер үшін өте-мөте маңызды шақ. «Үркер жерге түссе жер көктейді» де, малдың аузы көкке тиеді, адам аузы аққа тиеді. Маусымның 1-нде Үркер тура Күннің аржағына шығады: Үркер мен Күн арасындағы бұрыш нөлге жуық. Енді осыдан кейінгі бір меже Үркердің туып, көкке шығуы. Бұл тайқазан сүт суығанша таң ататын, жазғы күн тоқырау (22 маусым) қарсаңы, мал тойынып, еттің, сорпаның ас бола бастаған мезгілі. Үркер мен Күн арасындағы бұрыш 15-20 градус.

Күз басының белгісі Үркердің көтеріліп, Сүмбіленің тууымен анықталады. Атқа жал, түйеге қом, қой мен ешкіге күй бітетін шақ, жиын-терім маусымы.

Мақтадан басқа дақылдың бәрі де жүз күнде жинауға келеді дейді оңтүстіктің диқаншылары. Үркер мен Күн арасындағы бұрыш 90 градус маңында.

Арада үш айдай өтті. Жеті амал кірді. Кәрі «құда» (қыс) келіп, «әлек салатын» мезгіл жетті. Үркер таң ата батып, қыс тоқсаны басталады. Мал ауыр сынның үстінде. Шаруа есікке көлденең таяқ керіп, содан секіріп өте алған қйоларды ғана екшеп «қарға салады». Үркер «жерге түскеннен бері алты ай өтті – қыс шілдесі басталды. «Тоқты тоймас, шөміш кеппес» айы келді. Үркер аспанда тура Күнге қарама-қарсы: Күн бата Үркер шығыстан туып (мұны астрономияда «акронический восход звезды» деп атайды), Үркер бата таң атады, яғни Күнге және Үркерге қарай тартылған бағыттар арасындағы бұрыш 180 градустай. Бірақ енді бұл кезде толған Ай Үркерді маңайлап (не тоғап, не ауыл үй қонып) жүреді, өйткені толған Ай қашанда Күнге қарама-қарсы.

Толған Ай тұрса

Үркерге қарсы қарап,

Қыс түсер шақырайып,

Боран сабап дейтін кез осы.

Осыдан осылай енді ақпан-қаңтардың қақаған аязында Үркер іңірде қақ төбеден табылады.

Үркердің Күнге қатысты, осы тұрғылары жыл сайын жазбай қайталап отырады. Жер өз орбитасымен зымырап, Күнді айнала қозғалғанда, бізге жұлдыздар арасында (қарама-қарсы жаққа) Күн орын ауыстырған сияқты болып: жазға қарай Күн Үркерге жақындап, қысқа қарай одан қашықтағандай болып көрінеді.

Астрономиядағы Күннің жұлдыздар арасындағы жылдық қозғалысы деген күрделі тақырып, халық бақылауы бойынша осылай түсіндіріледі.

Ғасырлар бойы мәдениетті елдердің қолданып жүргені – күн күнтізбесі. Қазақтың Үркер есебі де Күн қозғалысына негізделген күн күнтізбесі.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 9 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: