16:40 Арулар - асыл жандар | |
АЯУЛЫЛАРДЫҢ ЖАРАСЫМДЫ ЖАРЫСЫ «Әйелдің қырық жаны бар» дегенге қарсы шығар дау жоқ қой. Үйде де, түзде де бәріне уақыт тауып, өз тірлігін рет-ретімен жайғастыра алатын да аяулы жандар ғой қашанда. Десе де, спорт жағынан танылуда да аянып қалмайды тағы. Жуырда Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің кең де жарық спортзалында ауылымыздың аяулылары арасында «Көңілді жарыстар» өткізілді. Құрамында бес қатысушыдан жасақталған үш команда өзара қызу додаға күмп берді. Атап айтқанда, Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің «Достық», Қызылағаш ауылдық округінің «Сүйкімділер» һәм ауылдың қыз-келіншектерінің «Максимум» командалары. Бірнеше жарыс кезеңдерінен тұрған тартыс барысында аяулы жандар білектің күшін де, жігерлі шапшаңдықты да, үйлесімді ептілікті де бір адамдай ортаға салды. Айталық, желаяқ боп жүгірді, үстел теннисінің ракеткасы мен шаригін, жұмсақ мат пен белге арналған дөңгелекті, баскетбол добын, сіріңке қорабы мен ондағы шырпыларды және тағы басқа да қажеттіліктерді кәдеге асырды. Ауыл тұрғындарынан құрамдалған әділқазылар алқасының үштігіне жарысқа қатысушы командаларды бағалау оңайға түскен жоқ. Жанкүйерлік танытқан көрермендер қатысушы командаларға жігерлі рух беруге тырысты. Көңілді жарыстың әр кезеңі сайын оның көркі балқыған темірдей сондай қыза түсті. Әр команда намысты қолдан бермеу жолында ұжымдық қайрат көрсетті. Нәтижесінде, «Достық» және «Максимумның» жинаған ұпайлары тең түсті де, бірінші орынды өзара бөлісуге тура келді, ал «Сүйкімділер» мәре сызығын бірінші болып кескен қос командадан аз-ақ қалып қойды. Қызылағаш ауылдық округі әкімі Ж.Байтілеуова әр қатысушы командаға диплом және естелік сыйлықтарды салтанатты түрде табыс етті. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |