16:39
Арулар - асыл жандар

ІСКЕРЛІГІМЕН ТАНЫМАЛ АЯУЛЫ ЖАН

Елімізде гендерлік саясаттың игілік жағынан берері телегей-теңіз. Нәзік жаратылысына қарамастан іскерлігімен үлкен ұйымдарға бас-көз болып отырған аяулы жандар аз емес қой арамызда. Сондай тұлғаның бірі әрі бірегейі – «Лебяжі ауданының Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектеп» мемлекеттік мекемесінің директоры Айжан Мейрамқызы Белгібаева.

Кезінде өзі түлеп ұшқан мектебіне қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі болып оралған Айжан Мейрамқызы осы күнге дейін үзбей абыройлы еңбек етуде. Пән мұғалімі ретінде аймақ және аудан көлемінде айтарлықтай танылып үлгерді. Шәкірттері берісі аудандық, арысы облыстық олимпиадалардың жүлдегерлері атанды. Өзі де бір жылдары пән мұғалімдері арасында өткен облыстық олимпиаданың жеңімпазы атанды. 2013 жылы Тараз қаласында өткен халықаралық конференцияға қатысып, тақырыптық баяндама жасап, сертификатқа ие болды. Сонымен бірге аталмыш оқу орнының ғылыми-әдістемелік істері меңгерушісі лауазымдық қызметін де асқан жауапкершілікпен атқарды. Мектеп басшысы болғанына үш жылдай уақыт болып қалды. Көктемнің алғашқы мерекесі – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында іскерлігімен танымал аяулы жанмен аз-кем сұхбаттасудың сәті туды.

Айман Мейрамқызы, өзіңіз басқарып отырған Бесқарағай жалпы орта білі беретін мектебінде соңғы үш жылда қандай игі істер жүзеге асырылды? 

Мемлекеттік мекеме болғаннан соң Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебі, ең алдымен, Елбасы және Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиялық даму бағдарламасының білім беру жағын іс жүзінде жүзеге асыруды басты мақсаттардың бірі санайды. Бұл орайда мектеп ұжымы арасында, оқушы мен тәрбиеленушілер ортасында отансүйгіштік, елжандылық бағытында үгіт-насихаттық іс-шаралар ұдайы өткізіліп тұрады. Мемлекеттік нышандарды құрметтеу, Президент Жолдаударын қолдау, оларды орындауға ат салысу бойынша атқарылған жұмыстар аз емес. Ал соңғы үш жыл мектебіміз үшін жемісті жылдар болды деп айтуға әбден болады. Ең басты жетістік былтырғы оқу жылында болды. Мектеп түлегі Тілектесова Айгерім он бір жыл бойы кілең «бестік» бағасына оқып, Ұлттық бірыңғай тестілеу емтихандарында да барлық пәннен «бестіктер» алып, мектеп тарихында тұңғыш рет «Алтын белгіге» ие болды. Бұл – жалғыз мектеп жетістігі емес, бүкіл ауданымыздың мақтанышы. Бұдан бір жыл бұрын, 2013 жылды айтып отырмын, мектебіміздің 9-сынып оқушылары алғаш рет оқу жетістіктерін сырттай бағалау сынағынан өтіп, сапа жағынан аймақ бойынша алдыңғы қатардан көріне білді. Сол жылы мектеп түлегі Шәріпова Нұрилә Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің биотехнология факультетінен мемлекеттік грант арқылы түскен тұңғыш түлегіміз болды. Араға бір жыл салып «Алтын белгі» иегері Тілектесова Айгерім осы беделді жоғары оқу орнының халықаралық қатынастар факультетіне грант арқылы қабылданды. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде грант арқылы оқып жүрген 2013 жылғы түлегіміз Қазбеков Мағжан, 2014 жылғы түлегіміз Даулетов Ардақ бар. Былтырғы түлегіміз Аманов Ерсін Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында әкім грантымен білім алуда. Айта берсем, жетістіктер аз емес көрінеді.

Павлодар облысының білім саласындағы бақылау Департаменті жақында ғана өткізген Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебін мемлекеттік аттестаттауы хақында не айтар едіңіз?  

Кесте бойынша мектебімізді мемлекеттік аттестаттаудан өткізу Департамент тарапынан 16-20 ақпан аралығын қамтыды. Бір жұмыс аптасы ішінде аттестаттау ережелеріне сай оқу орнының оқу-тәрибе үрдісі, педагогикалық-әдістемелік жақтары комиссия тарапынан егжей-тегжейлі тексерілді. Сонымен қатар ашық сабақтарды, мектептегі әкімшілік басқаруды, ата-аналармен жүргізілетін жұмысты саралай-сараптай бағалаудың критерийлі-дескрипторлы мониторингілеудің пилоттық жобасы осы жолғы аттестаттауда аудан бойынша тұңғыш рет біздің мектепте сынақтан өткізілді. Сексен пайыз мұғалім ашық сабақтар өткізді. 4,9,11-сыныптар оқушыларынан Ұлттық тест орталығы дайындаған сұрақ-кітапшалары арқылы тестілеу түрінде бақылау жұмыстары алынды. Абырой болғанда, оңтайлы бағалар жиынтығын қосқанда талапты деңгейді бағындырып, мемлекеттік аттестаттаудан бірінші кезеңінен-ақ өттік. Бұл да болса педагогикалық ұжымның және оқушы қауымының бірлесе атқарған жұмысының жемісті жеңісі деп бағаланымыз абзал.

Осынау сыннан сүрінбей өтулеріңізбен құттықтаймын. Биылғы оқу жылында ауыз толтырып айтуға тұратындай тағы қандай жетістік бар?

Құттықтауыңызға рақмет, әрине! Ал биылғы жетістіктің шыңы болып 10 сыныпта оқып жүрген Шаймұрат Айбарыстың облыстық ғылыми жобалар жарысында жүлделі екінші орынды жеңіп алғаны табылады. Жас та болса талабымен ұшқыр пән мұғалімі Алмаз Ерболатұлы Оспанов дайындаған Айбарыс ізденіс пен талап арқылы қисыны қиын электронды оқу құралын флеш-технология арқылы дүниеге әкелді. Алғашқы әскери дайындық пәніне арналған бұл жоба болашақта кең түрде қолданысқа түседі деген үмітіміз бар. Жалпы, Шаймұрат Айбарыс дарындылығымен танылған жан-жақты тұлға десе де болады. Амандық болса, келесі оқу жылында «Алтын белгіге» үміткер оқушымыздың бірі болады. Басқа шәкірттеріміз аудандық деңгейде таналып жүр. Дарынды балалармен жұмыс осындай жетістіктермен шың биігінен көрінеді.

 Айжан Мейрамқызы, биылғы ҰБТ-ға, ОЖСБ-ға дайындық қалай жүргізіп жатыр?

Жасыратыны жоқ, мектеп түлектерінің білім жағынан сапасы жыл сайын мықты бола бермейді. Бір жылы жоғарыласа, келесі жылы ондай жоғарылау болмай қалуы да кәдік. Биыл мектебімізде сегіз оқушы он бірінші сыныпта білім алуда. Осы күнге дейін өз шамасын біліп әрі биыл жоғары оқу орнына түсуге ниет білдірмей, өзінің және ата-анасының өтініштері бойынша ҰБТ тапсырудан үш оқушы бас тартып отыр. Демек, дайындық қалған бес оқушымен жалғасуда. Соған қарамастан, қазіргі орташа көрсеткіштер былтырғымен салыстырғанда төмендеу. Дегенмен дайындық жұмыстары ұдайы һәм үзбей жүргізілуде. ОЖСБ-ға да әзірлік шаралары жүйелі түрде жүргізілуде.

 Ауыл мектебін басқарып отырғандықтан, білім мекемесінің материалдық-техникалық базасы жайында аз-кем әңгіме тарқатсаңыз.

 Біздің мектептің құрылғанына елу үшінші жылға айналып отыр. Жарты ғасырдан асса да оқу ғимараты күрделі жөндеуде өткен жоқ десе де болады. Дегенмен жыл сайын жөндеу-жабдықтау жұмыстары уақтылы жүргізіледі. Қазіргі таңда мектеп шатырын жөндеу,  терезе жақтауларын және есіктерді ауыстыру сұранып тұр. Амандық болса, осы жұмыстарға да бөлінетін қаржы жағы қарастырылуда. Мемлекеттік аттестаттау алдында мектеп жиһаздарын, компьютерлік құралдарды жаңартуға аудандық білім бөлімі тарапынан бюджеттік қаржы бөлінді. Дәрісханаларда пәндік стендтер жаңаланды. Бір сөзбен айтқанда, мектеп іші көз тоятындай бір серпіліп қалды.

Баянды болашақтағы бағыттарының қандай?

Басты бағытымыз – мектебіміздің абыройын сапалы білім және саналы тәрбие үйлесімі арқылы асқақтату. Келесі оқу жылында тағы бір «Алтын белгі» иегерін шығару. Мұғалім мәртебесін іскерлік тұрғыдан көтеру.

Алтын уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін үлкен рақмет, Айжан Мейрамқызы! Келе жатқан мейрамыңызбен құттықтаймын!  

Рақмет!      

сұхбаттасқан

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i] 

Бесқарағай  ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

 

[i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, №3741-мүшелік билет

Просмотров: 825 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: