11:52 Алғашқы қоңырау - 2014 | |
СӘЛЕМ САҒАН, МЕКТЕБІМ! Күз мезгілінің келуін паш ететін бірінші қыркүйекте еліміздің мектептер орын тепкен барлық елді мекендерінде күміс қоңыраудың сыңғырымен жаңа оқу жылының маусымы шымылдығы ашылды. Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде осынау маңызды салтанатты сапжиын «Сәлем саған, мектебім!» деген тақырыппен ұйымдасқан түрде жүзеге асырылды. Құттықтау рәсімінде өз алдына сөз алған ауданнан келген өкіл, «Нұр Отан» партиясы Лебяжі аудандық филилалы төрайымының орынбасары С.Мусина қашанғы қызыл тілді шешендіктің үлгісін таныта отыра әрі еліміздің дамуына айырықша кепіл болып отырған жетекші саяси-қоғамдық күш «Нұр Отан» партиясының көшбасшылық ұстанымын мемлекеттік тұрғыдан екшей келе бесқарағайлықтар мен келген қонақтарды жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтады. Сонымен бірге Светлана Рақымтайқызы ҰБТ қорытындысы бойынша «Алтын белгіге» қол жеткізген биылғы мектеп түлегі Әйгерім Тілектесованың жолын үлгі тұтуға шақырды. Ауыл әкімі Ж.Байтілеуова да ауыл тұрғындарының мектеп жасындағы балаларына шымылдығы ашылғалы тұрған жаңа оқу жылында толағай табыстар тіледі. Ал мектеп директоры А.Белгібаева қысқаша баяндамасында мемлекеттік білім гранттарына ие болып, Астанадағы Л.Гумилев атындағы Ұлттық Еуразиялық университетінің халықаралық қатынастар факультетінің аймақтану мамандығы студенті атанған Әйгерім Тілектесованы, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің мұнай-газ ісі факультетінің студенті атанған Ардақ Дәулетовті, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетінің студенті атанған Ерсін Амановты және басқа да мектеп түлектерін мақтанышпен атап өтті. Сол сияқты Айжан Мейрамқызы өз сөзінде жұртшылыққа ҰБТ нәтижелері бойынша үшінші орынға ие болып, аудан әкімінің бағалы сыйлығын куәландыратын жарқ-жұрқ еткен сертификатты да жоғары көтере көрсетті, жаз ішінде аймақтық, аудандық лагерьлерде сауығып дем алған оқушылар, «Мектепке жол» акциясының жай-жапсары турасында мәліметтік ақпарат берді. Оқу ордасының кәсіподақ ұйымы төрағасы Ш.Берден ұжымның педагогтар қатарына қосылған жас мамандар информатика және математика пәндері мұғалімі Жаңанұр Шаймұратқызын және мектепалды даярлық тобы тәрбиешісі Эльвира Сағынаеваны мейірімділік таныта әрі құшақ жая қабылдап, хош аңқыған гүл шоғы мен естелік сыйлықтарды табыстады. Ауыл халқының санының бой бермей азаюы салдарынан биылғы оқу жылында бірінші сыныпқа баратын оқушылар табылмады. Есесіне мектепалды даярлық тобына келген он бүлдіршін табылып отыр. Сахна төріне шыққан аталмыш тәрбиешілер жас тәрбиеші Эльвира Шаймарданқызы дайындап берген өлең шумақтарын жатқа айтып, балдай тәтті тілдерімен көрермендерді серпілтіп тастады. Асылболат есімді жалғыз немересін мектепалды даярлық тобына кіргізіп отырған сексеннің бел ортасына келіп отырған, көпті көрген кейуана Бизат Жүнісова тәттіден шашу шашып, өз жүрекжарды тілегін Күн нұрындай шашты. Ал, амандық болса, оқу жылы соңында қырық тоғызыншы мектеп түлектері атанатын он бірінші сынып оқушылары өз алдына жаңа оқу жылына тілектестіктерін өлең шумақтарымен және кішкентай бүлдіршіндерге оқу құралдарын сыйға тартумен білдірді. Жаңа оқу жылының басталуын жария еткен күміс қоңыраудың сыңғырын соғу рәсімі он бірінші сынып оқушысы Нұргүл Жоламановаға және мектепалды даярлық тобы тәрбиешісі Қуанышев Бақтиярға жүктелді. Мереке «Қазақстан – 2050» атты бейбітшілік сабақтарымен жалғасын тапты. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i] Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы [i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, №3741-мүшелік билет | |
|
Всего комментариев: 0 | |