10:04 Акция аясында | |
БІЗ БАҚЫТТЫ БАЛАЛЫҚ ШАҚ ҮШІН Осыдан он төрт жыл бұрын, 2002 жылы, Xалықаралық Еңбек Ұйымы тұңғыш рет Дүниежүзілік балалар еңбегіне қарсы күрес күнін бекітті. Жыл сайын маусым айының алғашқы жартысында әлемдік қауымдастықтың назары дүние жүзінде бәз біреудің қанауымен һәм күштеуімен еңбек ететін балаларға ауады. Бұл күн дүние жүзінде балалар еңбегіне қарсы күрес бойынша жаһандық қозғалысты қолдайтын миллиондаған адамдарды бір ту астына біріктіреді. Жылдан жылға Дүниежүзілік күн балалар еңбегін қанаудың тез шешімін табуға тиісті ең күрделі мәселелеріне екпін түсіруге арналады. Науқан балалар еңбегінің ауыр түрлерімен күрес және оның мейілінше жойылуы бойынша үкімет, азаматтық қоғам мен әлеуметтік серіктестердің, БАҚ пен барлық мүдделі тараптардың күшін біріктіруге мүмкіндік береді. Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде бұл науқан 1 маусым – Xалықаралық балаларды қорғау күні басталып, 12 маусым – Дүниежүзілік балалар еңбегіне қарсы күрес күні аяқталады. Осы он екі күн аралығында білім ордасында балалар еңбегі мәселесіне арналған іс-шаралар өткізілді. Науқанның басты мақсаты осы мәселенің алдын алу мен шешуде қоғамды мобилдендіру мен ақпараттандыру болып табылды. Он екі күндік барысында мектепте балалар еңбегін қанауды жою және онымен күрес туралы нормативтік-құқықтық, әдістемелік әдебиет көрмесі ұйымдастырылды. Балалардың қатысуымен «Балаларды қанау тоқтатылсын!» атты тақырып бойынша флеш-моб, пікірталас түріндегі дөңгелек үстелдер, қоғамдық-пайдалы сергіту алаңдары өткізілді. «Біз балалар еңбегін қанауға қарсымыз» делінген балалардың шығармашылығын ұштайтын суреттер көрмесі, еркін шығармалар жазу, коллаждар салу ұйымдастырылды. Сонымен бірге мектеп директорының тәрбие істері бойынша орынбасары Б.Мазанова, мектеп медбикесі А.Жанпеисова 9-11 сынып оқушыларына адамдарды сатып-саудалау, балаларды жыныстық қатынастарға итермелеу, балалар еңбегін қанау төңірегінде профилактикалық түсіндіру әңгіме жүргізді. Оқушылар тарапынан қойылған көкейтесті сұрақтарға мардымды жауап берді. Тарих мұғалімі А.Оспанов жоғары сынып оқушыларымен балалар еңбегінің ең сорақы түрлері мәселелері жайында дөңгелек үстелді жүзеге асырды. Оған да мектеп жанындағы лагердің жауапты қызметкерлері белсенділік таныта қатысты. Науқанның соңғы күнінде 9-11 сынып оқушыларынан жиыны он сұрақты қамтыған «Сен өзіңнің құқықтарыңды білесің бе?» атты сауалнама алынды. Оның нәтижесі балалардың өз құқықтарын жоғары деңгейде білетіндігін айқындады. Сайып келгенде, аталмыш он екі күндік науқан тәрбиелік жағынан сондай құнды да пайдалы болып шықты. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |