22:22 Адал ас хақында | |
ХАЛАЛ мен ХАРАМҒА ҚАТЫСТЫ КЕЙБІР ПРИНЦИПТЕР Зәрулік харамды мубах етеді Жассас былай дейді: «Зәрулік жеуді тәрк етуі себепті нәпсіге немесе кейбір ағзаларға қандай да бір зиян тию қорқынышы». Зәркашидің берген мына анықтамасы да осыған жақын: «Зәрулік дегеніміз – кісінің егер тыйым салынған нәрсені алмаса өміріне қауіп төетін немесе қауіпке алып баратын жағдайда болуы. Егер тамаққа және киімге мәжбүр болған әлдекім секілді. Яғни ол адам аш қалса, не жалаңаш қалса, өміріне қатер төнеді немесе қандай да бір ағзасына зиян келеді». Ал Журжани зәрулік сөзіне былай қысқаша анықтама береді: «Зәрулік – кісінің қауіпке басып тігуге мәжбүр болуы». Әли Хайдардың берген анықтамасы: «Зәрулік – кісінің тыйым салынған нәрсені алмаған жағдайда қауіпке тірелуі». Уахба Зухайли берген мына анықтама әлдеқайда кеңірек: «Зәрулік – адамның нәпсісіне, ағзасына, абыройына, ақылына, дүние-мүлкіне және басқа да құндылықтарына зиян келуінен қорқып қиындыққа бетпе-бет келуі». Зәрулік сөзіне Жәмил Мухаммад та анықтама берген: «Зәрулік – қандай да бір үлкен қауіп пен қатерді тоқтататын бір іс-әрекет жасамаған жағдайда адамның жанына қауіп келу қаупі». Алғашқы кезеңдегі факиһтар мен усул ғалымдарының зәрулік сөзіне қатысты берген анықтамаларының көбі аштық пен шөл себепті адам өміріне қауіп төну төңірегінде. Яғни, зәрулік жағдайына түскен кісінің нені жеуіне, нені ішуіне болатындығы қарастырылады. Мұндай жағдайда қандай харам астар мубах үкіміне өтеді деген мәселе көтеріледі. Мұның себебі зәрулікке қатысты аяттардың болуы. Алайда өмірге төнген қауіптің алдын алу үшін харам асты пайдалану – зәруліктің бір ғана қыры. Уахба Зухайлидің берген анықтамасынан көргеніміздей, адам өміріне төнген бір қауіптің қатарына дүние-мүлікке, ақылға немесе ар-намысқа келетін зияндар да белгілі бір шарттар арқылы зәруліктің ішіне кіреді. Әсіресе, зәрулік аштық, шөлдеу және науқастық өздігінен пайда болатыны секілді өзгенің ықпал етуімен де пайда болуы мүмкін. Ислам құқығының кез келген тармағында айтарлықтай орны бар, кейбір харам нәрселерді мубах ететін, ал кейде уәжіп істерді тәрк етуді жайыз ететін зәрулік жағдайы – кісіні өміріне қауіп төнетіндей дәрежеде аштыққа не шөлге душар болған жағдайда харам етілген асты халалға айналдырады. Негізінде, харам етілген асты жеу – өте зиянды әрекет. Алайда адам өмірінің немесе оның бір ағзасының қатерге тігілуі одан да үлкен зиянды нәрсе болғандықтан, екі зиянның жеңілін таңдау мәселесі қолға алынады. Тіпті жумһур ғұламалар аштыққа ұшыраған кісінің өлексе, доңыз еті секілді харам нәрсені жеуі немесе тамағына кептеліп қалған бір нәрсені ары қарай итеріп жіберу үшін (басқа сұйық таппаған жағдайда) арақты ішуі – парыз екендігін айтқан. Ал бұлай жасамаған адамның өмірі қиылатын болса, ол адам Алла алдында жауап беретіндігін ескерткен. Өйткені мұндай жағдайда адам өзін-өзі қауіпке итермелеген секілді болады. Бұл да Құран аятына сүйеніп айтылған мәселе. (Бақара,173) Құран кәрімде төрт түрлі аятта харам етілген асты тізе келе зәру жағдайда оны жеудің мубах екендігі анық айтылған. (Бақара,173; Мәида,3; Әнғам,145; Нахыл,115) Мәселен, «Бақара» сүресінде Алла тағала өлексе, қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен сойылған малдың етінің харам екендігін баяндағаннан кейін былай дейді: «Ал кімде-кім (басына аштан өлу қаупі төнгендіктен) осы аталғандарды жеуге мәжбүр болса, өзгенің ақысын жемеу және зәрулік (яғни жүрек жалғарлық) мөлшерден асырмау шартымен жесе, күнә арқаламайды. Шүбәсіз, Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді» (Бақара,173). «Мәида» сүресінде де харам етілген асты айта келе былай дейді: «Кімде-кім күнәға әуестігінен емес, қатты ашыққаннан (харам етілген нәрселерді) жеуге мәжбүр болса, шүбәсіз, Алла өте кешірімді, (әсіресе мүмін құлдарына) ерекше мейірімді» (Мәида,3). Осы аяттарды негізге алған факиһтар бұл мәселеде мынадай қағида шығарған: «Зәруліктер – харамды мубах етеді». Жоғарыдағы аяттарда харам нәрсені қолдануда күнә болмас үшін шарттарын қоя арқылы харамды пайдалануға белгілі бір шек қояды. Сондықтан харамды жеуге мәжбүр болған кісі өзгенің ақысына кірмейді, күнәға әуестеніп ләззат алуды көздемейді және тойып жемейді. Тек зәруліктен арылып, өмірін сақтап қалу мөлшерінде жейді. Аяттардағы осы шарттарды негізге алған факиһтар зәрулікке қатысты мынадай фиқһи қағида қалыптастырады: «Зәрулік өз мөлшерінде орындалады». Бұл жерден түсінетініміз зәрулік жағдайына түскен адам зәрулік шегінен аспастан харамнан пайдаланады. Харамды қолданудағы мақсат зәрулікті жоғалту болғандықтан, зәрулік кеткен мезетте харамды пайдалану дұрыс болмайды. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
