22:37 Адал ас хақында | |
МӘКРУҺ Қандай да бір іс-әрекеттің мәкруһ екендігі мына жолдар арқылы анықталады: 1. Қандай да бір іске тыйым салынып, алайда харам мағынасына келмейтіндей өолданылса. Ардақты Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: «Алла тағала сендерге аналарға қарсы шығуды, қыз балаларды тірідей көмуді, (өтеуге тиіс болған құқықтар мен қарыздарды) өтеулеріңді, (өздеріңе тиесілі емес) мүлікті алуларыңды харам етті. Өсек-аяңды (жөнсіз) көп сұрақ қоюды және дүние-мүлікті есепсіз шашып (ысырап етуді) құптамайды». 2. Қандай да бір істің жасалмау керектігін білдіретін сөз келіп, ал оның жасалуы мәкруһ екендігін меңзейтін дәлел табылса. Мәселен, «Уа, иман еткендер! Жұма күні азан айтылып намазға шақырылғанда, дереу (құтба тыңдап, намаз оқу арқылы) Алланы зікір етуге асығыңдар, шаруаларың мен сауда-саттықты доғара тұрыңдар» («Жұма» сүресі, 9-аят) аятындағы «сауда-саттықты доғара тұрыңдар» сөзі бұйрық райында келгендіктен, жұма намазының уақытында сауда жасау харам болу керек. Алайда сауда-саттықтың өзі негізінде мубах іске жататындықтан, бұл тыйымның себебі басқа нәрседе болып тұр. Ол Алла тағаланың жұма намазы үшін белгілеген уақыттың басқа нәрсеге жұмсалуы. Міне, сол себепті жұма намазының уақытында сауда-саттық жасау харам емес, мәкруһ болып есептеледі. 3. Қандай да бір іске тікелей тыйым салынбаса да оны жасамауға үндейтін сөз келсе. Мәселен, Алла елшісі (с.а.с.) бір хадисінде: «Некенің жақсысы – мәһірі аз болғаны» деген. Хадисте пайғамбарымыз мәһірдің аз болуын өсиет етіп отыр. Демек, мәһірдің бағасын тым көтеріп жіберудің мәкруһ екендігі өздігінен түсінікті болады. Шатиби мәкруһтардың (танзиһан) мәкруһ болып қалуы үшін оны не хараммен, не мубахпен теңестірмеу керектігін айтады. Себебі оның айтуынша, мәкруһтар харамдар дәежесіне шығарылатын болса, уақыт өте келе адамдар оны харам екен деп ойлап, сене бастайды. Сөйтіп, істің ақиқатына жете алмай мәкруһ іске кесімді дәлелмен тыйым салынған харам деген оймен қарауы мүмкін. Ал негізінде қандай да бір істің атқарылуы немесе тәрк етілуі пенделердің тар ақылымен емес, діннің өлшемдерімен іске асады. Сондықтан шариғат бір мәселеге қаншалықты маңыз берсе, мүмін адам да оған соншалықты жауапкершілікпен қарауы тиіс. Мәкруһ жайлы Шатибидің назар аудартқан тағы бір мәселесі бар. ол мәкруһты мүлдем тастамай жасап жүрген адамның уақыт өте келе харам істерге аяқ басу қаупінің бар екендігі. Өйткені мәкруһ харамға бастар алғашқы қадам болып есептеледі. Яғни мәкруһты жасаған кісіге харамды жасау оңай бола түседі. Шатиби адам психологиясының мына бір ерекшелігін ескерген: адамның қайсыбір бұйрыққа мойынсұнбауы уақыт өте келе оны одан да маңызды бұйрықтарды елемеуіне себеп болады. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
