11:12
Абайтануға айқындама

МӘҢГІЛІК АБАЙ

Бұл фәни өмірде бәрі өткінші, мәңгілік ештеңе де жоқ. Ет пен сүйектен жаралған пенденің ажалсызы кәне. «Өзекті жанға бір өлім» дейді халқымыз. Мәңгілік деген үміт шоғы әсте о дүниеге, рух әлеміне ғана қатысты. Санаткер Абай рух әлемінің білгірі, халықтың уақыт сынынан өткен рухани көсемі. Міне, «мәңгілік Абай» тіркесі осы мағынаға саяды.

«Адам рухы мәңгі ме, әлде мәңгі емес пе?» деген әлемдік сұрақтың шешіміне Абай күшті өлеңін жазады:

Табиғат өлсе өлер, адам өлмес,

Бірақ ол қайтып келіп, онйап-күлмес.

«Мені» мен «менікінің» айырылғанын,

«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес. (1895 ж.)

Адам өзі өлсе де, сөзі өлмес, кейінгі ұрпаққа сөзі, айтқан ойы қалады. Ойшылдың «адам өлмес» деуінің мәнісі осы. Әрине, «өлмейтұғын артқыға сөз қалдыру» көбіне ұлылардың сыбағасы. Әл-Фараби бабамыз: «Наданның емес, адал ниетті, шапағатты адамның жаны өлмейді» депті. Бұл шындықты Шәкерім:

Мен кетермін, сөз қалар,

Ақ қағазға басылып, -

деумімен құптай түседі.

Ағылшындар Шекспир, грузиндер Руставели, немістер Гете, француздар Бальзак, орыстар Толстойды айта отырып, бәлкім, оған теңдес тағы бір дарын иесі туар демейді. Бізге де «қазақта әлі талай Абай болар», «әр ғасырдың өз Абайы бар» деп аңдамай сөйлеуден арылу қажет-ау. Өйткені, Абай қайталанбайды, оның тумағы «ғайыптан» (Көкбай) болған Тәңірінің ісі.

Анығы, қай данышпан хакім болмасын шыққан ең ақтық шыңына қарап бағасын алады. Хакім Абайдың шыңы – әулиелік. Онан биікте ештеңе де жоқ. Оған басты ғылыми дәлел – Абайдың төл трактаты (38-қарасөз).

Мемлекет тек ұлан-байтақ жері, кен байлығы, экономикасы қарқынды дамуымен «Мәңгілік Ел» бола алмайды. Алдымен рухыңды өсір, тіліңді түзе. Абайша сүйіп, Абайша күйіп өмір сүруді үйрен.

Абай рухының құдіреті – есімі жұмыр жер бетін жаулап ала бастады. Пекин, Мәскеу, Ташкент, Стамбол, Дели, Карачи, Киев, Тегеран, Будапешт сияқты ірі қалалардың көшелеріне Абайдың есімі беріліп, ескерткіші бой көтерді. Мұндай құрмет-ғиззат жаңағы Шекспир, Гете, Пушкин, Бальзактардың түсіне де кірмеген шығар. Егер Абай жаңалықтары (якини иман, Құдай жолы, толық адам, үш сүю және т.б. ілім-танымдары) тұтас, толымды жеткізілсе, күллі әлем халықтары қазақ данасын басына құрары әлі-ақ.

Қорытынды түйін: егер мәңгілік ел боламыз десек, жаһандану айдынына шыққан «Қазақстан» атты кемеге рухани «компас» ұлы Абай екенін ұмытпайық, ағайын. Өзге халықтарға қазақты таныту һәм ғаламдық білім-ғылым кеңістігіне ену үдерісінде әлем ойының алыбы Абайды, оның тағылымын алып кіру қазаққа қарызды міндет.  

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 79 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: