22:58
Абайтануға айқындама

ҰЛЫ ТҰЛҒАНЫҢ ҚАЗАСЫ

Абайдың дүниеден көшкенін ұлы Мұхаң қаламы былайша естіртеді: «Ұлы кеуденің ыстық демі тоқталды. Шөл даланы жарып аққан дариядай, игілік өмір үзілді. Сонау бір шақта тасты тақыр, жалтыр биік басына жалғыз шыққан зәулім алып шынар құлады. Өмірден Абай өтті». Осынау тебіреністі сөздерде «Өмірден қайта тумас әулие адам өтті» деген астар бар сияқтанады.

Кеңестік дәуірде Абай жұртшылыққа қасіреттік тұлға ретінде танылды. Себебі ойшыл ақын қазақ тарихының ауыр кезеңінде өмір сүрді және туған халқын тарихи тығырықтан алып шығу – шығармашылығының өзегін құрады. Бұл растық. Алайда Абайды бақытсыз я қасіреттік тұлға деуге асықпалық.

Өйткені кез келген әулие Тәңіріге ғашық, оның жаны о дүниеге жетуге асығады. Иесімен қауышуды тілейді. Абай да өлімнің көзіне тура қарап, қорықпаған. «Өлді деуге сия ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», - деп, төрелігін өз шешкендей данышпан өлімді жеңгенін жақсы білген. Бұдан да маңыздысы, Абай артқа алаң болмай өлуге керекті миссиясын толықтай атқарды. Сол себепті жалғанмен қиналмай қоштасты. «Тегінде ойлаймын, бұ да жақсы, өлер кезде «әттеген-ай, сондай-сондай қызықтарым қалды-ау!» деп қайғылы болмай, алдыңғы тілеу болмаса, артқа алаң болмай өлуге» (9-сөз). Ойшылдың осы айтқаны өлер кезде «әттеген-ай» дегізетін ештеңе қалмады деуіміздің үлкен дәлелі емес пе.

«Абай өз халқының, ұлт мәдениетінің алдағы уақытта еркін гүлденіп, дами беруіне берік негіз қалады, оның болашағына тура жол салып берді», - дейді Мұхтар Әуезов. «Халқының болашағына салып берді». кәне, бұдан артық бақытты тағдырдың болуы мүмкін бе? Әрине, жоқ.

Тағы бір жәйт, «алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім» деп өзі айтқандай, Абайдың өмірі тығыз өткені соншалықты, ол жай өмірдің үшеуін орап алуға жеткілікті. Ұлы ақын өзін 60 емес, 180 жас жасаған қариядай сезінді. Яғни өмірден «қажыдым, жалықтым», «кәрілік те тұр тақау» деген сөздерді шын көңілімен айтқаны даусыз.

Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек? (1902 ж.), -

деп өзі айтқандай, заманды өзі сүйреген әрі билеген бір қазақ бар десек, оның аты – Абай болары сөзсіз.

Сөйтіп, қай жағынан алсақ та, Абай қасіреттік тұлға бола алмайды. Неге десеңіз, ол күллі қазақ халқының ой-санасын, ақыл, сезімін жаңа биікке көтерді. Абай – мәңгі символ. Абай – қазақтың бір аты. Оған дәлел – әулие Абай Мұхаң сомдаған жарқын бейнесімен де, өзінің асыл мұрасымен де халқымен бірге жасасып келеді.

Абайдың сүйегін өз қыстауы Ақшоқыдағы үлкен зиратқа апарып қоймақшы болған. Бірақ Шыңғыс асуынан асқанда Кішкене Молда елді тоқтатып: «Бұл сүйекті Ақшоқыға апаруға шыдайтын емес, күн ыстық. Сондықтан таяу жердің біріне жерлеу керек» депті. Осымен жүз қаралы ерген жұрт Жидебайдағы Оспан зиратына қою керек деген шешімге келеді. Түнделетіп, жүріп отырып, қаралы көш таң ата Жидебайға жетеді. Осында ұлы тұлғаның жаназасы шығарылып, түске таман жерлеу рәсімі өтеді.

Үлкені Шәкерім боп, Ақылбай, Кәкітай, Тұрағұлдар бастатқан ет жақын туғандары Абайдың қырқын Семейде, кейіннен Абайдың музейі болған Бекбай деген Мағауияның досының үйінде өткізеді. «Ертістің екі жағындағы 12 мешіттің хазіретін, халфесін жиып, қатым-құран шығартты, - дейді Әрхам өз естелігінде. – Сол күні жұрт тарап қайтқан түнде Ақылбай ауырмай-сырқамай кенеттен қайтыс болды. ...Абайдың төрт ауылы  жетім-жесір болып қалды».

Ұлы Абай қаймана қазақтың рухани әкесі еді. Әулие тұлғаның өлімі де символ. Ширек ғасыр өткенде күллі Ырғызбай руының шаңырағы шайқалды. Абайдың қазасы көшпелі халықтың түңлігін ұшыра соғатын қара дауылдың, төнген қара бұлттың алғашқы нышаны сияқтанды. Абай рухы... Хүкім шариғат: «ахиреттік өмір үшін сауапты істерді көп істеген адамға жәннаттың есігі ашық» деген. Әлемдік бәйгеде ойқастап озған, екі дүние үшін де сауапты істерді көп істеген кемел тұлға ұлы Абайдай-ақ болар. Ендеше әулие-хакімнің рухы бтікте, жаны жәннатта екені шәк келтірмесе керек.

Қазіргі таңда Жидебайдағы Абай-Шәкерім кесенесі мұхитта жүзген кеме сияқты алыстан қол бұлғап тұрады. Ол 1995 жылдың 10-11 тамызында ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде аталған дүбірлі күндерде ашылған болатын.сол күндері 1200 үй тігіліп, 20 мың адам қатысқан салтанатты көзімен көрген ЮНЕСКО-ның бас директоры Федерико Майор таң-тамаша қалған-ды. Және ол: «Бүгінгі күннің тұрғысынан қарағанда Абай қазақ халқының ғана ақыны емес, әлдеқайда кең ауқымда қабылданады. Ол – көркем ойдың әлемдік тұрғыдағы құдіреті», - деп, әділ бағасын берген болатын.

Сөз соңы, «Меккеге жол шеккен мұсылманда Қағбаға тәуеп етуден басқа қандай мұрат бар – Абайды қадір тұтқан қазақта Жидебай топырағын басудан бөтен қандай тілек болуы мүмкін». Қазақтың классик жазушысы Мұхтар Мағауин осылай деген екен. Ләйім, Жидебайға ағылған жұртшылық легі мәңгі толастамасын! Абай мұрасы жан сарайымызды жаңғыртып, жадырата бергей!

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 12 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: