00:27
Абайтануға айқындама

АҚТЫҚ КҮНДЕРДЕ

1904 жылыб олыстық қызмет тізгіні Шәкерімде еді. Содан да болар, туыстарын соңғы сапарға жөнелту науқанын өзі басқарған. Абайдың қазасы қарсаңында болған жайлы куәгердің өз аузынан естиік. «Ағам Шәкенің өлімі үстіне мен өте жақсы көретін Мағаш 1904 жылы қайтыс болып, Абайдың да, менің де сорым қайнап қалды», - деп бастайды Шәкерім баласы Ахатқа шерткен әңгімесін. – Біз Мағаштың жетісіне дайындалып жаттық. Ауылдың қасындағы дөң басында Абайды күтіп, елдің қадірлі көп адамдары отырып қалды. Мен Абайға келіп: «Сіз «өзінің айтқанын істеген – анық адам және қайғыға қайғыра біліп, оны тоқтата алар қайраты да болуы керек», - деп, бізге үйретіп, соны істемегеніңіз қалай?» - дегенімде, «Е, мен не деп едім?» - деді. Мен «Сіз:

Көзіме жас бер, жылайын,

Шыдам бер, қайрат қылайын.

Жаралы болған жүрекке

Дауа бер, жамап, сынайын, -

деген жоқсыз ба?» - дегенімде: «Мен әлсірейін деген екенмін ғой. Киіндір, тысқа шығар», - деді. Мен шапанын, бөркін кигізіп, қолтықтап көптің ортасына әкеп отырғыздым. Абай көппен амандасып болған соң, тез бойын жинап: «мағаш тек менің ғана балам емес екен, көптің, сіздердің де балаларыңыз екен! Мен сіздерді ойламаған екенмін, ғафу етіңіздер!» - деп, сөзге араласып кетті».

Шәкәрім Мағаштың қырқы өткенше Абайдың қасында болған. Мағауия білімді, әділ, сондықтан халқынан көп мақтау мен алғыс алған абыройлы азамат. Абыройлы болуына өзі сүйіп қосылған кіші жары мөржан үлес қосады: «Мөржан келген соң Мағауияның үйіне, ауылына өзгеше көрік кірді, - дейді Әрхам. – Ердің атын қатын шығарады деген емес пе. Жат та, жақын да Мағауияға үйіріле бастады. Бұрын Абайды босатпайтын көрші елдің адамдары енді Мағауияға ауысты».

Көкірек ауруына шалдыққан Мағауия 1904 жылдың мамыр айында 34 жасында дүние салды. Абай Жондағы жайлауда Мағауияның қырқын берген соң, үш күн ешкіммен тілдеспей, жатпай отырып, ескіше 23 июнь күні 59 жасындп дүниеден қайтты дейді ол кезде он тоғыз жастағы Әрхам Ысқақов.

Мағаштың өлімінен соң Абай көпке түсініксіздеу дертті халде болған. Бейсехан Сағындықұлы деген ақсақал Байқошқар жайлауында отырған Абай ауылына Өзбехан деген ел ағасына атқосшы жігіт болып еріп барады. «Абай ағаның үйіне бардық, - дейді ақсақал. – Сәлем беріп отырғаннан кейін Өзбехан көңіл айтты. Абай аға төсек үстінде жатыр екен, басын көтеріп, жастыққа шынтақтап отырып «әмин» деді. Өзбехан. «әбе, қалыңыз қалай?» дегенде, Абай: «Басым ауырып, тынысым тарыла береді», - деді. Біраз отырғаннан кейін қайта жолға шықтық».

Ұлы ақынға өлімінен екі күн бұрын амандаса келген адамның естелігін келтіруіміз тегін емес. абайдың дерті – жоғары қан қысымы (гипертония) деп болжамдаймыз. Соңғы бір жыл бойына Абайдың онсыз да жаралы жүрегін әлсіретіп, бойын көтертпей қинаған осы кесел. Өкінішке қарай, сол заманғы сахара тұрғындары арасында тым сирек кездесетін бұл дерттің емі беймәлім еді. Дүниеден көшер күні жайында: «Сол күні кешке Абай ауырып шықты, - деп жазады Әрхам. – Төсектің үстінде басын көтеріп отырып алды. Тамақ ішпеді не жатып ұйықтамады. Өзі сөйлемеді, бірақ жағдайын сұраса басын шайқады. Мұндай ауруды бұрын көрмеген ел аң-таң болды, не шара істерін білмеді».

«Өлерден бұрын – өлу» деген осы-ау, тегі. «Қырық жамау» ақырын ғана соғатын ауру жүректің де жайы мәлім. Бұған дейін келтірілген «Күнәйім көп илаһи» деп басталатын соңғы өлеңі кемел ойшылдың ақырғы көңіл-күйінің айнасы десек, қате айтқандық бола қоймас.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 19 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: