00:16 Абайтануға айқындама | |
СОҢҒЫ ӨЛЕҢДЕРІ Шәкерімнің «Абай марқұм өткен соң өзіме айтқан жырларым» атты өлеңдер циклі (бұл жырлар шын мәнінде жоқтау болып табылады). Қатып қалған желіннен Қаймағы бар бал шықты. Қайғылы біздің көңілден Қайғырған сайын қан шықты, - деп, төпелеген сай-сүйекті сырқыратар жоқтау, әрине, ағасы Абайды шын ұстаз тұтқан жүректен шыққан. Хазіреті Шәкерім 1905 жылы жайлау төсінде Абайдың жылдық асын өткізіп, күзде Мекке сапарына аттанған. Елге оралған бетінде-ақ, Ресей кадет партиясының мүшесі, келешек алаш көсемі Әлихан бөкейхановтың қасынан табылып, саяси істерге бас қойсын. Абайдың орын басқан ағаға Кәкітай, Тұрағұл ілескен болатын. Кәкітайдың мезгілсіз қазасына орай, 1915 жылы 18 қаңтарда «Қазақ» газетінде басылған «Қош, қарағым»» мақаласында: «Мен 1908 жылы абақтыда жатқанымда келіп, амандасқан да осылар (Шәкерім, Кәкітай, Тұрағұл) болды. «Бұған өзге қазақ жарамады-ау, - деп налыдым», - дейді Әлекең. Айтса айтқандай, қыр қазақтары ішінен 1917 жылғы ақпан төңкерісін бөркін аспанға ата қарсы алып, тұңғыш қазақ автономиясы – алашорда үкіметін құруға бір кісідей атсалысқандар тағы да – Шәкерім, Тұрағұл. Яки «үйінде бос бұлдап» жатпады, жанып кетердей болып қан майданда жүрді. Мұны, үш туыстың Әлекеңе еруге жараған азаматтық ерлігін, ұлы Абайдың «Қатерге тіккен бас артық» деген өсетімен бір байланыста қарастырған дұрыстық деп білеміз. Сөйтіп, бұған дейін қарастырылған екі афоризмнің сарыны, рухы бір. Ол – отарлық бұғауға қарсылық. Екеуінің де жазылу уақыты – 1904 жылдың бірінші жарымы деп топшылаймыз. Енді Абайдың тағы екі өлеңіне көңіл бөлейік. 2014 жылы «Абайдың соңғы өлеңі» деген тақырыппен баспасөз бетінде мынадай өлең жолдары жария етілді: Күнәйім көп илаһи, Кешіре гөр мұнымды. Барар басқа жерім жоқ, Ұсындым Хаққа мойнымды. Ата-анам едің қара жер, Аша гөр енді қойныңды. Шүбәсіз, бұл алты жол Абайдың бақиға өтер шақта шығарған өлеңі. Ешбір жинаққа енбеген тың туынды. Оны Серік Жақсыбаев деген азамат 1978 жылы Жидебайдағы Абай музейінің шырақшысы Ниязбек ақсақал – Абайдың аталас туысы, жалған сөзге жаны қас, шыншыл адам болған. Демек, өлең Абайдікі. Өлең керемет! Хаққа мойынсұнған, сол себепті өлімді тосып алған әулие кісінің көкірек түкпіріндегі соңғы тілегі. Балалық шағында сопылық ілімнің уызын ішкен жарықтық сол әулиелік жіптен айырылмай өміріне соңғы нүктені қояды. Қай жағынан келсек те, өлеңді мойындамауға ешбір себеп жоқ. Өз тарапымыздан қосып айтарымыз, жаңадан табылған өлеңнің «Күнәйім көп Илаһи» деген бірінші жолы «күнәм көп Илаһи» деп ұққан жөн. Неге десеңіз, қазақта «мүттәйім» деген (арабтың «мүттәһим» сөзінің өзгерген түрі) «үрейлі», «сезікті» және «зұлым» деген мәндерді жеткізген сөз бар (үлкен кісілер үрей, қорқыныш сезімін тудыратын жерді бертінге дейін «мүттәйім жер» десетін). Сол сияқты «күнәйім» парсының «күнәһар» (күнәлі болу) сөзінің қазақыланған түрі. Бірақ әулие Абай оны «күнә» мәнінде емес, жаңа айтылғандай, «бойымдағы мін, кемшін» деген мағынада қолданып отыр. Осымен, ақынның «Ойға түстім, толғандым, Өз мінімді қолға алдым» деп басталатын 8 шумақ өлеңіне келейік. Бұл да шамасы 1904 жылдың қысында дүниеге келген туынды. Өйткені, алдыңғы өлеңменен ой жүйесі ортақ, стилі бір – дана адамның тазарған рухын, ахиретке даярлық кейпін байқатады. Сонымен, шығыс поэзиясының алыбы Омар Хайямның пәлсапалық төртжолдық жырларын (рубаи) еске салатын Абайдың қос шумағын және «Ойға түстім, толғандым», «Күнәйім көп Илаһи» деген екі өлеңін тілге тиек еттік. Жиыны – төрт туынды. Қорытынды түйін: тасада қалып келген Абайдың соңғы өлеңдері ақыр аманаты әрі көңіл-күйінің айнасы. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |