09:51 Абайтануға айқындама | |
«ТАСДИҚ» КІТАБЫ Абайдың ең көлемді проза еңбегі – 38-қарасөз түсінуге аса ауыр, қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған күрделі туынды. Абайдың көзі тірісінде еңбекті қысқаша «Тасдиқ» деген, толық атауы – «Ғақлиат-тасдиқат». Ол күллі философиялық танымдары жинақталған квинтэссенциялық туынды. Осы шығармасымен Абай жаһандық санаға ортақ олжа салды. Яғни ол Абайды хакім деуге, бүкіл адамзаттың ұстазы деуге негіз болады. Абай ауылына келіп, апталап жатып, көп өнеге алған ақынның бірі – Баймағамбет Айтқожаұлы (1870-1932) былай депті: «Абайдың бір мінезі: өзі бір нәрсеге бет қойып кіріспеуші еді. Егер кіріссе, ол нәрсенің үлкен-кішісіне, жақсы-жаманына қарамай, соны іске жаратуға құмар еді». Айтса айтқандай, күрделі еңбекке Абай бет қойып кірісіп, бар күшін сарқа жұмсайды. Қайталап айтайық, «Ғақлиат-тасдиқат» - тұрпаты бөлек, әлемдік теология мен философияның ең күрмеулі түйіндері тарқатылған туынды. Осылай аталуы тегіннен тегін емес. арабшадан аударғанда «Хақиқатты таныту ғақлиясы» деген мағынаға саяды («тасдиқат» сөзінің төркіні «сиддық», яғни «шындық»). Сөйтіп, шығарманың қазаққа ғана емес, күллі адамзатқа арналғаны оның атауында тұр. Мүрсейіт көшірмелерінде «Тасдиқ» аталған трактаттың бүгінгі таңда «38-қарасөз» делінетіні несі? Енді осыған келейік. «Қазақ әдебиеті» газетінде (14.01.2000 жыл) жариялаған «Китаб тасдиқ» және оның текстологиясы» деген мақаласында зерттеуші Серікбай Қосан мүрсейіт көшірмелерімен өзі жұмыс істегенін айтады. Ол «38-қарасөз» атауының пайда болу тарихын былайша түсіндіреді: «1933 жылы М.Әуезов пен І.Жансүгіровтің құрастыруымен Абайдың тұңғыш толық жинағы басылған болатын. ...Біздіңше, байлар мен дін өкілдерін қуғынға түсіріп, мал-жанын тәркілп жатқан 30-жылдарда діни бағыттағы шығарманы өз атымен жариялау абыройсыз еңбек. Осындай ауыр мезгілде Әуезов «Сенім кітабын» (38-сөзді айтады) қарасөздердің арасына тығуға мәжбүр болған. ...Кейінгі кездерде де зерттеушінің «қарасөздерді» қайта қарайтындай жағдайы бола қойған жоқ». Сөйтіп, 1933 жылғы толық жинақта «Тасдиқ» атауы «38-қарасөз» дегенге ауысты және ол туындыны қалай да аман сақтап қалу амалы еді. Мүрсейіт көшірмесінде «Ғақлиат-тасдиқат» 2-18-беттерде, өзге қарасөздер, яғни кітап «Ғақлия» 19-65-беттерде орналасқан. Абайдың екі қолжазба кітабын жұрт жаңылыспай атауы үшін бірінің титулдық бетіне – кітап «Тасдиқ», екіншісінде – кітап «Ғақлия» деп көрсету тәртібі тәжірибеге енгені байқалады. 1910 жылғы мүрсейіт көшірмесінің титулдық бетіне үңілейік: «Китаб «Тасдиқ» қайырлы сағатта бітіп...Дайырбай Қожан ұғлына бағыштап йаздым. ...1910 йылына, апрельдің 20-күнінде йазғушы – мүрсейіт Біке ұғлы». Мүрсейіт бікеұлына қарасөздерді ел адамдары ақша беріп жаздыртып отырған, Дайырбай Қожанұлы деген молда соның бірі. Мұхтар Әуезов: «Ел ішіндегі оқушының барлығы да Абай сөздерін молдаларға ақша беріп жазғызып, көшіріп алып жүргенде ең алдымен қара сөзді тілейтін», - деп жазады. «Тасдиқ» жөнінде Көкбайдың айтқаны. «Абайдың жалпы діни өсиеттері мен негізгі діни пікірлері қара сөзінің ішіндегі «Ғақлиат-тасдиқат» деген сөзінде толық айтылған. Әрқашан ауызша айтатын уағыз насихаттары болсын, өлеңмен үгіт қылып айтатын адамшылық жолы, құдайшылық жолы болсын – барлығы да сол сөзіне жиналып келіп қорытылған сияқты». Көкбайдың ойын Тұрағұл да қостап, бекітеді. «Алла деген сөз жеңіл» деген өлеңді, «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» деген өлеңді, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңді әкем өзінің қара сөзбен жазған «Тасдиқ» деп атаған еңбегіне қарай өлең қылған». «Тасдиқтың» ерекшелігі – Құдай хикметін тануға, дүниенің көрінбейтін сырын, тылсым (мистика) бұлағын іздеуге арналған. «Оны іздеушілерге «хакім» деп ат қойған, әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым», - дейді Абай. Сөз Сократ, платон, Аристотель дәстүріндегі – ойшылдық туралы болып отыр. Сонымен, төл аты – «Ғақлиат-тасдиқат», қазіргіше – 38-қарасөз мақсаты, көтерген мәселесі, мазмұны мен рухы бойынша анық даналық трактат. Ол хакімдік еңбек дегенді толық ақтайды. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |