09:48 Абайтануға айқындама | |
АҚЫННЫҢ ЖҰМБАҒЫ Абай бір афоризмінде: «Сократқа у ішкізген... кім?» (37-сөз) десе, 27-сөзін. «Бір күні Сократ хаким бір Аристодим деген ғалым шәкіртіне...» деп бастайды. Бұл жәйт Абайдың «Сочинения платона» кітабын оқығанына меңзейді. Мысалы, ондағы «Критон» деген шығармада тас қамауда ажал сағатын тосқан Сократқа адал досы һәм шәкірті Критон келіп, абақтыдан қашуды ұсынады. Сократ болса. «Заң – менің өмірімнен биік», - деп келіспейді (Сократтың заңға керемет құрметі заң ісімен көп айналысқан Абайды да бейжай қалдыра алмағаны сөзсіз). Абайдың «сократ хакімнің сөзі» (қазіргіше 27-сөз) атты шығармасы «Ғақлия» кітапқа енген сөздерден өзгерек. Ғақлияда Абай «қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек» деген бағыттан еш айнымайды. Ал «Сократ хакімнің сөзінде» әлем ойшылы Абай атойлап тұр. Бұл шығармасы мен «Ғақлиат-тасдиқат» (38-қарасөз) арасында тығыз байланыс бар. Мәселен, Абай айтқан: «Бұл ғаламды көрдің, өлшеуіне ақылың жетпейді... бұлардың иесі өлшеусіз ұлы ақыл ма?», «...Адам баласын артық көріп, қамын әуелден Алланың өзі ойлап жасағанына дәлел емес пе? Енді адам баласының құлшылық қылмаққа қарыздар екені мағлұм болмай ма?» деген екі шығармаға ортақ пікірлер. Осы айтылған фактілер «Сократ хакімнің сөзі» шығармасы «Ғақлиат-тасдиқат» трактатына кірісуге әзірлік кезеңінде жазылған деп топшылауға мүмкіндік береді. Жан қуаты жайында таратып айтқан 43-сөзі туралы да осы пікірді айтамыз. Сонымен, 1897 жылдан кемелдік белесіне шыққан Абайды көреміз. Данышпан алыс көкжиектерге көз тігеді. Жаңағы 27 және 43-қарасөздері соның бастапқы жемісі ғана. Толық қанды нәтижесі – 38-қарасөз, яғни даналық трактат. Ақын «қайран елі, қазағының» басына үйірілген надандық бұлтын қолын аспанға созып, серпіп ыдыратқысы келді. Ыдыратты да. Бірақ қолымен емес, теңдесі жоқ қуатты сөзімен. Абайдың поэзиясы һәм ғақлиясы ә дегеннен күллі қазақ сахарасына сәуле шашып, халықты шуаққа бөледі. Ешбір жан асыл сөзге, оның шапағатына таңырқамай, бас шайқамай тұра алмады. Кәнеки, бір сөзі ескірді ме? Жоқ, әрине. Олай болса, Абай феноменінің сыры неде? Абайға қазаққа шапағатшы болу бұйырылған, сол үшін бір Тәңірі оған ерекше даналық дарытқан. Басқадай жауапқа қанағаттана алмайтын шығармыз. Ұлы Абайдың 150 жылдық әлемдік тойы қарсаңында жазған «Абайтану ғылымының бел-белестері» атты мақаласы соңында академик Серік Қирабаев былайша түйін түйеді: «Ұлы ақын шығармашылығы ескірмейді, әр ұрпақ оны жаңадан оқып, өзінше түсінеді, өз пікірін айтады. Бұрынғы Абай жайлы сөздердің бәрі бірдей ескірмегенімен, онда жаңаша ойланарлық, жаңаша айтарлық концепция да аз емес. ...Абай жайлы жаңа ұрпақтың жаңаша сөзі керек». Жаңаша ой, жаңаша сөзге, әсіресе Абайдың ойшылдық әлемі зәру-ақ. Олай болса, сол жете игерілмей келен күрделі әлемге бет бұратын уақыт та жетті. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |