10:36
Абайтануға айқындама

АҚЫННЫҢ ЖҰМБАҒЫ

Иә, Абайдың жұмбағы неде? Ол – тылсым әлемін, дүниенің көрінбеген сырларын танып, сезе білгендігі. Фәни өмірден басқа өмір бар екенін озып туған кемеңгер ғана біледі. Мұны діни әдебиетте әулиелік я болмаса «алтыншы сезімнің» ашылуы дейді. Дәлелге имам әл-Ғазалидің әлем мойындаған «Ихйа» трактатына жүгінелік. Трактаттың «О сущности любви ко Всевышнему» баянында шығыс ғұламасы былай деп жазады: «Если... утверждать: Аллах не познается с помощью пяти чувств..., то это приводит к заключению, что характерной особенностью человека является шестое чувство, которое можно назвать разумом, либо светом, либо сердцем, но как бы ты его ни называл, оно все равно есть. Внутренний разум сильнее явного разума, а сердце для познания лучше, чем глаза».

Жаратушы Иемізді адамның бес сезімі (арабша – хауас сәлим заһири) арқылы тану мүмкін емес. «Ақыл мен хауас (Тәңірінің) барлығын білмейді. (Оны) жүрек сезедүр», - дейді Абай.

Алтыншы сезім деген болмыс, бөлек қасиет бар. Ойшылдың «жүрек сезедүр» дейтіні сол. Оны ішкі ақыл-ес, сәуле, мейлі, жүрек деп атаймыз ба – бәрібір. Гәп бұл ерекше қасиет, бұл ішкі түйсік бар екендігінде дейді әл-Ғазали. Міне, қазақ данасы сол «алтыншы сезім» иесі. Оған Абайдың 1897 жылғы «Көк тұман – алдыңдағы келер заман», «Алла деген сөз жеңіл» деген өлеңдері мен «Сократ хакімнің сөзі» деген ғақлия сөзі негіз болады.

Осы пікірді сонау 1920 жылдары татар ғалымы Абдрахман Сағди де айтқан болатын. «Абай» атты мақаласында ол былай деген еді: «...Әуелде Аллаға онша жақын болмаған һәм көбірек дүние үшін, халық үшін қайғырған Абай 1898 жылдан соң Аллаға жақындап, Алланы жар етеді. Алла туралы көбірек ойлап, сол ретте халыққа Алла туралы пәлсапа сөздер сөйлеп, Алла туралы діни үгіттер үйретеді».

Мұхаң да Абай өмірінің соңғы кезеңіндегі түбірлі өзгеріске жіті қараған болатын. бұл туралы белгілі абайтанушы М.Мырзахметов жазады: «М.Әуезов Абай дүниетанымындағы түбірлі өзгерістің тереңдей түсіп, Абайдың діні сыншыл ақылдың дініне айнала бастаған процесті түсінуде танымдық мәні зор айғақты деректер көзін ашты».

Тәңірі, рух – соңғы ақиқат. Тылсым деген де сол. Абайдың тылсым (мистика) бұлағын іздеуінің тамаша нәтижесі – «Ғақлиқат-тасдиқат» атты теолоиялық трактат дүниеге келеді. Өкінішке қарай, күрделі еңбек әлі күнге мандыта зерттелген емес.

Абай кемелдіктің соңғы сатысына шықты. Осыған өмір фактілері жөніменен көз жүгіртелік. Ислам ілімі бойынша адам баласының кемелдену жолы шариғат (білім жинау), тарихат (тақуалық), мағрифат (Тәңірі тану) және хақиқат деген төрт сатыға бөлінеді. Сенсеңіз, әл-фараби, Яссауи, әл-Ғазали, Шәкәрім сияқты даналардың рухани даму, өсу жолы осынау төрт сатыға дөп келеді. Хакім Абай «мағрифат» деген сатыға 1895 жылдары жеткен, жұмбақ жанға айналуы сыры осы арада демекпіз. Мұны «Лай суға май бітпес қой өткенге» деген өлеңінде «Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі» деуімен Абай құпияны ашудың кілтін өзі ұсынады.

1897 жылы «Ғақлия» кітабын аяқтаған соң, ұстаз Абай Семейден жаңа кітаптар әкеліп, ой өрісін кеңейтуге екпін салады. Арасында Лермонтовтан аударма жасайды. Оқыған кітаптары көбіне пәлсапалық және теологиялық бағыттағы шығармалар: антик ғұламалары Сократ, Аристотель, Платон, ислам ойшылдары әл-Фараби, әл-Ғазали, Маржани еңбектері болса керек (Платонның шығармалар жинағы Семейдегі Абай атындағы кітапхананың сирек қорындаәлі күнге сақтаулы. Жинаққа Критон, Федон, Мекон, горгиас, Алкивад деген еңбектері топталған. Көне кітаптың мұқабасында «Сочинения Платона. Перевод с греческого и объяснения проф.Карпова. – Санкт-Петербург, 1863 год» деп көрсетілген). (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 53 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: