22:36 Абайтануға айқындама | |
АБАЙДЫҢ ДІНІ Лажымыз не, Құдай ісі (аспан әлемі, күн мен түн, жарық пен қараңғы, өмір мен ажал, махаббат пен зұлымдық, т.с.с.) мен дін ісі екі бөлек дүние екені, әлбетте, дін ұстаздарының ойына кіріп те шықпайды. Олар дін мен шариғатты бір нәрсе деп біледі. Шариғат қабыл еткенді, Құдай қабыл етті деп сенеді. Имам, молдалар дінді тек мешітпен шектеп, бес парызды орында деген талаптан асқаны кәне. Дін осы екен деп, ой-сананың бәрін тұмылдырықтап-тұмшалап тастау жөн бе, өзі. Дін ғылымсыз – өлі догмат. Осыған көзі жеткеннен кейін Абай діншілдікті «бүкіл шығыстың сол заманға шейін кенже қалуына себеп болған кесел-кедергінің бірі деп танып, онымен бірде-бір адым баспайды. Аулақ серпеді» (М.Әуезов). Сөйтіп, Абайдың діні – сыншыл ақылдың діні. Исламның бес парызын терең қаузап, түпкі мағынасын паш етуі соның дәлелі. «Діннің бес парызы шарт еткен жолдарды Абай өзінің сыншыл ақылымен діндік соқыр наным – предрассудок деп түсінеді», - дейді Мұхаң. Түйткілді тарата айтсақ, абайша бес парыз бірдей емес, олардың жетекшісі, қалған төртеудің қозғаушысы – шын иман. Бірақ «инанмақтығың құр ғана инанмақтығыңнан пайда ал». Сонда мінезің түзеледі, «кәміл иман болады». Соңғы өсиет өлеңін де кемеңгер: Мүмин болсаң, әуелі иманды бол, Бендеге иман өзі ашады жол, - деген айқын түйінмен түйеді. Абайша иманигүл жоқ жерде, яғни «махаббаты толмаған» жағдайда тақлиди иман (біреуге еріп иман келтіру) төрге шығады. Ол «жарым мұсылман», оның Алланың бұйрықтарын саналы түрде орындауы неғайбыл. Бүгінгі қоғамымызда әсіре діншілдер неден қателесті және неліктен қауіпті? Осыған қайтып оралайық. Екі нәрсеге назар аудармақпыз. Ілкіде дін (Құдайға сенім) – біреу, ал діни заң – шариғат әр елде әртүрлі қалыптасады дедік. Салафшы, уахабист ағым өкілдері араб дәстүріндегі шариғатты тықпалап әуре. Қате осы арада. Қазақ топырағынан сексеуіл жаппай оталып, орнына пальма егілсе деген идеяны қалай қабылдар едіңіз? Міне, уахабизм идеологиясына да солай қарасақ дұрыстық. Әйтпегенде қазақтың төл мәдениеті, әдет-ғұрпы құрбандыққа шалынуы мүмкін. Бұл – бір. Екіншісі – жастарымыздың жат діни ағым жетегіне көптеп тартылуына исламдық бес парыздың мән-мағынасын дұрыс түсінбегендік себепкер. Тағы бір айтайық, дін ғибадаты екі түрлі: ішкі (иманигүл, яғни жан тазалығы) және сыртқы (мұсылманның төрт парызға және шариғи заңдарға беріктігі). Бірақ соңғысы алдыңғыға тәуелді, соның қызметшісі екенін екінің бірі біле бермейді. Мұны соқыр сенім, әсіре діншілдік дерсіз. Тұжыра келгенде, діннің түпкі мәні, мазмұны – махаббат, әділет және ғылымды азық қылу. Осы үшеуге шақырған аяттарға Құранның іші толы. Ләкін, оларға «ешкімнің ықыласы, көңілі мен ғылымы жетіп құптағанын көргеніміз жоқ» (38-сөз), - дейді Абай. Айтса айтқандай, жат діни ағым өкілдерінің Құраннан «жиһад», «шахид» және «кәпір» терминдерін теріп алып, соны идеологиялық қайнар қылуда. Сол сияқты «аят-хадисті ақылға салма» деседі. Шіркін, дін ұстаздары халықты ғылымға шақырып (Құран – рухани ғылымның бастауы), атойласа ғой. Егер адамзат ақыл қуатын пайдаланып, ғылымды азық қылмаса әлі күнге тас дәуірде қамалып отырары сөзсіз. Білім-ғылым тақырыбы Құранды да (ғылым жайлы 700-ге тақау аят бар), Абай мұрасын да көктей өтетіні сол. Бірақ адасқан діни ағымға керегі – еріп иман қылған, яғни соқыр сенімдегі жастар. Өздеріңіз де байқап отырсыздар, Абай мен жат ағым өкілдерінің дінді түсінуі жер мен көктей алшақ. Таным таяздығы, шетін көзқарас (радикализм) – адамның да, қоғамның да дамуын тежеуші күш екені сөзсіз. Бүгінгі таңда мұсылман елдерінде орын алып отырған дін атын жамылған сан алуан қантөгістер мен атысып-шабысулар соның айғағы. Айтпақшы, христиан елдері де азып-тозудан ада емес. неге? өйткені қасиетті Інжіл: «Құдай деген махаббат» деп айтып тұрса да, өкінішке қарай, христиандық қауымдастықтан Абай сияқты «Адам баласына адам баласының бәрі – дос», «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Тәңірінің басты жарлықтарын паш еткен һәм ғылыми дәйектеп берген ғұламалар шықпады. Ватикан Папасы Иоанн Павел ІІ Астана қаласына ат басын тірегенде (2001 жыл, 25 қыркүйек) Абайға екі мәрте жүгінген. Папа бісмілләні Абайдың 7-қарасөзінен бастап, сөзінің соңын 45-сөзден алынған цитатамен тиянақтап, қазақ данасына таң қалғанын жасыра алмады. Бұл баршамыздың көзіміз көріп, құлағымыз естіген факт. Сайып келгенде, қазақтың Абай тек мұсылман әлемінің ғана емес, жалпы адамзатқа ортақ ой алыбы. Енді ойлап қарай бер, әлемнің ірі қалаларында Абайға мүсін орнатылып, көшелер берілуі – заңдылық екен. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |