10:23 Абайтануға айқындама | |
АБАЙДЫҢ ДІНІ Қазақ топырағында ислам дінін терең білген, ұзақ жылдар оны қызыға тексерген ғұламаның бірі – Абай. Мұны Мұхтар Әуезов «Абайға Шығыстан дарыған құндылықтардың басы – ислам діні» деп мәлімдегеніндей, ойшылдың «Әуелі аят, хадис – сөздің басы» деуінен және өзінің балалары мен немерелеріне адам баласын желеп-жебеуші періштелер атын қою (мысалға Мекәйіл, Зікәйіл, Срайыл, Жебрейіл) әдетінен-ақ байқаймыз. Абай кемелдікке жеткен шағында иман (қазақша – Құдайға сенім), оның тағатқа (құлшылық қылу амалдары) қатысы және Тәңіріні тануды басты мәселе деп қараған. Әуелі – бір Тәңіріге сенім жайын қозғайық. Ол, Абайдың білуінше, адамның адамдығының һәм күллі махаббат, әділет сезімнің қайнары. Бірақ адамның сенім күші Жаратушыны тану, өз сөзінше, Алланың хикметін сезу деңгейіне тәуелді болады. 1895-1896 жылдары ойшыл «Түп иесін көксемей бола ма екен?» деп өзі айтқандай, тереңге бет қояды – «терең ойдың телміріп соңына ереді». Өйткені, Алла әлемі – ақиқат әлемі. Тамаша пәлсапалық өлеңдері («Лай суға май бітпес қой өткенге», «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес», «Көк тұман – алдыңдағы келер заман» және «Алла деген сөз жеңіл») соның татмыды жемісі. Баршасы да жүректен құйылып, тылсымнан тұнған ғаламат туындылар. Сөйтіп, жасы елуден асқанда Абай нағыз тәңірінітанушы – теолог сапасына жеткенінің куәсі (мұсылманша – мағрифат сатысы) боламыз. Сенім – ақыл-ойдың, танымның өнімі. Егер таным таяз болса, иман да әлсіз. Сондықтан өзінің квинтээссенциялық күрделі еңбегі – 38-қарасөзін Абай «Ықыласпенен оқып, ұғып малыңыздар, оның үшін махаббатың толады» деп бастап, Алла тағаланың болмысын зерттеуді қолға алады. Әлемдік теология саласына қомақты үлесін қосады. Абайдың иман туралы танымына келейік. Иманның екі түрі бар: бірі – яки (ақылмен илану) иман, екіншісі – тақлиди (біреуге еріп илану) иман. Оқырманға түсінікті болуы үшін Абай өзінің 12 және 13-қарасөзінде ұқтырған иманның осы екі түрін бүгінгі тілімізде сенушілік және діншілдік деп айырсақ қате бола қоймас. Сенушілік – жүрегінде құдайы бар, халықтың сөзінше «Құдайға қараған» адамға тән мінез я қасиет. Ал діншілдік тағат немесе сыртқы ғибадаттан туады. Әдетте діншіл кісі үшін діннің негізгі мұраты – сыртқы пішінде, ол бес парызды қатаң орындауға табан тірейді. Сонымен, сенушілік пе, әлде діншілдік пе? Зайырлы мемлекет, осы заманғы білімді қоғам, әрине, сенушіліктің өрістеуіне мүдделі. Иман екі түрлі деген Абай сәйкесінше ғибадатты да ішкі және сыртқы деп екіге бөледі. Сыртқы ғибадат – кәдуілгі төрт парыз (ораза, намаз, зекет, қажылық). Ішкі ғибадат деген не? Мұын «үш сүю» ілімі арқылы ашып, ұқтырады. Әйгілі «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде ақын: Осы үш сүю болады имани гүл, Иманның асылы үш деп сен тахқиқ біл. Ойлан-дағы үшеуін таратып бақ, Басты байла жолына, малың түгіл (1902 ж.), - дейді. Көрдіңіз бе, Абайда махаббат пен әділетті сүю «шын иман», «ішкі ғибадат» есебінде. Ол үшін тіпті «басты байласаң» да артық емес. себебі, мейірімді һәм әділетті болу – Жаратушы әмірі (әсілі, бұл барлық әлемдік діндерге ортақ бұйрық). Жүрегі тайғақ, иманы әлсіз адамның діндарлығы көзсіз діндарлық. Тіпті исламдық төрт парызды атқарып жүрсең де, құрғақтан балық аулағандай құр алақан қалуың мүмкін. Осы пікірін ойшыл былайша жеткізеді: Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс, Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс. Бастапқы үшті бекітпей, соңғы төртті, Қылғанменен татымды бермес жеміс. Бақсақ, бұл жерде «жақсы тұт бәрін тегіс» жеуімен Абай үш сүюді (Алланы, адамды және әділетті сүю), оған қоса, соңғы төртті, жиыны жеті парызды көрсетіп отыр. Дін (иман) – адамзатқа бір. Мақсаты – адам баласына Жаратушыны таныту, сол арқылы адамзатты бір бауыр қылу. Ал шариғат иманның күзетшісі, ол – адамның ісі. «Үш сүю» ілімінің жаңалығы – осы ақиқатты жеткізуге саяды. Қорытып айтқанда, хакім Абай – дін негіздерін әлемдік деңгейде жаңғыртушы тұлға. Мұсылманда әйгілі әл-Ғазалиден кейінгі сенім ілімін тірілткен екінші ұстаз-реформатор. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |