21:52
Абайтануға айқындама

ӘБІШТІҢ ҚАЗАСЫ

1895 жылы Абай өмірдің ауыр соққысына тап болды. Санкт-Петербург қаласында артиллерия училищесінде төрт жыл оқып, Алматы қаласында офицер қызметінде жүрген сүйікті ұлы Әбдірахман (әбіш) өкпе ауруынан дүние салды. «Әбіштің сүйегін атасы Құнанбайдың аяқ жағына әкеліп жерледі... Абай ұзақ түнде Ұйықтамай, өлең айтып күңіреніп Әбішті жоқтап отыратын болды», - дейді Әрхам ақсақал.

Жүрегім суылдап,

Сүйегім шымырлап,

Алладан тілеймін

Құпия сыбырлап.

Бұл Абайдың Әбіш науқастанып жатқанда айтқаны. Ал Әбіш қайтыс болған соң жазған жиыны 8 өлеңі өз алдына бір циклді құрайды.

Тұла бойың ұят ар едің

Ескеріп істеп, ойлаған.

Тәуекелге нар едің,

Талаппен терең бойлаған.

Ерлікке де бар едің,

Үйренуге тоймаған.

Жасқа жас, ойға кәрі едің,

Атаңның атын жоймаған.

Замана, неткен тар едің,

Сол қалқамды қоймаған?

Осынау он жолдық өлеңде Әбіш бейнесі толық сомдалған. Оны жазушы Мұзафар әлімбаев былайша талдап береді: «Ол Шыңғыстау жотасынан шығандап, орыс патшалығының ордасы – Петербургте офицерлік оқуын өте жақсы игерген, халқының атына сөз келтірмейін деп, менің жұртым қор емес, зор деп әріптестеріне дәстүрімізді ұқтырған намысшыл Әбіш. Екіншіден, есті жігіт боп өскен ойшыл азамат әбіш. Үшіншіден, Жидебайдан сонау жер түбіндегі Балтық жағалауына барып, артиллериялық училищеде атасы басқа жұрттың тілінде оқуға табан тірегендігі, өз заманында Әбішті өзгеше орынға қойғызады. Төртіншіден, ой дүниесіннің, сана самғауының өрге өрлеуін аңсап, үйренуге тоймаған Әбіш. Бесіншіден, дегдарлығын еш уақытта есінен шығармаған, өзі жас болса да, ойы жасамыс азамат Әбіш. Сондай азаматқа Абай сынды ақылман әке, асқар ойлы әке қайғырмағанда, кімге қайғырсын?»

Осы кездерде Абайдың сыртқы келбетіне өзгерістер енді. «Сақал, шашына ақ кірді» (Әрхам) және етжеңді денесімен «атқа мінуді азайтып, шау тартты» (Тұрағұл).

Жазушы Таласбек Әсемқұлов «Аюп һәм Абай» атты мақаласында: «Абайдың осы уақытқа дейінгі жинақтарында «Жарқ етпес қара көңілім...» өлеңі 1889 жылғы деген мерзіммен белгіленген» дей келе, «бұл өлең, сірә да, 1895 жылғы» деп топшылапты. Неге? автордың білуінше, өлең Әбіштің қазасынан соң, шерлі жағдайда жазылған.

Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,

Аспанда ай менен күн шағылса да.

Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,

Саған жар менен артық табылса да. (1889 ж.)

Осыған дейін баршамыз да Абайдың осы лебізін ғашықтық отына күйіп-жанған жігіттің мөлдір сезімі дедік. Т.Әсемқұлов басқаша айтады, бұл махаббат лирикасы емес, шыны Тәңіріге іңкәрлік деп. Өз ойын Таласбек салиқалы уәждермен бекітеді. Соның бірі – «Абай жас кезінде-ақ өзінің ерекше талайын таныған және тағдырдың, маңдайындағы жазудың қаншалықты аыр болатынын ақылмен жетіп білген» дегені. Жаны бар сөз. Абайда трансценттік, мистикалық тәжірибе болғаны кәміл. Алланың хикметінің бәрі мінсіз, бәрі өлшеулі. Ол қай адамға ақыл, дарын мейлінше мол берсе, онан соған сәйкес талап етеді.

Тоқ етері, Абайдың «Жарқ етпес...» өлеңі 1895 жылдікі болуы ықтимал. Таласбектің «өлең – Тәңіріні жүрекпен танудың жаңғырығы» деген пікірі орнықты. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 73 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: