11:29
Абайтануға айқындама

СОҢҒЫ БОЛЫСТЫҚ ҚЫЗМЕТІ

Абайдың болыстық билік тізгінін 1866-1878 жылдар аралығында 4 сайлау бойы (бұл 12 жыл деген сөз) ұстағаны белгілі. Хош, онан кейін болыс болған ба, болмаған ба? Осы мәселенің басы ашылмай келген болатын. ақырында Омбы архивінен ресми құжат табылды. Рет-ретімен баяндайық.

Тұрағұл естелігінде «1893 жылы сайлауда, баяғы Оразбай мен күнту тағы да бірі Бұғылыда, бірі Мұқырға шығып, қалған елді өзің ие болып қайырып алмасаң болмайды деп халық ақсақалдары менің әкемді болыстыққа сайлаған» дейді. Осы деректі келер жылы Алматыдағы науқас Әбдірахманға жазған өлең хатында Абайдың «Барар ем, қолымның болмады бостығы» деуі құптай түсетін-ді.

Абай 1890 жылдың соңында «енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» (1-қарасөзі) деп, қарасөздерін жазуға ден қойған-ды. Бірақ қолайсыз оқиғалар бұл шешімін өзгертуге мәжбүр еткен. Бірінші, 1891 жылдың соңында Оспан өлген соң, Шыңғыс болысында ахуал қайта ушықты. Оразбай, Күнту бастатқан дұшпандар үш олжай (Айдос, Жандос, Қайдос) арасындағы баяғы араздық шоғын тағы бір маздатқан сияқты. Үш Олжай ішінде татулық болмаса – бүкіл Тобықты тыныштық таппайды. Әсіресе жан-жаққа шашыраған Жігітек руын – «қайырып алу» тек абайдың қолынан ғана келетін шәлкімді шаруа. Үстіде Тұраштың «халық ақсақалдары менің әкемді болыстыққа сайлаған» деуінде осы астар бар.

Екінші, Абай болыстық биліктің қадірін жақсы білген. «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі – бек зор өкімет, жарлық қолында бар болу керек...» деп өзі жазғандай, 1892-1893 жылдары жауларға зіл, туыстарға қыр көрсетіп, басынған пақырларды тәубесіне келтіріп алу қажеттігі туды.

Сөйтіп, Абай болыстық қызметке қайта оралды. Оған себепкер жәйттердің негізгілерін атап өттік.

Ақын поэзиясына ой жүгірткенде болыстық қызметтің үлкен із қалдырғанын аңдау қиынға соқпайды. Қалыптасқан қоғамдық-саяси ахуалда адал еңбектен қадір кетіп, алдау-арбау мен алты бақан алауыздық өршіді. Екінің бірі пара алып, пара берген, қысқасы, заңсыздық жайлаған алашапқын заман туды. Міне, ел бұзылуының белгілері осылар.

Олардың жоқ ойында малын бақпақ,

Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ.

Жалғыз атын терлетіп, ел қыдырып,

Сәлемдеспей, алыстан ыржаң қақпақ.

«Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» өлеңінде «байда мейір, жалшыда бейіл» қалмаған отаршыл заман сиқын Абай осылайша сипаттайды.

Сырт көзге Абай олжаға кенелгендей көрінген. Тұстастары Оспанның дәулетін басып қалды, ол аздай, міне болыс болды десіпті. Тағы Тұрағұл жазады: «Еркежанды алған жылы (1894) Қыздар теген бір құрдасы, олақтау адам еді. Бейне бір менің әкем бұрын ішсе асқа, кисе киімге жарымай жүрген адамша, қалжындаймын деп айтыпты: «Биыл үлкен үйге кірген соң тойынып, түйініпсің ғой», - деп». Орайсыз қалжың Абайға батып кетіп, «Қыздарға» деген өлеңін жазған. Онда ақын:

Дауылбай, Қыздар менен айпар-жайпар,

Екеуі бітім десе, басын шайқар.

Екі елірме бітімге жөн келер ме,

Ақылы болмаған соң артын байқар? –

деп, «елірмелі» құрдасына сын найзасын ырғайды.

Өсімге қол жайды,

Тай алып серкешке.

Алмаса ол тайды,

Дап-дайын көрмеске.

Кедей би жантайды,

Сауыр мен өркешке.

Саумаққа ол байды,

Кеңесер би кешке. (1894 ж.)

Бұл екі жумақ Абайдың «Антпенен тарқайды» деген өлеңінен алынып отыр. Кейбір пысық бисымақтар байларды сауып, дәулет құраған ғой. Солардың сықпытын сынағаны.

Енді сөз басында «Омбы архивінен табылды» делінген ресми құжатқа келейік.

2014 жылдың күзінде Семейдегі абай музейінің мамандары «Омбы мұрғатынан құжат табылды» деп сүйіншілеген хабар таратты. Ол 1893-1896 жылдары Абайды Шыңғыс болысына болыстыққа сайлау туралы Семей облысы әскери губернаторы, генерал-майор Карповтың қолы, мөрі қойылған бұйрық. Бұйрық 1893 жыл, 11 қыркүйекте шыққан. Көріп отырсыздар, құжат «утверждатся въ должностяхъ по выбору общества на трехлетие съ 1893 по 1896 года Семипалатинского уезда, волостей: ...» деп басталып, астыңғы абзац «Чингизской, Волостного Управителя – Ибрагим Кунанбаевъ, кандидата по немъ – азимбай Танырбердинъ» деп жалғасыпты. Онан соң Шыңғыс болысы құрамына кіретін 10 ауылдың билерінің аты-тегі көрсетілген (билердің ішінде Ысқақ Құнанбаев пен Ырызықпай Құдайбердин аталған). Болыстың кандидаты, яғни Абайдың оң қолы ретінде Әзімбай Тәңірбердіұлы сайланыпты. Бұл біртүрлі қызық жәйт көрінеді. Ағалы-інілі туыстар уақытша болса да, араздықтан арылып тіл табысқан ба, кім білсін.

Осымен, Абайдың болыстық қызметті 5 мәрте, яғни 15 жыл бойы атқарғаны нақты құжаттар негізінде анықталып отыр.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 74 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: