21:36
Абайтануға айқындама

ТӘКЕЖАНМЕН АРАЗДЫҒЫ

Кекете, мұқата, дөп тигізе айтқан «Тәңірбердіге» деген 7 шумақ арнау өлеңі сол кейістен туған болар-ау.

Байсын, паңсып,

Көрінгенге бәлсіп,

Өзі ғана келгендей,

Дүниеге жансып.

Маң-маң басып,

Менмендігі асып,

Мал бітті деп, көңілі

Көтеріліп тасып.

Өлең осылай басталған. Келесі шумақтарда ағасының сараңдығы, жақынға жаны ашымастығы мен «өтірік, өсек, дау десе, бәйге атындай шабатын» мінезі сыналған. Өлеңнің соңын түйіндегені:

Қолыңнан келер түк те жоқ,

Осының маған болды кек.

«Қолыңнан келер түк те жоқ» дейтіні Тәңірберді от басы, ошақ қасы шаруадан бойы аспаған, мырзалықтан және ада адам (кім өнерсіз, ел жұмысына епсіз, бірақ тәкаббар болса, соның бойына әмісе жаман мінездер үйірсек).

Абайдың неліктен қатты ашынғаны оқырманға ұғынықты болу үшін сол 1892 жылы уайым, қайғылар қат-қабат келгенін еске сала отыралық. Бірінші, оқыстан қайтқан інісі Оспанды жөнелту, оның орнын күзету. «Бұл інісі елдің міндетінің барлығын Абайдан шығарып, өз мойнына көтеріп алған еді. Өзге туысқан ішінде абайдың ең жақсы көрген інісі еді. Өзге туысқан ішінде Абайдың ең жақсы көрген інісі еді», - дейді Мұхаң. Екінші, сүйікті ұлы Әбіш сырқатының асқынуы. Осы жылы Әбіш петербордан Кавказға барып ем-дом алады. Әйтсе де өкпе ауруы – құрт дертінің беті қайтпаған. «Әбдірахман өлімінде» өлеңінде:

Петерборда-ақ кідірмей,

Біліпті дерттің барлығын.

Тәуекел қып білдірмей,

Күтіпті Тәңірі жарлығын, -

деуінде осы астар бар. Осыған Абай мен Әйгерім арасында пайда болып, тым ұзаққа созылған қамырықты, кірбің мен түсінбеушілікті қосыңыз.

Мінеки, Оразбай, Күнтудің әрекесі, дәлді айтқанда, болыстықтан үміткер Әзімбайдың қолтығына су бүрку арқылы оны өздеріне қосып алуы оқиғасы онсыз да жайсыз ахуалды қоюлата түскен ғой. Әзімбайдың «Оспан мұрасынан кем қалдым деп өкпелеп жүргені» (Әрхам) де абайға аянтұғын.

Сонымен, жоғарыда баяндалған жәйттерге сүйене отырып, Абайдың «Тәңірбердіге» деген өлеңі, сірә да, 1892 жылғы деуге бейілміз. Әлі күнге «жазылған жылы белгісіз» делінетін өлеңді өз орнына қоятын уақыт жетті.

Өкініштісі, Тәңірберді даңқты, қасиетті інісі қайғырса бірге қайғырып, қуанса бірге қуана алмады, қазақы ұғымша, қанына тартпаған. Неге?

Бұл ретте қазақтың бас кітабы – «Абай жолы» эпопеясы «Қастықта» тарауынан бір үзіндіге жүгінелік. Естеріңізде ме, Әзімхан төренің (Әлихан Бөкейханов деп оқыңыз) Шыңғыстауға ат басын тіреп, құрметті қонақ ретінде күтілгені суреттелген тұста Мұхтар Әуезов былай деп жазады: «Шұбар (Шәкерім деп оқыңыз) Абай өлеңінің бәрін біледі. Жатқа айту керек болса, Абай отырған жерлерде ағызып, судыратып айтып та бере алады. Әзімбай, Тәкежандар болса, әрине, «Абайдың сөзі» деген жалғыз ауыз сөзді жаттап көрген емес. Ал Шұбар болса, Абайдың бар қоймасын білетін, ол көргенді қоса көріп, ол білгенді бірге біліп, одан «қалыспай жүріп қарасамын» дейтін адам.

Көріп отырсыздар, ғұлама Мұхаң қаламы Шәкерім неліктен Абайдың ең жақын шәкірті болды, ал әзімбай, Тәкежан неге жау жағына шықты дегенді мейлінше астарлап, майдан қыл суырғандай етіп жеткізген. Соңғы екеу – құлқынның құлы болып, алдыңғы екеу – дүниеге бой алдырмай өмір сүрді. Қазақ жолы бірді «жолдас» атаған. Ал жолы бөлек болса ше? Құдай сонан сақтасын, онда бірге туған ағайын да жатқа айналмақшы.

Сөйтіп, Абай мен Тәкежан бөлінісі тұрмыстық араздықта емес, гәп дауасы жоқ рухани алшақтықта жатыр. «Абай жолында» баяндалғандай, өз туысының опасыздығы Абайдың жанын жаралап, көңілін құлазытқан, ақыр соңында қан қысымы дертіне (гипертония) әкеліп соққан жағдаяттың бірі болған. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Просмотров: 73 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: