11:51
Абайтануға айқындама

ӘУЕЗ ҚОЖАМЕН СЫЙЛАСТЫҒЫ

Әуезді Абай «Әуке аға», кейде «Үлкен қожа» деп атапты. Жидебай мекенінде Разақ Самарханұлына шығарған өлеңінде Абай:

Үлкен қожа – ортан қол,

Өзгелері, аты жоқ пенен шынашақ (1896 ж.), -

десе, бұл Әуезді ел ағасы деп жоғары бағалағаныныңкуәсі.

З кезегінде Әуке аға Семейге жақын жайлы қоныс берген Абайды айырықша сыйлағанын бұған дейін де айттық. Әуелі өлеңдері үшін хан көтерген. Ал Абайдың қарасөздері шыға бастаған кезден оларды да жаны сүйіп оқыпты. Мұхаң: «Тобықты ішіндегі ел кісілерінің барлығы да... ең алдымен қара сөзді тілейтін, үйде отырып оқығанда да өлеңін қойып, ылғи ғана қара сөзін оқып, соған көп рахаттанатын үлкендерді бала күнімде менің өзім де көп көрдім», - деп жазса, бұл жерде туған атасын еске алып отырғаны шүбә тудыра қоймас.

Абай сөздерін аят-хадистей қабылдап, өлеңін жатқа білетін Әуез соны 6 жасар немересі Мұхтардан талап етсін. Мұхаң «Өз жайымнан мағлұмат» (1928) деген қолжазбасында қатал мінезді атасы Әуездің берген дәрісін былайша жеңіл әзілмен есіне алады: «Балалық шағым ауылда өтті. Қара тани бастағаным да со кез. Немерелерін атамыз Әуездің өзі оқытатын. Бес-алты жасар кезім. Бір күні кешкісін ас алдында атам мені қасына шақырып алды. Оқуға жараған-жарамағанымды сынамақ екен – «р» дыбысы бар сөздерді айтқыза бастады. Бұл дыбысқа тілің келмей тұрып, қара танимын дегенді ойына да алмайсың. Келесі күні тағы да алды қасына... Қолындағы қалың қолжазбаны көргенде неге шақырғанын біле қоям. Бұрынғыдан бетер ренжимін. ...бұл кітап – Абай өлеңдерінің жинағы. Абаймен дос болған әрі ақын талантына таңырқап ден қоюмен өткен Әуез оның өлеңдерін кітап қып көшіртіп алады да, бізге сол арқылы қара танытпақ болады. ...Өстіп, ең алғашқы «тізені» Абайдан көрдім. Өлеңін күндіз де, түнде де жаттадым... Сонымен, бір қыс, бір жазда Абайды түгелге жуық жаттап шығып едім». Осымен, жоғарыдағы сөзіміздің бәрін Мұхаң өзі растап береді.

Бала Мұхтар Абаймен бір мәрте ғана жүздескен. Сол алты жасында әжесі Дінәсілге еріп, Абайдың үйіне қонаққа бармай ма, бірақ ұлы ақынның қасында көп отырмай, далаға шығып, балаларға қосылып, ойнап кеткеніне кейін қатты өкінген екен.

Ел ағасы Абай Қожалар ауылын құтты мекенге көшіріп, зор шапағатын тигізсе, сол Бөріліде ұлы суреткер Мұхтар Омарханұлы Әуезов дүние есігін ашты. Ол – ұлы ақынның бас биографы әрі «Абай жолы» эпопеясын тасқа басып, мәңгі ескерткіш тұрғызды. Осымен, Әуездің немересі ұлы Абай жасаған жақсылыққа қарымтаны толығымен қайтарды. Семей-Қарауыл күре жолынан солға бұрып, 3-4 шақырым жүрсеңіз, алдыңыздан Бөрілі ауылы шығады. Ауылға кіреберісте Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйі. Үй алдындағы төбеге үлкен тас қойылып, онда «Мұңлы қоңыр туған анам, туған жерім Бөрілі» деген сөздер қашалған. Бұл Мұхаңның өз сөзі. Ондағы «мұңлы қоңыр» тіркесі еріксіз назар аудартады. Онда астарлар бар.

Бірінші астар – бала шағында апа-жеңгелері Мұхтарға «Қоңыр» деп ат қойған. 1922-1923 жылдары Мұхаң мақаласы соңына «Қоңыр» деген бүркеншік есімді қойып жүргені сол. Екінші астар – Бөрілі аумағы жер қыртысы, ондағы қоңырайған қазақы әлем, мейлі, құбатөбел тіршілік дейсіз бе, әйтеуір, «қоңыр» атына сайма сай. Оған Мұхаң Шыңғыстау сапарында көрегн (1943 жылы, шілде айы) қайғылы ахуалды қосыңыз. Мұхаң қасына шәкірті Қайым мұхаметхановты ертіп, Бөріліге келгенде «Бөріліде бір жан, бір мал ұшыраспады, - дейді Қайым аға, - Мұхаң қыстауы аңғай-саңғай. Есік-терезесі ашық, сылағы түскен. Көріксіз-ақ!» Құдайым-ау, кешегі қалың ел, думанды ауылдар қайда?! Айнала әлі тыныштық. Жаңағы «Мұңлы қоңыр туған анам, туған жерім Бөрілі!» деген біртүрлі сөздерді жолжазбасына түсірген сәтте Мұхаң жанарына жас үйірілгені шүбәсіз сияқты.

«Бөрілі бұрын Абай мекен етіп, өзінің болашақ ізбасары Мұхаң әулетіне сыйлаған қоныс болуымен де даңқты, қасиетті. ...Бірі – ХІХ ғасырдың екінші жарымы бойына, екіншісі – ХХ ғасырдың бірінші жарымында туған халқының ақыл-ойы, өнерінің туы болған қос алып».

Абай және Әуез туралышағын баянды ұзақ жылдар Бөрілідегі Мұхтар Әуезов мұражай-үйінің меңгерушісі болып қызмет атқарған жоғарыда аты аталған Бекен қарияның осы сөзімен қорытындылағымыз келді.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Просмотров: 83 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: