23:24 Абайтануға айқындама | |
ӘУЕЗ ҚОЖАМЕН СЫЙЛАСТЫҒЫ Абай: «Бай сейілді, Бір бейілді Елде жақсы қалмады» (1890), - дейді. Ақынның бұлайша торығуы би, болысқа, жалпы атқа мінер топқа қатысты. Әйтпегенде Абайдың әр сөзін қастерлеп, дұғадай қайталаған адамдар қарапайым көпшілік арасында баршылық болған. Соның бірі – Мұхаңның атасы Әуез (азан аты Әуезхан) жарықтық еді. 1886 жылы Қожалар ауылы Шыңғыс ішіндегі Қызылшоқы мекенін тастап Бөріліге көшті. Мәжбүрліктен. Көші-қон мәселесін шешуге ауыл ағасы Әуез Абайға жүгініпті. Әуелі осы уақиғаға тоқталайық. Құнекең 1855 жылдары Бердіқожаны ұлдарымен көшіріп алып, қоныс берген. Олар Шыңғыстаудың шеткі қабаты – Қызылшоқы адырына орныққан. Таудың ішкі қабаттары жиі қыстау (20 астам), қалың ел. Жер тарлығы өткір мәселе. Бөрінің бөлтірігіндей жетілген Құнекең ұрпағы әй-шәйға қарасын ба, Қожалар ауылын бөтенсіп, жеріне көз аларта бастапты. Бұл Құнанбай қажы 1885 жылы дүние салған соң-ақ басталған әңгіме. Сонан Бердіқожа ұрпағының үлкені Әуез Абайға жүгінген ғой. Абай олардың жағдайын түсініп, Бөріліге таяу Тышқан деген жерде Нұрғаным анасы отырғанын да ескере келіп, әділ пәтуасын айтқан. Ол шешім бойынша, Абай Қожа ауылына өзінің дайын қыстауы Бөріліні ұсынған. Ал 1878 жылдан бөріліде қыстап отырған кіші жары Әйгерімге қозыкөш жердегі Аралтөбеден жаңа там, қыстау соқтыртады. Бекен Кәнібайұлы Исабаев «Ұлылар мекені» кітабында: «Бұл хақында сөз етер, ой толғар кім де болса, ұлы Абайдың бұл шешімін Алланың Абай – Мұхтарға, сол перзенттері арқылы қазағыма, қазағымның келешегіне түсірген жарық нұры деуіне сөз жоқ», - деп толғанса, оған алып-қосарымыз жоқ. Сонымен, Абай шешіміне сәйкес қожалар Бөріліге түпкілікті қоныс аударған. Бұл қалаға жақын әрі тыныш, кең де көрікті аумақ. Өзіңіз де ойлаңыз. Қызылшоқы Семейден 250 шақырым аулақта, ал Бөрілі мекені қаладан небары 80-90 шақырым. Абай баласы ақылбайдың қыстауы Бөріліден сәл төмендегі Тышқан, Аяққараған деген жерде орналасқан. Әйгерім мен баласы Тұрағұлдың қыстауы Аралтөбе де осы аумақта дедік. Осылайша үш ауыл өз алдына бір шәлкем елді құрады. Бөрілі – ортада, оны Абай ауылдары орап жатты. Бала Мұхтардың ең жақын екі досы: бірі – Даниал кәкітайдың баласы, бірі – Жебірейіл Тұрағұлдың баласы. Абай ұрпақтары болды. Құдай сәтін салды деген осындай-ақ болар! «Мұхтар 189 жылы жақын Аяққарағанда, күзем жүнін алып жатқанда жарық дүниеге келді, - деп есіне алады жазушының аталас туысы Разақ. – Бала емшектен шыққаннан кейін атасы Әуез бен әжесі Дінәсілдің бауырына кіріп, мүлде бұла болып өсті. Олар көмірдей қара шашты, қара торы, сүйкімді немересін жандарындай жақсы көрді. Үнемі әлпештеп, мәпелеп өсірді». Әуез ата қайтыс болғанда (1918) Ақшоқыдағы Құнанбай ұрпақтары зиратына жерленді. Бұл кездейсоқтық емес. ол Абайдың оң қолы әрі ел ағасы ретінде Бөрілі-Тышқан-Аралтөбе аумағы береке-бірлікте болуына көп еңбек сіңірген адам. Академик Рымғали Нұрғали. «Құнанбай – Әуез, Абай – Омархан әулеті өзара қыз беріп, қыз алысқан, ортақ қуаныш, ортақ қайғыны бөліскен, сүйек-шатысты, жүзжылдық күйеулік, мыңжылдық құдалық рәсімін берік ұстаған жақын, бауыр адамдар...», - дейді. Зерттеушілер сөзінше, Қожа ауылы мен Абай ауылдары арасында оннан астам неке қиылған. Үйлену тойы мен құда түсу рәсімдеріне төрде Әуез бен Абай, әлбетте, қатар жайғасқаны сөзсіз (осы көрініс қылқаламға сұранып-ақ тұрған жоқ па). Аралтөбеге ат басын тіреген сайын Абайды Әуез қожа дәйім үйіне шақырып хандай күтеді екен. Әрине, екеуі көп пікірлескен. Кейде мұңдас, кейде сырлас боп дегендей. Әттеген-айы, Абайдың сөзін ұққан парасат иесі Әуез, жалпы Қожалар ауылы «Абай жолына» енбей қалған. Өйткені жазушы ұстараның жүзіндей уақыт тезінен, яғни «өз туысын дәріптеді» деген пәле-жаладан сақтанған болатын. неткен өкініш! (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
|
Всего комментариев: 0 | |