23:40 Абайтануға айқындама | |
АДАСҚАН» ӨЛЕҢІ һәм АУДАРМАЛАРЫ ЖАЙЫНДА Абай өлеңдерінің жылдары көп жайттарда сенімді емес. мысалы, «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» деген өлеңі 1909 жылғы алғашқы жинақта «1889 жылғы» деп қате көрсетілген. Кейінгі Абай жинақтарында осы ағаттық қайталанумен келеді. Ағаттық болатыны, 1889 жылғы өлеңдер цикліне аталмыш өлең мазмұны, қисыны бойынша жат. Мен «ойшылдық өрістенмін» деп дараланып тұр. Қызығы сол, осы өлең 17-қарасөзбен мамзұндас. Тонның ішкі бауындай тығыз байланыста. Егер 17-қарасөз шамамен 1894 жылғы делінсе, өлең де сол мерзімдікі емес пе? Дәлелдер алайық. Абай өлеңде «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деп өсиеттей келе, былайша түйеді: Біреуінің күні жоқ біреуінсіз, Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек. Енді 17-қарасөзге келейік, онда: «Осы үшеуің басыңды қос, оның ішінде жүрекке билет, - деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен» - делінген. Көріп отырсыздар, бірі өлең, бірі ғақлия демесеңіз, Абайдың жеткізбек ойы қос тамшыдай ұқсас. Екі туынды арасын 6-7 жыл бөліп жатыр ма? Оған сенуге қиын. Екеуі де 1894-95 жылдары жазылған шығармалар деген ойдамыз. Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек. Абай 1896 жылғы «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» деген өлеңінде осылай деп тағы бір нықтайды. Себебі бұл ойшыл мұсылмандық Шығыстың ілімдеріне терең бойлап, соның бірі – «толық адам» идеясына қызығушылық танытып жүрген кезең еді. «Махаббат, сүйіспеншілік туралы жазылған өлеңдерінің жылдары ақынның есейіп кеткен кездеріне тура келеді, - деп ескертеді абайтанушы Қ.Жұмалиев. – Ал жас келіп, өмір тәжірибесі молайғанда айтылуға тиісті сөздері жас кездерінде жазыған болып шығады». Әсілі, осынау әділетті сыни пікірге құлақ түргеніміз жөн-ау. Дәлелге Крыловтан аударған 12 мысалды алайық. Олар да 1909 жылғы алғашқы жинақ бойынша «1898 жылғы» деп көрсетіліп келеді. Бұл қате. Шындығында Абай Крыловты төрт жыл бұрын, яғни 1894 жылы аударған. Естеріңізде болса, осы жылы Абайдың ақындық мектебі қайыра өрістеді. Бірақ басты дәлеліміз бұл емес, Тұрағұлдың сөзі. Ол естелігінде былайша мәлімдейді: «Крыловтың переводтарын 1894 жылы Федоров деген уезной елге келгенде, менің әкемнің Лермонтовтың өлеңдерін перевод еткенін естіп, менің әкеме айтты: «Сіз Крыловтан перевод етсеңізші, қазақтың ұғымына сол қолайлы, жеңіл ғой», - деп. Содан кейін Крыловты перевод етіп еді». 1894 жылы Тұрағұл 20 жаста. Оның датаны еш қатесіз, дұрыс айтқанына сеніміміз кәміл. 1894 жыл ма, жоқ, әлде 1898 жыл ма? Онда тұрған не бар, тәйірі, дерсіз. Мәселе сонда, соңғысы Абай әлеміндегі бұрылысты жыл. Хакім Абай мағрифатулла іліміне, екінші түрде айтқанда, теология тереңіне бұрады. Бұл жылы Крыловты аударуға мұршасы да, құлқы да болмағанына кепілміз. Жалпы дәлсіздікке жол беріп, бақандай төрт жылға қателесуге еш қақымыз жоқ. 1898 жыл Абай айналасында келімді-кетімді кісілер азайған жыл. Бұл ұлы ұстаз ел жұмысын баласы Мағауияға тапсырып, өзі оңашаланып, ой еңбегіне біржола ден қойған кезең. Қай қырынан қарасақ та, Абайдың Крыловты осы жылы аударуы нанымсыз. Ал Абайдың Лермонтовты ұзақ жылдар бойы көп аударғаны растық. Неге? Оған себеп – Абайдың жүрек лүпілі бірге соққан, жан құмары ұқсас адамды тапқандығы. Бұл жайында М.Әуезов: «Лермонтовты Абай ерекше бір қызу жалынмен, өзі қоса қозып, үнемі қызығып сүйіп, сүйсініп отырып аударады», - деп көрсетеді. Мұхаң айтса айтқандай, Лермонтовтай көсек таланттың бірде асау, енді бірде мұңға оранған мазасыз жүрегінен тасбұлақша атқылаған керемет лирикасы Абайды өзгеше сезімге бөлеп отырған. Мысалға Абай 1896 жылы аударған Лермонтовтың «Альбомға» атты өлеңі соның бірі. Ондағы: Қол жазуды ермек ет, жатпа бекер, Бұл көңілсіз дүниеден көп жыл өтер. Өзі қысқа, өзі асау, тентек өмір, Арттағыға бір белгі қойса нетер? – деген жолдардың сахара төсінде өзінің «Ғақлия» кітабын жазып отырған қазақ данасына дем бермеуі, толғанысқа түсірмеуі мүмкін бе әрине, мүмкін емес. қайталап айтқанда, гәп Лермонтовтың көңіл-күйі, сезімі, ізденісі мен қиналысы Абайдікіне дөп келгендігінде жатыр. Бұл ішкі дүниенің нәзік халін дұрыс ұға алмай, Абай орыс ақынынан сөз өрнегін үйренді я болмаса әлдебір идеяны алған-мыс деп бұрмалау хакім Абай рухына қиянат жасау болады. Абайдың аудармашылық шеберлігі көп айтылған мәселе. Соның бірін келтіре кетелік. «Абай ана тілден айна-қатесіз балама тауып, жүректің қанымен жазудың үлгісін жасады, - дейді Тәкен Әлімқұлов «Жұмбақ жан» кітабында. – Қазақ тіліне аударуда біздің күні бүгінге шейін Абай тәжірибесіне соқпай, оған мойын ұсынбай өте алмайтынымызда бұрқыраған қайнардың қасиеті бар. ...Абайдың шеберлігі сондай, оның аудармаларын төл туындыдан ажырату қиын. Желінің тұтастығы, ойдың өміршілдігі, сөздің ымы-жымы бөгделікке жол қалдырмайды». Мына бір келеңсіз жәйтке үн қоспай қала алмадық. 1995 жылғы Абайдың академиялық екі томдық толық жинағында ақынның төл өлеңдері мен аудармалары мидай араласып, бірге басылды. Япырай, неге? ғұлама Мұхтар Әуезов Абайдың өлеңдері мен аудармаларын араластырған ба? Ешқашанда! Өйткені өндірдей жастарда «Абай өз өлеңінде орыс ақын-жазушыларына еліктеген, солардан үйренген-ау» деген солақай пікір қалыптасуы мүмкін. Әуезов салған дәстүрге немкеттіліктің, бір қарағаннан көріне қалмайтын, тереңгі теріс салдары осы арада. Айтып-айтпа, ұстаз-хакімнің бейнесі кәдімгідей көлегейленіп, төрдегі орны төменшіктеді. Төл шығармаларды аудармамен қосақтау ғылымға да, әлемдік салтқа да жат, абыройсыз әрекет, зиянды тәсіл. Сонымен, жан-жүрегімен сүйген ақындар арқылы Абай өзін өзі уатып, көңіліне жайлау, жаралы жүрегіне ем тапты. Ұлы ақынның орыс классиктері поэзиясын көп аударған халін жас буынға осылай ашып түсіндірсек, ұтымды әрі шындық ауылына да жақын боламыз. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |