22:14
Абайтануға айқындама

ОСПАННЫҢ ҚАЗАСЫ

1891 жылы Оспан Құнанбайұлы тосыннан қайтыс болды. Абай осы інісін алғаусыз жақсы көретін. Өйткені ағасы Тәкежан атасы Өскенбай қолында, тете інісі Ысқақ Құдайбердімен бірге Күнкенің қарауында өсті, өстіп бір ұяның күшігіндей бауыр басысқандар тек Абай мен Оспан ғана еді. Сондықтан ақын есі шығып, есеңгіреп қалды. Алға қойған мақсаты – ғақлия сөздері де бөгелді. Неге десеңіз, мезгілсіз өлімнен кейін барлық жаудың азабы мен елдің әлегі түгелімен келіп Абайдың басына түседі. «Бұрынғы тыныштық өмір бұзылады», - дейді Мұхаң. Тұрағұл: «Досы да, туысқаны да бұлданып-құбылғанын көрді», - дейді. Осынау дерттенген жүрекпен, азалы да азапты көңіл-күйде жүргенде «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің», «Жүрегім, ойбай, соқпа енді!», «Бойы бұлғаң» сияқты шерлі жырлары туды. Оспанның қазасына қабырғасы қайыса отырып жазған «Оспанға» деген өлеңінен үзінді алайық.

Жайнаған туың жығылмай,

Жасқанып жаудан тығылмай.

Жалын жүрек суынбай,

Жат біткенен түңілмей,

Жайдары жүзің жабылмай,

Жайдақтап қашып сабылмай,

Жан біткенге жалынбай,

Жақсы өліпсің, япырмай! –

деген жолдарды жайбарақат оқу қиын. Олардан Оспанның мәрттік қасиеттері де, ақынның оны не үшін бағалағаны да айна-қатесіз көрінсе керек. «Кешегі Оспан» деп басталатын екінші өлеңі де осы сарында. Онда да ет жүрегін сыздатқан қайғыдан жаншыла бермей, інісінің сүрген өміріне сүйсіне отырып, көкірегін қасіреттен тазартқысы келеді.

Оспанның артында екі ауыл болып отырған баласыз үш жесір (Еркежан, Зейнеп, Торымбала) қалды. Солармен бірге ен байлық – «мың жарым жылқы, сегіз жүз түйе, үш мыңдай қой қалды» (Әрхам). Дәулеті асқан кездерде Оспан ағалары Абай мен Ысқаққа үнемі қамқоршы бопты. «Оспан осы екі ағасының ұстайтын көп расходына: жаз сойысына, қыс соғымына, сауатын бие, мінетін ат, киетін киімдеріне малын аямайды, - деп жазады Әрхам ақсақал. – Екі кедей аштан өліп қалмасын, қонақтан ұялып қалмасын деп ылғи қамқорлық қып отырады».

Оспан патша көңіліне сай, дене бітімі де зор тұлғалы адам болған. «Оспан көтерген» дейтін дәу тас болғанын Абай елі әлі ұмытқан жоқ. Екінші мысал. Атақты Қарамола съезіне үш жыл өткенде, 1888 жылы Көктұма съезі шақырылған болатын. оған Жетісу өңірінің адамдары «Тобықтыдан бір дана арыс, көсем шығыпты» десіп, Абайды бір көруге ынтыға жетіпті. Қызығы, олар таяуда ғана Шыңғыс болысының болысы сайланып, екпіні үй құлатардай алшаң басып келе жатқанОспанға «Тусаң ту? Ой, ерім-ай!» деп қадала қарап, оны Абаймен шатастырып алыпты. Сол қызғылықты сәтті көкен уағы Мүсірәлі Қожанұлы аузынан естиік. Ол былайша баяндайды: «...Көппен бірге мен де Абайды күттім, екі пәуеске арба келіп тоқтады. Бірінің ішінен Абай түсті, ақ бешпет, шалбар, басында ақ қалпақ, аяғында әмірикан жылтыр кебіс мәсі. Бір пәуескеден Оспан түсті. ...Жұрт екі жарылды. Келе жатқан жандаралды көріп, Абай соған қарай жүрді, Оспан да ере жөнелді. Абай қалпағын алып жандаралмен амандасып, бір-екі ауыз сөзге келген соң, жандаралмен бірге съезге тіккен үйге беттеді. Сонда көпшілік: «Жарықтық, Абай десе, Абай екен ғой, тұлғасы да зор екен», - десіп тұрғанда бір қазақ-орыс: «Әй, ақымақ қазақтар, анау үлкен қара бос қара, барлық пәле ана кішкене қарада», - деді. Біз Абайды танитындар күліп жібердік. Сол жиынға келген неше мың адамнан Оспанның басы асып тұрушы еді. Өзге денесі де өте жуан, сондықтан танымағандар Оспанды Абай екен деп қалды».

Оспанның жылы өткен соң, әмеңгерлік туралы сөз басталып, оны шешу дау-дамайға айнала бастаған. Тәңірберді әмеңгердің үлкені ретінде Оспанның үлкен әйелі – ауылдың, малдың қожасы Еркежанды аламын және Жидебайды қыстауға аламын дейді. Оған екі інісі Абай мен Ысқақ қарсы болмаса да, Еркежан көнбейді. Екі болыс елдің (Ырғызбай мен Мәмбетей) адамдары ырғасып келіп, аяғында Еркежанға Абайдың өзін таңдататды. Абайды да еріксіз көндіріп, Оспанның үйіне кіргізеді, - дейді Әрхам ақсақал.

1890 жылға шекті Абай поэзиясы өзінің шырқау биігіне жетті. Ұлы ақын қазақ көгінде шолпан жұлдыздай жарқырады. Қазақ классикалық әдебиетінің негізін қалаушы деген бақыт бұйырды. Ләкин, екінші жағынан, тап осы кездерде Абай «жалғыз қалдым – тап шыным» деп күрсінеді (әйгілі «Сегіз аяқта»). «Құдай-ау, бұл көңілім, Күн бар ма бір тынар?» деп күңіреніп, көңілі шарқ ұрады. Қайғыру, ойлау – кемеңгерлер еншісі. Оған Оспанның қазасы у болып қосылып, шерді тереңдете түсті.

Қорыта келгенде, Абайды ерте қартайтқан һәм жалғызсыратқан елдің тілегі, халықтың мүддесі мен қазақтың қамсыздығы. Сол себепті татар ғалымы, алғашқы абайтанушының бірі Әбдірахман Сағдидің: «Абай қазақтың жалғыз ақыны ғана емес, ақындықтың үстіне Абай – қазақтың ояну дәуірін бастаушы ойшылдардың ең біріншісі» дегені жүйелі сөз, нағыз әділетті пікір екені сөзсіз.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Просмотров: 89 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: