22:53 Абайтануға айқындама | |
АРБАСУДЫҢ ЖАЛҒАСЫ һәм СОҢЫ Ағалы-інілі шайырлардың арбасуы – тартысты диалогі 1889 жылы қайтадан жалғасты. Бұл жолы да диалогтің ақылың таңқаларлық, нәзік бүркемелі түрде өткендігі соншалықты оның болғанына көз жеткізу жақын келуді, ой елегінен өткізуді қажетсінеді. Тұрағұл: «Менің әкемнің өз еліне, ағайын, туысқанына арнап айтқан сөздері жалпы қазаққа жағып, көкейіне қона түседі», - дейді өз естелігінде. Осы сөздері Абайдың Шәкерімді баулыған жайына тұп-тура келеді. Төменде рет-ретімен байыпталық. «Сегіз аяқ» - Абайға аса қымбат, қадірлі шығармасы. Өйткені сол арқылы шемен боп қатқан шерін тарқатып, беріш боп қатқан мұңын шақты. «Өзінен бұрын ешкім таппаған қиын ұйқасты шебер түрге Абай әдейі арнап ән де шығарады, - деп жазады Мұхаң. – Бұл да өлеңнің мазмұны мен мақсатына ақынның ерекше зер салғанын көрсетеді». Бірақ інісі Шәкерім өлеңде тұнған асыл ой, сыр, ішкі тебіреністерді ұға алмаған. Ең жаманы, осы шығармаға еліктеп, сыртқы формасын сонан айнытпай, бірақ мазмұны жеңіл-желпі, яғни «ермек үшін» өз өлеңін шығарған. Бір жағынан – ақындық жарысы, екінші жағынан – бақталастықтан. Шәкерімнің сөз болып отырған «Жастық және кәрілік туралы» (қысқа түрде «Жастық туралы») деген өлеңін естігенде Абайдың қатты ашынған, жан дүниесі алай-дүлей халін түсіну қиынға соқпас, әсте. Кәне, үзінділер алайық. Ауырмай тәнім, Ауырды жанып, Қаңғыртты, Қысты басымды. Тарылды көкірек, Қысылды жүрек, Ағызды сығып жасымды (1889 ж.), - Абай шын мәнінде нысанаға жалғыз Шәкерімді ғана алса да, оны тасалау амалын табады. Ол амал мына ортаңғы шумақта: Сөз айттым «Әзірет Әлі, айдаһарсыз», Мұнда жоқ «алтын иек, сары-ала қыз». Кәрілікті жамандап, өлім тілеп, Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз. Бұл жерде мұсылманда атақты сахабаның бірі – Әзірет Әлі айдаһармен алысыпты деп қисса жазған Көкбай, «Зияда» деген қиссасында «алытн иек сары ала қыз» деп жазған Әріп және «Жастық пен кәрілік» өлеңінде кәрілікті жамандаған Шәкерім екені көпке аян. Халық санасында «Абай үш жас ақынды қатар қырына алған», сол үшеуіне «ой салып, ақыл көрсетпекші болып жазған» деген пікір әлдеқашан қалыптасты. Сөйтіп, өлеңнің жазылуына себепкер «Жастық пен кәріліктің» авторы тасада қала берді. Өлеңдегі «тасыр», «қисық-қыныр», сондай-ақ «арсыз», «елірмелі», «сәнқой, даңғой», «керім-кербез» деген ауыр сөздердің Көкбай мен Әріпке еш қатысы жоқ. Шәкерімге келер болсақ, осы мінездің бәрі басында болған. «Абай жолында» суреттелген Шәкерім-Шұбар бейнесі шындық ауылынан шығандап кетпеген. Жиырма мен қырық арасы – Жас өмірдің сарасы, Бос өткенін қарашы, Жүрекке төгіп қанды ірің. Шәкерім «Мұтылғанның өмірі» атты жырында осыоай айтқан. Өлеңші әрі өнерлі болғанын, сонымен бірге «Мінімді аяп қалдырма» деп ғылымсыз, надан қалған жайын да ашып салады, өкіне мойындайды. Абайдың өлеңіне қайтып оралайық. Оның соңғы шумағында: Өлеңі бар, өнерлі інім, сізге Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге, - десе, бұл да Шәкерімге дөп тиеді. Ал Көкбай, Әріпке қатысы жоқтың қасы. Қайталап айтсақ, Абай «Сегіз аяқты» аяқасты қылған іні ақынның сазайын береді. Сөйте тұра, келешегінен көп үміт күттірген «көкірегі сезімді, тілі орамды» Шәкерімді сырт көзден бүркемелеп қалуы шеберлікпен іске асқан. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |