19:07
Абайтануға айқындама

ОТАР ЕЛДІҢ СИҚЫ

1824 жылы хан билігі, 1868 жылы сұлтан билігі жойылды. «Сол арқылы, - дейді ұлтымыздың көрнекті жазушысы Әбіш Кекілбаев өзінің «Әйтеке би» атты мақаласында, - қазақ даласы дәстүрлі мемлекеттік сипатынан айрылды. Елден гөрі өз басын, ұлттан гөрі ағайынын көбірек қамтып, ақылдан гөрі айла-шарғыны көбірек малданатын пысықтардың «партияшыл», «топшыл» күресі етек жайды. Ру-ру болып, ата-ата болып, билікке таласу да содан шықты».

Жазушының осы пікірі дәлеліне Абай өмір сүрген ортаның үш тобын алып, оларды жекелей қарастырайық. Бірінші топта отар елдің бай-бағландары. Ақын әуелде осы атқамінер қауымды, би, болыстарды сынайды. Қайтіп сынаған десеңіз, «Көжекбайға», «Бөтен елде бар болса», «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп», «Болыс болдым, мінеки», «Мәз болады болысың», «Бай сейілді», «Болды да партия» деген сияқты топтама өлеңдер алдымыздан шығады.

Тегінде Тобықтының ел басшылары, атқамінерлер қосынын екіге бөле қарастырған абзал. Біріншісі – Құнанбай құралыптас Бөжей, Қаратай, Байсал, Сүйіндік, Байдалы, Түсіп, Бәзіл, Құлыншақ сияқты ақсақалдар. Бұлар – елдіктің киесі, ескіліктің жол-жоралғысына (сыбаға, жол, сауға, т.с.с.) қанық әрі хандық дәуір заңына жетік басшылар. Игі жақсылар, Абай тәлім алған ұстаздар да осылар. Екіншісі – Абайдың замандас, тұстастары Майбасар, Тәкежан, Оразбай, Жиренше, Әбділда, күнту, Асылбек, Байғұлақ, Қыздар, Абыралы, Арап, Дүтбай, Көжекбай сияқты атқамінерлердің жаңаша тобы. Бұл топты ел «іргелілер» немесе «игі жақсылар» демеген. Өйткені бұлар – отаршылық жүйенің өнімі, сол себепті «нәрсіз, шірік орта болды» (М.Әуезов). Әйгілі «Сегіз аяқта»:

Таласып босқа,

Жау болып досқа,

Қор болып құрып барасың.

Өтірік, арыз толды ғой,

Өкінер уақытың болды ғой (1889 ж.), -

десе, ал «Бай сейілді» өлеңінде:

танымадық,

жарымадық,

жақсыға бір іргелі.

Қолына алып,

Пәле салып,

Аңдығаны өз елі (1890 ж.), -

дейді. Абай алдыңғы толқын – ақсақалдар тобымен көп жанасты. Бірақ өмірін «сұм-сұрқия, қу, білгіш атанбаққа» құмар ортада, солармен бірде жұлқыса, бірде табыса жүріп өткізді. Соның бірі – қызы Күлбаданды алған күйеу баласы Дүтбай (түбі – көкше) мінезін:

бір көрмеге тәп-тәтті,

қазаны мен қалбаңы.

Дөң айналмай ант атты,

Бүксіп, бықсып ар жағы, -

деп аяусыз сынап, мін тағады (өлең 1899 жылғы делінеді, бірақ сарыны он жылғы бұрынғы өлеңдер цикліне сәйкес).

Абайдың атқамінер шірік ортаның дертіне диагноз қойған осындай өлеңдері аз емес. бірінші қарасөзінде: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір, бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік» деуі де атқамінер әкімдік ортаны сынағаны болады. «Туған халқын алға сүйреген ақын әрекеті, - деп жазады М.Мырзахметов «Абай және Шығыс» еңбегінде, - өзін қоршаған надан ортамен тартысқа түседі. Озық жұрт көшіне өршелене тартқан қадамын кейін шегіндіріп, аяғын шырмай береді».

Осынау ортаға жанаса жүретін беймаза шолақ әкімдер (атшабар, стржник, поштабай, писарь, т.б.), сияз, сайлауды босатпайтын барымташы, төбелескіш, арызқой сотқарлар дейтін келесі топ та бар. Абай олардың да баянсыз тірлігін, жалтақ, жағымпаз мінезін, пысық атанбаққа қылған орашолақ іс-қимылдарын шенеді.

Сөйтіп, атқамінер қосынын аяусыз сынаған Абай олардың соңына ерген төменгі топтың да «сыбағасын» береді.

Бұралқылар сандалды,

Жуандарға сыя алмай.

Сенімсіз болды алашқа,

Барымтасын тыя алмай. (1887 ж.)

Әуелде көбіне болыс, жуандарды түйреген болса, енді «бұралқы» деуімен кедей топқа да тісін батырып отыр. Бұл топ ұрлығын тыя алмай, көптің сенімінен айырылды. Кәсіп үйрену, еңбек қылу ойда жоқ. Ақын сол үшін кінә артады. «Сегіз аяқта»:

Адал бол – бай тап,

Адам бол – мал тап, -

деген насихатын осы қалың топқа айтқан.

Бір жаңа түскен келін барымтаның етін қазанға салып жатып «Астапыралла деп, боқ жеген деген осы болды» депті. Мұсылман баласы бола тұра харамды жедік деген мағынаға саятын бұл сөз елге мәтелдей тарапты. Қорамжан деген белгілі барымташыға Абай: «Қорамжан, ұрлықты қой!» - деп ұрысқан кезде, ол: «Пәлі, Абай аға, онда қалай күн көрем?» - депті.

«Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» өлеңінде:

Жетіліп жаз жайлауға қона алмай жүр,

Күз күзеу де жанжалсыз бола алмай жүр.

Қыс қыстауың – қып-қызыл ол бір бәле,

Оралып ешбір шаруа оңалмай жүр, -

Дегені бозбала шағында-ақ бетпе-бет келген өмір шындығы болатын.

Қорыта айтқанда, «мал бітті деп, көңілі көтеріліп тасыған» қуыс кеуде пендешіліктің Абайдың сын найзасына түйрелмей, аман қалғаны жоқ.

Әрі-бері айналса аты арықтап,

Шығынға белшесінен әбден батып.

Сұм-сұрқия, қу, білгіш атанбаққа,

Құдай құмар қылыпты қалжыратып.

Бұл Абайдың «Байлар жүр жиған малын қорғалатып» өлеңінен. Ағасы Тәңірбердіні мінеген «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай», «Байсып, паңсып» өлеңдері осы қатардан.

Адасып алаңдама жол таба алмай,

Берірек түзу жолға шық қамалмай.

Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ,

Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай. (1895 ж.)

Отар елдің сиқы осы жолдарда тұр. Қазақ елі жер тарлығынан баяғыша төрт түліктің тұяғына ерген көшпелі немесе егінін баптаған отырықшы бола алмай әрі-сәрі күйде қалды. «Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ». Міне, ел ішін барымта, аламандық кеулегені содан.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 118 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: