21:31
Абайтануға айқындама

ҰЛТТЫҚ ИДЕЯНЫҢ АТАСЫ

Әлеуметтік өзгерістер қашанда жаңа көзқарас, жаңа идеядан басталады. Сондықтан да «Абай жолы», «Абай идеясы» деген үйреншікті ұғымдарда терең астар бар. Бірақ «Абай – ұлттық идеяның атасы» түсінігін тарата айту тек осы заманда ғана мүмкін болып отыр.

Гәп сонда, дана Абай қоғам дамуы мен жеке адам кемелденуінің екіжақты идеясын ұсынады. Адам баласы екі нәрсемен: бірі – жан, бірі – тән. Демек, жан құмары рухани жетілуді, тән құмары материалдық дамуды талап етеді. Міне, Абайдың ұлттық идея формуласы осынау екіжақты да қамтуымен ерекшеленеді. Әрбіріне жеке-жеке тоқталайық.

Қазақ басқа халықтармен тең болуы, осы өмірден өз орнын алуы керек. Ол үшін білім керек. Тек халқы сауатты, білімді ел ғана мақсатына жетеді. Ілкіде айттық, осы идея Абайдың ағартушылық поэзиясын көктей өтеді деп.

Бірақ абай парасаттың бір қабатынан екінші қабатына өтіп, үнемі сатылау үстінде болған. Міне, сондай айқын бұрылыс, ойшылдық эволюция 1890 жылға келеді. Осы жылы ізденгіш Абай ағартушылық сыңаржақты идея екеніне көз жеткізеді. Неге десеңіз, құр өнерлі, білімді болу аздық етеді, мәселенің екінші жағы бар. Ол – қоғамда, әр отбасында ар-әділет пен адамгершіліктің көздің қарашығындай сақталуы.

Міне, осы екі жақтың бас біріктіруі – Абай халқына аманат еткен ұлттық идея болып табылады.

Тарқатып айтар болсақ, Абай идеясының мәні үндестік заңын сақтауға тіреледі. Тәңірінің үндестік заңына сәйкес тән мен жан, теория мен практика, сөз бен іс, дін мен ғылым бәрі-бәрі үйлесуі керек. Айталық, Қазақ елінің экономикасы мен рухани байлығы құстың қос қанатындай қатар дамуы шарт. Себебі үйлесім жоқ жерде қанағат та жоқ.

Абай сөз болып отырған ұлттық идеяны алғаш рет «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңінде өреді. Қайрат пен ақыл екеуі аз, адамға түзелуге, «адам» атына лайық болуға үшінші қасиет – «әділет-шапқат» керек дейді (әділет пен мейірімді біріктіріп, осылай атаған).

Бастапқы екеу соңғысыз,

Біте қалса қазаққа.

Алдың – жалын, артың – мұз,

Барар едің қай жаққа?

Бірақ ол заманда қоғамның дамуы мен адам кемелдігіне жол ашатын рухани ерік пен саяси тәуелсіздік ауыы тым алыста еді.

«Абай Құнанбайұлы» атты монографиясында Мұхаң: «Патшалықтың ел ішіндегі өкілі, сүйеніші – бай, жуаннан шыққан болыс, би, елубасылар. ...Болыстық, старшындық билік үшін ел жуандары қырқысса, соны патшалық ұлықтары әдейі қоздыра түсетін. Бұл тек саясаттық қана тәсіл емес, сол күндегі россия буржуазиясының пайдасы үшін де керек», - деуімен сол тарихи халдың астарын ашып береді.

Кеңестік дәуірде Абайдың «Балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет!» (25-сөз) деген өсиеті мейлінше мол дәріптелді. Бірақ орысша болса болды, бас шұлғи беру керек деп қатеге, жалаңдыққа ұрындық. Абайша орысша оқу мен орысша тіл білу – надандықтан құтылудың құралы. Батыстың өнер, ғылым айдынына шығудың жолы. Басқа дәнеңе де емес. «Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек» дейтіні сол. Енді бірде: «...Халықтың болыстыққа сайлаймын деген кісісі пәлен қадарлы (белгілі дәрежеде) орысша образование алған кісі болсын» (3-сөз) деуі де содан.

Біз азат елміз. «Мен айтқан жол – мал аяр жол емес» деген Абайдың сөзін енді баланы оқыту, көкірегін ашу деп дұрыс түсіндірген абзал. Оны «орыс тілін білмесең – адам болмайсың» дескен, бұрмалаған уақыт өтті. Осы күнде орыс тілін үйрен деу ағылшын, қытай тілін үйрен деумен бір.

Сөйтіп, бастысы – ұрпақты әділ, мейірімді етіп тәрбиелеу. «Жүректің көзі ашылса, Адамның хикмет кеудесі». Көкірегі ашылған, яғни пайданы емес, арды ойлаған ұрпақ қана тура жолын адаспай табады.

Қазіргі таңда алдыңғы қатарлы елдермен теңесуге қажетті қуатты ұлттық идеяны іздеп, ғалымдарымыз бірде Батыс, енді бірде Шығыс тағылымына көз тігеді. Шындығында, ұлттық идея, я болмаса кемел адам идеалы десеңіз де, керегіңіз Абай мұрасында тұнып-ақ тұр. Алысқа ат айдағанша идеология іргетасына соларды қалағанға не жетсін.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 100 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: