20:46
Абайтануға айқындама

ӘЛЕМДІК КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ ШАЛҚАРЫНДА

Мына ғажапқа қараңыз, Абайды мұқатамыз, сүріндіреміз деген теріс пиғыл соңы дәйім сәттілікке жалғасып отырған (Хақ тағала әулие ақынның жоғары өрлеп, ілгері басуына әу бастан көз болып, бағын ашқан бад дерсің). 1878 жылдың қысында 12 іспен тергелген отыз ұш жастағы қайраткер Абай бірыңғай ой еңбегіне ауысты. Осы жылы Семейде қоғамдық кітапхана ашылды. Орыс зиялыларымен достасты. Сәттілік, қайырлы деген осы емес пе.

Абайдың ең қимас досы айдауда жүрген Михаэлиспен танысуын Әуезов былайша айтады. «Михаэлис өзіне керек бір кітапты іздеп кітапханаға келіп тұрғанда, сол жерде Толстойдың кітабын сұрап Абай да тұр екен. Михаэлиске қыр қазағының сол кітапты сұрауы таңсық көрінеді. Сондықтан ол Абайдан «Толстой неге керек?» деп сұрағанда, Абай өзінің кітап қарастырып жүрген жайын айтады. Содан екеуі кітапханадан бірге шығып әңгімелесіп-ақ кетеді. Таяу арада сыйлас, айырылмас дос адамдар халіне жететінін кім білген.

Сөйтіп, жасы отыз ішіндегі Абай бұрынғы азды-көпті білімін есіне түсіріп, «өз-өзінен ізденіп, қармана бастайды» (Әуезов). Әсіресе 1878 жылы 12 тергеу іспен Семейде 4-5 ай үйқамаққа алынуы сілкініс әкелді. Қалада жатып, едәуір тіл білген соң, енді «ар жағы батыстан, бер жағы орыстан» дегендей көркем әдебиетті оқуға кіріседі. Атап айтқанда, орыстан – Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков-Щедрин; орысшаға аударылған батысеуропалық әдебиеттен – Гете, Байрон, Гейне, Мицкевич, сол сияқты ойшыл-философтардан – Бокль, Милль, Дарвин, Дрэпер. Бәрі де Семейдегі көзі ашық, көкірегі ояу зиялылар басына көтерген танымал авторлар.

«Пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды, - дейді Абай. – Сол қызықты нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып ойында қалады. Сонда есті адам орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екендағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен. Оған бұл өткен өмірдің өкініші де жоқ болады екен» (15-сөз).

Сол орынды ісі – ғылым түндігін ашқан шағы «Абай жолында» қалыс қалмаған. Аңсары оқу, білімге ауып, Ақшоқыдан Семейге беттеген Абайға «Шешең болса кәрі, балаларың шиеттей жас, оларды тастап қайда барасың» деп емеурін танытқан Ділдәға қоштасу сәтінде: «Мен желік іздеп бара жатқам жоқ. Адамшылық қасиетін іздеп барам! Соны ұққайсың! – деді» («Қияда» тарауы). Бұл арада «адамшылық қасиет» деп ғылым, білім мегзелгені шүбәсіз.

Бірақ ол күнде ғылым да, өнер де қажет емес еді. Қазақ кең далада еркін жүріп, еркін тұрып, мал бағып, бар керегін малдан тауып, басқа нәрселерді керек қылмайтын. Абайдың Абайлығы сол, ғылымсыз мал да, дүние де жоқ дәуір таяу екенін сезе білді. Оқымаған, өнерсіз, кәсібі жоқ жұрттың ғылымды, өнерлі, кәсіпшіл жұртқа қор боларын көре білді. Оған бір Тәңірі дарытқан даналық пен өткір сезім себепкер дейміз.

Сөйтіп, 1878 жылы Абай құмарлана іздеген көкжиегі – ғылымды тапты. Құдандауи, бұл көкжиек кемеңгерді ақырғы демі таусылғанша «тұтқын» етерін кім болжаған. Ізденгіш Абай ғылымға шүу дегеннен жанын сала, өзі айтқандай, «ынталы жүрек, шын пейілмен» кірісті.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 141 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: