20:23 Абайтануға айқындама | |
ӘЙГЕРІМГЕ ҮЙЛЕНУІ Абай мен Әйгерімнің өмірдегі кездесуі «Абай жолынан» өзгерек болған. 1875 жылы отыз жасқа енді ілінген Абай Мұқыр болысына болыстық қызметке тағайындалған еді. Сайлаусыз, назначениемен. Екінші әйелі Әйгерімді сол қарсаңда кездестіріпті. Абай досы Ербол екеуі Ақшоқыдан 25 шақырымдай жердегі Орда тауында аң аулап жүріп, оның «Шілікті кезең», жас шыбықтар қалың өскен жерді «шілік» дейді, аталатын бөктерін қыстайтын руы мамай бөкей деген адамның аулына келіп қонады. Отыз жастағы жігіт Абай табиғи әдемі дауысы бар, «кең маңдайлы, нұр жайнаған қара көзді» Бөкейдің сұлу қызына «бой ұрмай тұра алмайды» (Әрхам). Үйіне келгеннен кейін де гүл жайнаған сол қыз көз алдынан кетпей қояды. Алғашқы махаббаты Тоғжанды есіне салады. Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы, Аласы аз қара көзі нұр жайнайды. Жіңішке қара қасы сзып қойған, Бір жаңа ұқсатамын туған айды. Осылай басталатын бес шумақ өлеңін Абай кіші жары Әйгерімге арнаған деп үлкен сеніммен айтамыз. Яки өлең 1874-1875 жылдары жазылған. Тап осы кездерде Абай шығарған екінші өлең – «әкімбай өлгенде» деген. Әкімбай – Ділдәдан туған Абайдың баласы. Әкімбай бала кезінде 9 жасында қайтыс болған (1865-1874). Өзгеше қылықты, ақылды, сүйкімді болған ұлына шығарған жоқтауын Абай: Орамды тілді ауыздым, Ақылға жүйрік маңыздым. Көп жасамай тез кетіп, Көзімнің жасын ағыздың, - деп аяқтаған. Абай шығарған жоқтауды Әкімбайдың жылдық асында жа келін Әйгерім дауыс қып айтқан деседі. Демек өлең 1875 жылғы. Айтпақшы, сол жылы Әйгерім босанғанда, «көп жасамай, көк орған» Әкімбайдан кейін туған Нәрестеге «Тәңірі ерте алмасын, тұрсын, көп жасасын» деген ырыммен «Тұрағұл» деп ат қояды. Қазі кейбір басылымдар «Турағұл» деп жазады. Бұл қате. Абай Әйгерімге қалай үйленген? Енді осыған келейік. Әрхам Ысқақов (1885-1963) өзінің естелігінде былай деп жазады: «Абай қыз ауылынан бес шақырым жердегі Бөкейдің жамағайыны Мұсаның ауылына барып, жағдайды айтып ақыл-кеңесін сұрайды. Сонда Мұса: «Абай, сен неге қысыласың, атаң Өскенбайдың бес қатыны болған, әкең Құнанбайдың төрт қатыны бар. Сол қызды ұнатсаң, мен ертең әйелімді қосып беріп, ауылыңа апарғызып берейін. Қыздың қайыны берген малын алар, ел бүлінерлік түк жоқ», - дейді. Шешім осы болып, Абай екінші рет отау көтерген ғой. Бөкей қызының азан аты – Шүкіман («Шүкір аман» тіркесінің қысқа түрі) еді, Абай оның сұлулығына бола Әйгерім атандырады. Келер жаз шыққанда Әйгерімнен бір ұл дүниеге келеді. Атын Тұрағұл қояды. Тұрағұл емшектен шыққанда алты құрсақ көтеріп, егде тарта бастаған бәйбіше Ділдә Әйгерімге: «Бай сенікі болсын, бала менікі болсын», - деп Тұрағұлды өз бауырына салып бала қылып алады». Абайдың қолында өскен Әрхамның сөзі шындық екені сөзсіз. Күндестің аты күндес емес пе, Ділдә Әйгерімнің атын еш атамай тек «тоқал» деп өтіпті. Сонан ауыл-аймақтың баршасы да кедей жерден шыққан Шүкіманды осылай кемсіте атап кетеді. Реті келген соң жаза кетелік, қазақтың «бала қылып алу» салтының тарихы тереңде. Көпке аян, әлем әміршісі Шыңғысхан билік тізгінін бәйбішесінен туған төрт ұлына ғана ұстатқан. Әміршінің «Жасақ» (Яса) деген ередесіне сәйкес қазақтар үшін негізгі мирасқор бәйбіше балалары болды, ал тоқалдан туғандар тек солардан қалғанын ғана еншілейтін еді. Бұл жағдайда бәйбіше мен тоқалдың балалары, әрине, іштей жаулықта, «ит көрген ешкі көзденіп» өсті. Міне, осыны болдырмау қамында Құнекең бірінің баласын бірі бала қылып алу салтын қатаң ұстады. Оған мысалдар көп, Ділдәнің Тұрағұлды бауырына салуы соның бірі ғана. Әйгерімге үйленуі Абайдың өміріне елеулі өзгерістер әкелді. Әйгерім Жидебайда бір жыл қыстайды, келер жылы Абай оған арнап Бөрілі (бұл мекенде Абайдың биографы Мұхтар Әуезов туып-өсті) деген жерден қыстау-там соғады. Ол оқу-білім іздеп Семейге жиі қатынай бастаған Абай үшін өте қолайлы мекен болды. Сол маңда Тышқан деген бұлақ, тұмалар бастау алатын едәуір биік таутөбе бар. Оған отау көтерген баласы Ақылбай қыстау салады. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
|
Всего комментариев: 0 | |