19:02
Абайтануға айқындама

АБАЙ БАЙ БОЛҒАН БА?

Абайдың сөзі ғана емес, өмірі де ғибратты, төменде оның «Абай бай болған ба?» деген бір қырын қозғамақпыз. Құнабайдай шонжардың баласы, жуан тұқымнан болған соң, осындай сұрақтың тууы заңды. Бірден айтайық, Абай інісі Оспанның дәулетін еншілеген 1894 жылға шекті асқан байлар қатарында болмаған.

Тобықты ішінде Абайдың шапағаты тиіп байығандар аз емес. мұхтар Әуезов 1933 жылғы «Абайдың туысы мен өмірі» атты зерттеу мақаласында жазады: «...Абай енді өз замандастарынан дос іріктей бастады. Сол ретпен тапқан кісілері: Есболаттан Оразбай, көтібақтан Жиренше, Бөкеншіден Ербол, Әкімқожа, т.б.». Міне, осы аталған Оразбай, Жиренше, оның інісі Күреңше Абайдың ығында жүріп, елеусіз халден белгілі адам дәрежесіне жеткенде, малданып, мейлінше байыған-ды. Әрқайсында мың-мыңнан жылқы болған. Оразбай бертінде жылқы санын үш мыңға жеткізіпті. Өз туысы Тәкежан, Оспан, Әзімбайлар жайлы да осыны айтамыз.

Табыстың, дәулеттің көзіне әркім өз соқпағымен жетеді. Ынта-жігерімен кіріскен кісі баюдың мәнісін неге таппасын. Шәкәрім «Шын бақтың айнасы» деген қарасөзінде қайтсем баққа (қазіргі дексикада – бақыт дейміз) жетем деп неше түрлі істерді істегенін айта келе, соның бірі – дәулет жайында былай деп жазады: «...Мына жақтағы «дәулет» деген бір тіпті керегіңдей «бақ» шыға келді. Ол болмаса ешқайсысының өңі де кірмейтұғын болды, жолы да болмайтұғын болды. Ой, Тәңірі-ай! Адам қылғанды адам қылмайтұғын несі бар деп, белсене қимылдап, оның да мәнісін таптым». Сол сияқты Оразбай, Тәкежандар шашаусыз үнемшілдік, асқан малсақтық, Жиренше, Дүтбайлар ел дауы, жүгініске көп араласып, билік айту, ал Құнанбайдың Оспаны Қоянды жәрмеңкесі арқылы «сауданың тегін» табу жөніменен байыған, мысалы. «...Осы ретпен істеген саудадан Оспан тез арада көп мал құрап байып алады, - деп жазады Әрхам Ысқақов. – Жылқы мың жарым, түйесі үш жүздей, қойы екі-үш мыңдай болды».

Ар-ұятты жиып қойып, тек пайдаға, дәулетке ұмтылған бүгінгі қазақ қоғамы ғибрат алса деген ниетпен айта отыралық, Абай «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызына еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» деген асыл қағиданы жасынан ұстанған.

Егер сауданы, байлықты мақсат тұтса, ол да ағасы Тәкежан сияқты ірі бай болар еді. Бірақ бар ынтасын басқаға, мойын бұрғызбайтын, таусылмайтын ұзақ міндет – ел жұмысына салды. Тете інісі Ысқақты да тазалық пен әділетке баулып, қақпайлап отырыпты. Әрхам Кәкітайұлы ондаған жыл болыс болған туған атасы Ысқақ жайында «орташа дәулет иесі болды» дейді.

Абай мал жимаған – мұны Мұхаң атап айтады. «Абайда ешбір уақытта үлкен байлық болған емес, қайта өмірінде талай рет «шағын дәулет», «жолақ дәулет» дейтін күйлерге жақын қалып жүрген» деп. Дәлелді шайырдың төл шығармашылығынан алайық.

Дәулеті жоқ бурыл шаш,

Үйіңе кет, топтан қаш! (1892 ж.)

«Қайғы шығар ілімнен» өлеңінен алынған бұл екі жолда «дәулеті жоқ» деп ақын өзі жайлы жеткізген. Абай бай болмаған дегенге бүгінгі оқырман таң қалуы мүмкін, «е, неге?» деп. Сондықтан тарата айтайық.

1878 жылдан соң Абай болыстық қызметке сайланған жоқ (істі болуына орай). Бұл сұрақты кіріс көзі – жалақыдан айырылу деген сөз. Қазақта малдан өзге байлық көзі болмаған. Сол мал саудасынан түскен кіріс, қаржыны Абай балаларды оқытуға жұмсады. Әлихан Бөкейханов өзінің 1905 жылы жарияланған «Абай Құнанбайұлы» атты мақаласында былай деп жазады: «Екінші баласы Әбдірахман қалалық училищені бітіргеннен кейін Абай оны жылына бірнеше жүз сом қаржы шығара отырып, Тюменьдегі реальды училищеге береді. Абай оқу үшін осынша көп ақша шығарған алғашқы қазақтың бірі». Әбіштің Петербордағы оқуы бұдан да қомақты қаржыны талап еткені аян.

Осыған қоса, Абайдың мал құрауға ынта, пейіл салмағанын, үй шаруасына қырсыз болғанын да айта отыралық. Бірінші сөзінде: «Мал бағу? Жоқ, баға алмаймын» десе, бұл ә бастан-ақ өмір ұстанымы сияқты нәрсе. Тағы бір айтары, атасы Өскенбай да, әкесі Құнанбай да әуелде тақыр кедейге тақау жүрген. мал-дәулет абырой-беделмен бірге кейіннен келген. Айтпақшы, Мұхаңның «жолақ дәулет» дегені – кедейшілікке тақау деген сөз емес. көшпелі қауымда шағын дәулет иесі деп кемінде 200 жылқы, 15-20 түйе, бір отардай қой біткен кісіні айтқан.

Бір қызығы, қарапайым көпшілік Абайды ешқашан да «дәулетсіз» демеген, керісінше, Тобықтының ірі бай-мырзасы санаған. Неге? мұның өзіндік себептері бар. Аятта: «Алла тағала қайсы бір пендесін дәулетті, құрметті қылды, қайсы бір пендесін қор да кем де қылды» (сүре әл-Ғымран) деген. «Рақым – Алладан, пейіл – адамнан» деген халық нақылы да осыны білдіреді.

Пейілге кедей байлардың арасында мырзалық жолын ұстанған Абай сырт көзге, сірә да, шіріген бай болып көрінген. Өйткені құдайы қонақты құшақ жая қарсы алу – қонақжайлылық сонау үй болып, Ақшоқыда отау көтергеннен қалыптасқан Абай дағдысы болған. Бізге белгілі естелік жазбалар сол кездерден үзілмегенін паш етеді.

Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім,

Жалғыз-жарым болмаса анда-санда. (1886 ж.)

Бұл жасы қырықтан асқанда айтқан сөзі. Ақын-азамат үйден қонақ арылмағанын да аңдатқан, сірә. «Арызын, арманын айтушы Арғын, Найман, Керей, Уақтың адамдары ағылып келіп, кетіп жатады» (Әрхм). Жақын айналасы араша сұрап я басқа да шаруасымен келгіштесе, алыстан ат арылтқандар «біз Абайдың жүзін бір көрмекке келдік» деседі екен.

«Ниеті жаманның Аллаға өкпелеуі жөн бе? демекші, кім кең пейіл, жомарт болса, шын бай да сол. Мәрттігі мен ақыл-парасатына сай Абайдың дәулеті де баршаның көзіне зорайып көрінгені содан, білем. Бүгінгінің шірік байшікештеріне ойтамыздық – Абай мал жимады, еш уақытта байлық пен мәнсапты мақсат тұтпады (олар – Құдайдың бұйыртқан несібесі мен рахметі Абайды өздері іздеп тапты). Жоғарыда айттық, тек 1894 жылы Жидебайға тұрақтаған соң ғана үлкен дәулет иесіне айналды деп (Оспан жиған дәулет негізінен еркежан мен абайға еншіленді).

Қорыта келгенде, Абай «шолақ дәулет» иесі ғана болды («шіріген бай болған» деп алдарқату кімге керек). Алдыға оза айтайық, елжанды Абайдың көрсоқыр сараңдық сынағына бой алдырмауы – ең алдымен Тәңірілік миссия. Сол себепті «Абай аса ірі бай ма, әлде орташа бай ма№ю» деген айта қаларлық маңызға ие мәселе де емес.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 159 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: