19:38
Абайтануға айқындама

ШКОЛА және ИНТЕРНАТ

Мұхаңның білуінде, Абайдың балаларын орысша оқуға беруіне досы Михаэлис ықпал еткен. Ділдәдан ақылбай (Нұрғаным бауырына салған), Хакімбай (8 жасында шетінеген), Әбдірахман-Әбіш, күлбадан, Мағауия, Райхан туған. «Баланы оқытуды жек көрмедім» деп өзі айтқандай, Кішкене молдадан сауатын ашқан балаларын әрі қарай оқыту, әрине, жас әкенің үлкен міндетінің бірі болды. Абай 1878 жылдың күзінде Әбішін Семей қаласындағы төрт жылдық школаға (қазақтар «үшкел» деген) береді. Екі жылдан соң қызы Күлбадан мен Мағауияны да сол оқу орнына береді. Бірақ үшкелдің екінші класында оқып жүрген Мағауияның өкпесіне суық тиіп, оқуға жарамай, оған ілесе Күлбадан да елге қайтады. Ал Әбіш қалалық школаны «өте жақсы» деген бағамен бітіріп, әрі қарай өндірте оқиды: Ресейдің Түмен қаласындағы Реальное училищені тәмамдаған соң, Санкт-Петербургтегі Артиллерийское училищеге түседі.

1870 жылдары Семейде миссонерлік пансион (бастауыш мектеп) жұмыс істеді. Онан соң уездік училище-интернат ашылған болатын. қырдан келген жастар жатып оқитын бұл оқу орындарына ел аузы «интернат» деп ат қойған. Абайдың көмегімен ел ішінен Көкбай Жанатаев, Айтқазы Жексенаев, әнияр Молдабаев, Ысқақ Солтанбаев сонда оқуға түседі. Найман елінен Әріп Тәңірбергенов оқыды. Белгілі абайтанушы Қайым мұхаметханов «Абайдың ақын шәкірттері» кітабында «Әріп 1877 жылы 21 жасында үш кластық Семипалатинское училищесіне түскен» деп дерек береді. Училищеде басым көпшілігі орыс балалары болуы қазақ балаларына орыс тілін тез меңгеруге септігін тигізді.

Тұрағұл «Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы» деген өлеңін әкем 1880 жылы жазған дейді. Әзірге өлең 1886 жылғы туындылар арасында «адасып» жүр. Оның 1880 жылдікі екеніне дәлелдер алайық. Жоғарыда аты аталған Қайым мұхаметханов Көкбай туралы зерттеуінде Қазақ КСР Мемлекеттік орталық архивінде (ҚМОА) сақталған құжат – Семей үш кластық уездік училище оқушыларының тізімін келтіреді. Онда І, ІІ, ІІІ класс оқушыларының таты-жөні, жасы, емтихан бағасы, төлемақысы көрсетілген. Осымен, 1879 жылы көкбай училищенің бірінші класында ақша төлеп оқығаны анықталды. Қ.Мұхаметханов интернатта «Он жеті қазақ баласы оқыған. Одан басқа оқу орындарында да қазақ шәкірттері болған» деп көрсетеді.

Бұл Абайдың қолы босаған (17 іс қозғалуына байланысты) кез еді. Ол уездік училище-интернатқа келіп-кетіп, жастарды жиып жүреді. Көңілді, мағыналы мәжілістер жасайды. Бұл туралы Көкбайдың өзі сөйлесін:

Семейге Абай келсе, бізде думан,

Ән салып босамаймыз айғай-шудан.

Бас қосу, бақастасы, мәжіліс құру,

Секілді бір ғылымның жолын қуған.

Тарихтан неше түрлі Абай сөйлеп,

Өзгелер отырады аузын буған.

Бір барсаң мәжілісінен кеткің келмес,

Хәкімдей Аплатон аңырап тұрған.

Тоқ етері, «Интернатта оқып жүр...» 1880 жылғы шығарма болуы мүмкін. Дәлеліміз – жоғарыдағы архив дерегі мен Көкбайдың сөзі. Көкбай оқуын аяқтап, елге қайтып келгесін қашанда Абайдың жанынан табылған. Көкеңнің өзі: «Жолдастығым 25 жылға созылды» дейді. Абайдың жастарды оқытуы мен ол туралы өлеңі жайлы сөзіміз осы.

Сөз болып отырған кезеңде Бөкей ордасында Жәңгір хан ашқан, Торғай аумағында әйгілі ағартушымыз Ыбырай Алтынсарин ашқан мектептер жұмыс істеді. Сол себпті талай қазақ баласы ішкі жақ – Түмен, Омбы, Орынбор, Троицк сияқты Ресе қалаларында оқуын жалғастыруға мүмкіндік алды.

Солар сияқты Тобықты елінде Абай өнеге жайды. Бірақ өнеге жаю айтуға ғана оңай. Ол заманда орыс оқуына қараңғы ел үрке қарайтын, білім қуған адам «орысшыл» саналатын. Мәселе білімде ғана емес, білім алу не үшін керектігін ұғуда. «Интернатта оқып жүр Талай қазақ баласы» деп басталатын өлеңінде Абай осы мәселені қояды.

Ойында жоқ бірінің

Салтыков пен Толстой.

Я тілмаш, я адвокат

Болсам беген бәрінде ой, -

деп қамыға келе, қазақ баласына мынадай кеңесін береді:

Пайда ойлама, ар ойла,

Талап қыл артық білуге.

Артық ғылым кітапта,

Ерінбей оқып көруге.

Военный қызмет іздеме,

Оқалы киім киюге,

Бос мақтанға салынып,

Бекер көкірек керуге.

«Пайда ойлама, ар ойла!» Осы идея ұққан адамға өмір теңізінде адастырмас темірқазық іспеттес. Қазақтың «ар» сөзі мен арабтың «иман» сөзі пара-пар ұғымдар. Абайдың асыл өсиеттері бүгінгі күні де маңызы мен өзектілігін жойған жоқ. Ел ішінде, мейлі, шетелде оқы, бірақ халыққа пайда келтірейін деп бар оқуға. Жоғарғы қызметке орналассам, шек-шекпен алсам деме, қайтсең көпке пайдаң тиеді – соны ойла! Бұл алғашқы ағартушыларымыз Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин һәм Абайға ортақ көзқарас. Осыны біле жүрейік.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 170 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: