19:37 "Абай жолы" роман-дәуірнамасының қысқаша баяндалуы | |
ІV КІТАП / ЭПИЛОГ Мағашты елге алып қайтқаннан бері апрель айы туды. Қыс әлі де қазақ даласына салған шеңберін босатпады. Даланың ақ қары кеткен жоқ. Қала емес қырдағы ел де жұтқа ұшырады. «Қырдағы пәлен ауыл отарға шығарған төрт жүз жылқысынан жиырма үш жылқы алып қайтыпты», «Аягөзге мың жылқы жіберген Шыңғыстың үш-төрт ауылы жиыны жиырма жеті жылқы келгенін көріпті», «Уақтың, Керейдің жеріне жіберілген пәлен қос жылқыдан елу жылқы қалыпты» деген сөздер ауыздан-ауызға тарап жатты. Апрельдің он бес-жиырмасына қарай қар толық кетті. Дәл осы уақытта Мағаштың да дерті меңдеп, оны әбден жеңіп болған еді. «Қатты әлсіреп, терісі тарамысына ғана ілініп қалыпты» дегенді естігесін Құнанбай балалары Мағаш аулына көшіп келіп жатты. Абай да Әйгерім отауын әкеліп тікті. Осыдан он шақты күн бұрын Мағаш бойындағы бар күш-қуатын жиып әкесімен арыздаса сөйлескен. Үйді оңашалап алып Абайға айтар сөздерін баяу, сыбырлап жеткізген. «Аға, Әбіш ағамды жөнелтіп, Алматыдан қайтым ем ғой...», - деп алып біраз демігіп жатты. Содан соң, әкесіне қарап: «Ұлы жүз Жамбыл ақын айтқан сәлемін жеткізіп ем... Есіңізде ме?», - деген. Абай ауыр күрсініп: «Есімде Мағашым», - деп басын изеген. «Сол айтып еді ғой... Хатын әкеп беріп ем... «Нелер жылаған, зарлағанды өзі уатқан аға, әке емес пе еді? Оның қайғысына сол жұрт қоса қамығады. Ерінен айрылса да, елінен айрылу жоқ! Қамалған қарындас халқын ойласын!» деп еді ғой...» - деген сөздерін Мағаш ұзақ сөйлеп, үзіп-үзіп айтып болғанда қатты жөтеліп тұншығып қалды. Соншалық терең ойлы Мағаш әкесіне Жамбыл сөзімен көңіл айтып, қоштасқандай болып еді. Бүгін Абайлар таңғы шайын енді іше бастағанда қызметкер әйел Зылиха жасқа толы көзін үй ішінен жасыра алмай суық хабар әкелді. «Абай аға! Мағаш қысылып жатыр... Сізді шақырады...» деп айтуға ғана шамасы жетті. Абай орнынан жас баладай атып тұрып, шапанын жамыла бергенде бойы қалтырап шапаны түсіп кете берді. Өзі кебісін кие алмай бір жағына қарай қисая бергенде оны Әйгерім жүгіріп кеп сүйеді. Әйгерім Абай жүзін көріп шошып кетті. Сақалы ағарып, бір сәтте қартайған жүзі аппақ қаудай болыпты. Көзі шатынап тұр екен. Әйгерім Абайдың мұндай жүзін әсте көрмеген еді. Әкесі қасына жеткенін аңдаған Мағаш болымсыз ғана белгі берді. Созылып жатқан оң қолының арық саусағын бір-екі қыбырлатты. Абай құлағына оның соңғы демімен аралас соңғы сыбыры әрең жетті. «Аға... Дүние осы...» деген Мағаш үзіліп кетті. Осыдан соң дала, қыстаудағы қалың ел өксіп жылап, дауыс салып айқайлап кетті. Жер-дүние күңіренгендей болды. «Мағашым... Мағатайым... ағакем, ағатайым» деп жылаған сөздер де естіліп жатты. Абай болса бір алуан түсініксіз күйге түсті. Онда үн жоқ, айқай жоқ. Тек қана бадырайып, шошынғандай шатынап ашылған көздерінен оқтын-оқтын үнсіз жастар бұршақтай боп үзіліп түсе береді. Енді ол біреу өзін сүйеп тұрғысза тұрады, жетектеп алып жүріп бір жерге отырғысза жөн сұрамай, тіл қатпай отыра кетеді. Мағаш қазасына жиылған жұрт ойдағыдан тыс соншалық мол болды. Жетісіне шейін жылау болып, қалың жұрт ұлардай шулады. Алғашқы үш күн бойы жылаған еркектер тобында Абайдың өзі тұрды. Оны екі жағынан Дәрмен мен Кәкітай сүйейтін. Осы қазаға жоқ-жітік, көпшілік ағылып келді. Оларды «жұттан әрең шығып, тамақ іздеп келді» деп Тәкежандар жақтырмағанымен шын жылаған, шын қайғырған осылар екенін Абай мен Дәрмен анық аңғарды. Дәл осы көрісу үстінде Абай шұғыл өзгеше жат күйге ауысты. Қалың ел мұның өзін өлді деп жоқтаған сияқты. «Шыны сол, расымен өлді деген осы» деп Абай мүлде өзгеріп кетті. Енді айналаға өліп кеткен адамның көзімен қарады. Мына жұрт өз қазасына келгендей, ол өз өлімін көріп тұрғандай күй кешті. Осыдан соң жылаудан тыйылды. Абай тек Дәрмен, Әйгерім, Баймағамбеттің дегеніне ғана жүретін боп алды. Олар киіндірсе киеді, тамақ берсе жейді. Бірақ өзі ештеңе айтпайды. Мағаштың өліміне отыз күн толғанда Баймағамбет Абайдың қатты өзгеріп кеткенін Дәрмен мен Әйгерімге сыр етіп айтты. Абай Мағаштың қазасына он күн толғанда жас балаларды алып, қасына Баймағамбетті ертіп зират басына барыпты. Мола ішіне кіріп біраз отырғаннан соң, ол Баймағамбетке балаларды алып тысқа шыға бер деп белгі етіпті. Осылай Абайды Баймағамбет пәуескеде екі сағат тапжылмай күтіпті. Кеш бата моладан шыққан Абайдың жүзі қуарып, денесі жер тартып шыққан екен. Баймағамбеттен кейін Дәрмен де бір сырды баян етті. Осы көктемде Абайдың екі айнымас досы Базаралы мен Ербол сүзектен қаза тапқан еді. Кәкітай мен Дәрмен Абайдың қайғысы онсыз да жетіп жатқасын ешкімге айтпай ірке тұрған-ды. Мағаш қазасынан соң он шақты күн өткесін Дәрмен мен Кәкітай болған жайды оңашада амалсыз жеткізген болатын. Мұны естіген Абай еңіреп жылап жіберген. Осыған дейін үнсіз келген ол соңғы сөзімді айтып қалайын дегендей алға ұмсынып: «Бақсының моласындай жалғыз қалыппын... Кімім қалды?! Нем қалды?!», - деп өз-өзімен сыбырлап сөйлесіп кетіпті. Абай осылайша асыл жандарынан айрылғасын белгісіз бір дертке шалдықты. «Күнім санаулы, енді мен жоқпын» депті бірде Баймағамбетке. Қасындағы Кәкітай, Ақылбай сияқты іні-бала жақындар «доктор алғызамыз» десе Абай суық қана бас шайқаған. Мүлде керек етпейтінін білдірген. «Не болды сізге, Абай жаным?!» деп бет-жүзін жасымен жуып үш күн қатарынан келген Әйгерімге де тіл қатпады. Тек үшінші рет келгенде Әйгерімнің жас тамған оң көзінен сүйіп, алақанымен «басқа жайды айтпа» дегендей ым жасады. Абай үшін қазір дүние тозып бара жатқандай. Халық жұттан қырылып барады, сахара жұрты бордай тозып шұбырып жүр. Бұл білетін халық таусылып барады. Абайдың өзі болса тірегі санаған Мағашы кеткесін ортасынан сынып, опырылып қалған тәрізді. Қазір оның күннен күнге қуаты кеміп сөніп бара жатыр. Ештеңені сезбейді. Санасы көп нәрсені түсінбейді, ұқпайды. Сөйлемейді, күлмейді. Оған қуаныш пен жұбаныш, жақсылық пен жаманшылық, күн мен түннің айырмашылығы жоқ. Ең соңғы санасы өзін толқынды, лай судың ішінде сезеді. Талпынып жүзбек болады. Жаға жоқ. Тек алыста бір қоңыр бел бар. Абайға соның ар жағында түн түнегін серпіп бір алтын арай келе жатқандай елестейді. Оның бар ойы сол алтын арайға жету. Осы күйге салған жұмбақ жай соңғы деміне дейін айықпады. Осылайша айналасы сұр тұман, суық заман ішінде бір ұлы жан дүниеден көшті. Мағаштың қырқын беріп болған күннің ертеңіне Абай және қаза тапты. Ұлы кеуденің ыстық демі тоқтады. Сонау бір шақта тасты тақыр, жалтыр биік басына жалғыз шыққан зәулім шынар құлады. Өмірден Абай кетті... Осыдан бір жарым ай өткесін жайлаудың елі Шыңғыстан қайта асып, бауырға қарай көшті. Абайдың туған елі Жидебайда пішендік ұзарып өсіп, сарғайып болған. Өртеңнің төсіндегі көде, бетеге сап-сары, жадау жүзді. Тозған дүниенің елесін танытады. Қыстаудан күншығысқа қарай құлай бере сондай бір созылған дөңесте сырты тозған бейіт бар. Оның басына Оспан аты жазылған. Соның қасына төрт құлақты жаңа – Абай бейіті қосылған. Бүгін осы бейіт басына көштегі көп ел соғып өтті. Үлкен, төрт құлақты бейіттің іші кең, салқын болатын. Осы жерге таң атқалы жиналған жұрт толып, симай кетті. Бәрі де еңіреп жылауда. Көптің жылауы бәсеңдеген кезде зор дауыспен «қос қоңырым» деп Зейнеп жоқтау айта бастады. Зейнеп жоқтауынан соң өзгеше дауыспен, жұрттың көзіне жас алғызып Әйгерім ұзақ жоқтау айтты. Әйгерім үшін жоқтау сөзін Дәрмен жазып берген еді. Ал, шерлі, күйлі көркем сазды Әйгерім өз жүрегінен тудырған. Ол айтқан сөз – бұл уақытқа дейін бұл өңір естімеген сөз. Асыл жардың аузымен Дәрмен халық атынан Абайға үн қатады.
«Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғұн артында сөз қалдырған», – деген өзіңсің, Абай аға! Алтын терек, арсыға құлаш ұрған азамат – сен өлмейсің, аға! Сенің тірлігің бірге жасайды. Сенің күнің халықпен бірге жарқырайды», - дейді Әйгерім сазы. Әйгерім жұртты егілткен сазын айтып бітірген шағында оның қасында күңіреніп Дәрмен отырған еді. Оның ар жағында Дәркембайдың баласы – Рахым, одан әрі Абайдың жас достары, оқыған – Үсен, Мұрат, Шәкет отыр. Дәрмен осылардың ортасында Әйгерім сазы шырқалып жатқан уақытта Абай қабіріне қарап отырып, ішінен: «Абай аға! Сақтармын сіз қалдырған дәндерді... асыл ұрықтарыңды. Олар өлген жоқ көктей өсіп келеді. Өсе бермек күн санап...жыл санап. Сол үшін де өз өмірімде асыл сөзіңді сақтармын, ата тәрбиеңді ақтармын, ағажан!» деп серт берді. Адал жар жоқтауымен Абай жаңаша жолға өтті. Ол өлмеске қадам басты. Әйгерім әні мен соған орай айтылған Дәрмен жыры Абай туралы туатын жаңа өнердің басы еді. Жаңа туған әннен бастап Абай жаңа күйге ауысқан. Осы күйдің куәсі боп қазір де Абай қабірінің басына көп ел жиылып қалған. Әйгерім мен Дәрмен де, оқыған жас шәкірттер де байқамапты. Әйгерім зарлы сазын шырқап отырғанда оның шерін, мұңын тыңдап, іштей құптап қалың жұрт отырған. Абайдың жаңа бір туысын қабыл алып отырған халық-ата, халық-ана осы еді. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |