13:55 "Абай жолы" роман-дәуірнамасының қысқаша баяндалуы | |
ІІ КІТАП / БИІКТЕ 1 Татьянаның сахарадағы әні Бірнеше жылдар өтеді. Осы жылдары Абай көп еңбек етеді, өнер іздейді. Абай кітаптары арқылы екі аға тауыпты. Олар Пушкин мен Лермонтов болатын. Бүгінде ол «Евгений Онегинді» аяқтады. Сондағы Татьянаның тағдырына үңіліп, Тоғжан мен Салтанатқа ұқсатады. Сосын Татьянаның хатын аударып шығады. Михайлов айтуы бойынша, Евгений Онегиннің күйі («Евгений Онегин» операсы, жазған Чайковский) шығыпты. Абай соған қызығып, жаңағы аударылған хатқа ән шығара бастайды. Сол сәтте үйге кішкене молда, Әйгерім, Баймағанбет, Мұхаметжандар (Абайға ілескен, Тобықтыға жас ақын ретінде танымал) кіреді. Олармен қоса Көрпебай да кіріп, Абаймен тоғызқұмалақ ойнауға кірісіп кетеді. Мұхаметжан қызығып, Татьянаның хатын оқи бастайды. Сосын домбыраны алады да, үйлестіріп сала кетеді. Басында қазақша әндерге (Топайкөк, Ақбала) ілеспейді. Содан кейін еш іркілмей әнін тауып, бір керемет әуен жырлана түседі. Абайлар да ойынын тоқтатып, ден қойып тыңдай бастайды. Біршама уақыт өте ас мәзірі дайын болып, барлығы тамақтанып алады. Ал Абай әдеттегідей айналадағы отырғандарға қызық әңгіме айта түседі. Бүгін ол француз жазушысы Александр Дюманың атақты романы «Үш мушкетерді» қызық әңгіме етіп, ұзақ баяндап, түн жарымға шейін отырады.
2 Бүгін Семей қаласында Абайдың Қысатай деген туысқанының пәтерінде ән шашу, жиын болып жатты. Жиналғандар Абай, Қысатай, Шұбар, Көкбай, Ысқақ пен Мағауиялар екен. Кейіннен Мұхаметжан келеді. Шай ішіліп, дастархан жиналғаннан кейін ән жарысы бастала кетеді. Күнде Абайдың сұрауымен айтылып жүрген Топайкөктер шырқалады. Бір сәт Мұхаметжан домбырамен Татьянаның хатын жырлай кетті. Бәрі жаңа әнді естіп, аң-таң болып қарай қалады. Ән тоқтағаннан кейін, әншілер оны өздеріне көшіре түсті. Бұны Абай шығарғанын біліп, ризалығын білдіре кетті. Сосын бір түн бойы сол ән қайталана берді. Осыдан тойда да, әртүрлі жиында да жырланатын әдетке айналады. Бірде Михайлов әнді Мағауиядан естіп, төбесі көкке жетеді. Абайға қайта-қайта алғыс айтудан шаршамайды.
3 Бүгін Ақшоқыдағы ауылда қалың думан бар. Абай туысқандары, жас әншілер мен ақындар қауымы жиналған. Абайдың інісі Ысқақ және оның баласы Кәкітай да осында келген. Кәкітай Мағауиямен құрдас. Қазір олар айнымас дос болып алған. Кешкі тамақ ішілгеннен кейін, көрші таныстардың бәрі жиналып, ән шашуға көшеді. Ұйқы кезіне дейін бәрі ән шырқап, өлең оқып жарысады. Соңында ән айтпаған тек Абай мен Әйгерім еді. Ысқақ Әйгерімнен ән айтуын сұрайды. Әйгерім Ерболға ымдап еді, Ербол лезде домбыраны қолына алып, «Татьянаның әнін» сала жөнеледі. Ерекше толқытатын әуен. Домбыраның үніне үйлесе, Әйгерімнің нәзік үні шырқала кетті. Осы кездері Абай мен Әйгерім арасы тек сыйластық еді. Әуенге Әйгерімнің ғашықтық сағынышы да қосылып, аяқтай бергенде, көздерінен мөлдір жасы тамшылап кетеді. Абай оны құшақтай, жас аққан көздерінен сүйіп тұрып қалады. Осы кез екеуінің ғашықтық сезімдері қайта оянғандай болған еді ... Осылайша, 1887 жылдың қысында орыстың данасы Пушкин өзінің сүйікті Татьянасын қолынан жетектеп кеп, кең қазақ сахарасына ең алғаш рет қадам басады. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |