22:30 Абай тағылымы | |
ДАНЫШПАН АҚЫН «Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес» «Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не? Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады. Мұның бәрі төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан, өзге егін, сауда, өнер, ғылым – солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді. Әрбір мал іздеген малым көп болса, өзімдікі де, балаларым да малды болса екен дейді. Ол мал көбейсе, малшыларға бақтырмақ, өздері етке, қымызға тойып, сұлуды жайлап, жүйрікті байлап отырмақ. Қыстауы тарлық қылса, арызы жеткендік, сыйы өткендік, байлық қызметінен біреудің қыстауын сатып алмақ, ептеп алмақ, тартып алмақ. Ол қыстауынан айырылған және біреуге тиіспек я болмаса орынсыздығынан елден кетпек – әр қазақтың ойы осы». Абай осылайша, былығып, бүлініп жатқан қазақ даласындағы жағдайдың не себептен туындап жатқан астарына үңіледі. Осы мәселені Абай төмендегіше түсіндіреді: «Жас бала анадан туғанда, екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген» (Жетінші сөз). Осыдан мың жылдай уақыт бұрын қазақ даласынан шығып, әлемдік білім-ғылымның шыңына шығып, екінші Аристотель атанған Әл-Фараби осы мәселеге философиялық тұрғыдан келіп: «Әрі мадақтауға, әрі жазғыруға соқтыратын мұндай жағдайлар – үшеу. 1. Бұл әрекеттер – адамның дене мүшелерін пайдалану үшін керекті әрекеттер, мысалы: орнынан тұру, отыру, көлікке мініп жүру, көру, есту үшін керекті әрекеттер. 2. Жан аффектілері. Мысалы: құштарлық, рақат, қуаныш, ашу, қорқыныш, жабырқау, күйіну, қызғаныш және сол сияқтылар. 3. Ақыл-парасат. Бұл үшіншісі адамның бүкіл өмір бойында болады немесе кейде болып, кейде болмайды» (Әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар. – Алматы: Ғылым, 1975. – 5-6-беттер) тұрғысынан сыпаттама берген екен. Бұл жерде дала данышпаны Абай Әл-Фарабидің есімін сол кезде естіді ме, естімеді ме – өз кезінде әлемдік білім-ғылымның көшбасшыларының бірі болған ойшылдың еңбектерімен таныс болды ма, болмады ма – ол жағы бізге мәлімсіз; байқап отырғанымыз – ұлылардың ұлы ойларының бір арнадан шығып отырғандығы. Бар айырмашылық жан мәселесіне Әл-Фараби адамның іс-әрекеті тұрғысынан келіп, оны «жан аффектілері» мен «ақыл-парасатқа» бөліп қарастырса, Абай бұл екеуін қосып, рухани күш беретін «жан азығы» атаған. «Қырық үшінші сөзде» Абай осы ойларын тағы да нақтылай түсіпті: «Адам ұғылы екі нәрседен: бірі – тән, бірі – жан. Ол екеуінің орталарында болған нәрселердің қайсысы жибили, қайсысы кәсіби – оны білмек керек. Ішсем, жесем демектің басы – жибили, ұйықтамақ та соған ұқсайды. Аз ба, көп пе, білсем екен, көрсем екен деген арзу, бұлардың басы – жилиби. Ақыл, ғылым бұлар – кәсіби. Көзбенен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп, тыстағы дүниеден хабар алады. Ол хабарлардың ұнамдысы ұнамды қалпыменен, ұнамсызы ұнамсыз қалпыменен, әрнешік өз суретіменен көңілге түседі. Ол көңілге түсіруші бағанағы бес нәрседен өткен соң, оларды жайғастырып көңілге суреттемек. Ол – жанның жибили қуаты дүр». (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
