22:36 Абай тағылымы | |
ДАНЫШПАН АҚЫН «Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес» Адамның адам болып өмір сүруі үшін екі түрлі азық – тән азығы мен жан азығы керек. Абайша айтсақ, «адам ұғылы екі нәрседен: бірі – тән, бірі – жан» тұрады. Мұндағы тән азығы адамның биологиялық тіршілігін қамтамасыз етіп отыратын азық-түлік пен ыстық-суықтан қорғайтын киім-кешек болса, жан азығы дегеніміз – оның қоғамдағы қарым-қатынастарын, өмірлік мақсаттарын айқындап отыратын өмір сүрудің адамгершілік нормалары. Тән азығы негізгі қозғаушы күшке айналса, қоғамды дүниеқоңыздық, жемқорлық, адам адамға қасқыр болып, әділетсіздік, қылмыс жайлайды. Ал жан азығы алға шықса, адамзат салтанат құрғанымен де, елді кедейшілік жайлап, күнкөріс қиындайтын болады. Сондықтан да адамның дұрыс өмір сүруі, қоғамның қалыпты дамуы үшін осы екі түрлі – тән азығы мен жан азығының тепе-теңдігін сақтап отырудың маңызы зор. Абай былай дейді: «Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, еш нәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік. ...Көп заман ескермеген адамнан ол бағанағы өнердің өзінің ең қызықты, қымбатты жерлері жоғала бастайды. Онан соң көп заман өтсе, сол өнерді сақтайтұғын қуаттың өзі де жоғалады. Онан соң қайта кәсіп қылуға болмайды. Бұл қуаттың ішінде үш артық қуат бар, зинһар соны жоғалтып алу жарамас, ол жоғалса, адам ұғылы хайуан болды, адамшылықтан шықты» (Жетінші қарасөз). ХХ ғасырдың басында Абайдың осы жан мен тән туралы айтқан терең ойларының алаш қайраткерлерінің еңбектерінде тереңдей түскенін көреміз. Алғаш рет психология жайлы қазақ тілінде көлемді еңбек жазған Ж.Аймауытов тәрбиенің адам болмысындағы орны туралы айта келіп: «Тәрбие екі түрлі: дене тәрбиесі, жан (рух) тәрбиесі. Хайуан көбінесе денесін тәрбиелейді. Адам баласына дене тәрбиесінің үстіне жанын (рухын), ақылын, сезімдерін, жігер-мінезін тәрбие қылу керек. Денесі мен жаны бірдей тәрбиеленбеген кісі сыңар жақтау бола береді. Мысалы мынау: біреу денесі күшті, бірақ ақымақ; біреу ақылды, бірақ денсаулығы нашар; біреу рақымды, бірақ ақылы аз; біреу ақылды, рақымы аз; біреу қайратты, бірақ пейілі арам; біреу ақпейіл, бірақ жігер жоқ. Біреу мақтаншақ, біреу қорқақ, біреу ұялшақ; мінездің, ақыл-қайраттың әртүрлі болмағы тәрбиенің түрлі-түрлі болмағынан. Адам баласының арасында ұрлық, зорлық, өтірік алдау, кісі өлтіру, талау сықылды түрлі бұзықтықтың көптігі тәрбиенің жетпегендігінен... Адам баласы қашан табиғатқа (тән азығына) құл болудан құтылады? Анық ақылға билетіп, жалпы жұрт жақсы тәрбиелі болғанда құтылмақ... Адамды бұзатын да, түзейтін де – тәрбие...» (Жүсіпбек Аймауытов. Бес томдық шығармалар жинағы. Бесінші том. – Алматы:Ғылым,1999. – 133-бет). Өткенімізге көз жіберетін болсақ, осы тән мен жан арасындағы тепе-теңдіктің сақтала бермегенін көреміз. Ресейдің отары болған ХІХ ғасырдағы қазақ даласында да қоғамдық-әлеуметтік әділетсіздіктер барынша ушығып тұрған еді. Сол әділетсіздіктерді көзімен көріп, түп-тамырын дөп басып, басынан өткерген Абайдың «елім» деп шырқыраған жан даусы ХХІ ғасырға жетіп тұр. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
