23:01
Абай тағылымы

ДАНЫШПАН АҚЫН

«Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес»

Әлеуметтанушы, психолог ғалымдардың анықтауынша, адамдардың, ұлттың бірлігі ойдың бірлігінен басталады. Ой бірлігі – жалпы бірлік атаулының бастауы. Идеялық бірлік болса, сөзде де, істе де бірлік болады. «Бірліктен айырылған ел қаңғып қалады» (Ә.Бөкейханов). Нағыз бірлікке ұлттық немесе мемлекеттік идеологияның арқасында ғана қол жетеді. Демократиялық қоғам орнатып отырған елімізде идеологиялық жұмыстардың жетімсіздігінен ұлттық бірлікке қол жеткізудің қиын болып жатқанын осылайша түсіндіруге болады. Абайдың ұлылығы сол: ғылыми жағынан да, жүзеге асыру жағынан да ұлт үшін аса маңызды болуымен бірге аса қиын осы бір мәселенің дұры шешімін осыдан бір жарым ғасыр бұрын айтып кетіпті. Дүниеде ең әділ бөлінген нәрсе ақыл болса, Абайдың «ақылға бірлік» деп отырғаны ой бірлігі, идея бірлігі бүгінгі қазақ қауымының алдына өткір қойылуда.

Бұл мәселені тәптіштеңкіреп отырғанымыз – халқының боз-тозы шығып жатқанын көріп, күңіренген Абайдың бұл әлеуметтік дерттің диагнозын дәл қойып, одан шығудың жолын да дұрыс көрсете білуінде екендігіне назар аудару.

Бұл жерде Абай неге ой бірлігі демей, ақылға бірлік деп отыр? Адамның миында жинақталған білім-ғылымның, ақпараттардың түрліше сыпаттарда болуына юайланысты әртүрлі ойлар туындап жатады. Мидың негізгі қызметі – сол мәліметтерді жинақтап, сақтау, ең негізгісі, солардың жақсы-жаманын, пайдалы-пайдасызын, зиянды-зиянсызын дегендей, әбден саралап, қорытып, соның тиімдісін адамға, қоғамға ұсынып отыру. Адамның қоғамдық-әлеуметтік қызметіндегі ең маңыздысы осы – ойлау үдерісінің барысында дұрыс идеялардың өмірге келуі. Егер де осы мәселеге қатысты ақпараттар жоқ, не жетімсіз, не басқа бағыттағы болса, ойлаудың барысында теріс ой қорытындылары шығуы мүмкін. Міне, мидың осы бір аса күрделі қызметі қажетті ақпараттармен толық қамтамасыз етілгенде, білім-ғылыммен қаруланғанда, жүрек жылуына орынғанда барып, дұрыс нәтижелерге қол жеткізетін болады. Адам қажетіне қарай, осы дайын ой қорытындыларын өзі пайдаланады, не болмаса қажет еткен өзгелерге «ақыл айтып», ұсынып жатады. Қорытылған қажетті ойлы біз қазір «идея» деп жүрміз. Абайдың кезінде «ақыл» аталған. Қазір ауызекі тілде көп айтылатыны да, көбіміздің қолымыздан келетіні де осы – ақыл, ақыл айту.

Абайдың жолын қуған алашшылдар осы Абай бастаған ұлттық бағытты жалғастырды. Абай ойдың түзелуі барысында «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» деп, халқын тура жолға бағыттаса, «ақылды сөз қылмақ қиын, ақылды сөзді ақылды іс қылмақ одан да қиын» деп білген Ә.Бөкейханов түрлі ойларды қорытып, ұлтқа пайдалы сөзге айналдырдық, ендігі міндет ұлтты андандыратын сол сөздерді іске айналдырып, жүзеге асыру сендерге аманат деп, кейінгі ұрпаққа үкен үмітпен қарады.

Жалпы адамзат баласы қайткенде, адам болып қалып, бақытты өмір сүреді деген ғаламдық сауал қай заманда болса да күн тәртібінен түскен емес. Әл-Фараби қоғам дұрыс болу үшін онда өмір сүретін адамдар дұрыс болу керек деп біледі. Ол «Адамзат кемелдігінің ең биік дәрежесіне жеткен» адамды бақытты адам санайды. Адам бақытты болу үшін ол өмір сүріп отырған елдің басшысы да кемел адам болуы керек, «Адамдар ішіндегі ең таңдаулы жан бірінші басшы болуға тиіс» (Әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар. – Алматы: Ғылым, 1975. – 356-бет) дейді. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 8 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: