23:45 Абай тағылымы | |
ДАНЫШПАН АҚЫН «Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес» Кез келген қоғам ішкі үйлесімділіктің арқасында ғана өсіп-өркендеп, тыныш, бақытты өмір сүре алады. Отбасында, ағайын-туыстың, жалпы халықтың арасында ынтымақ-бірліктің жетіспей жатқандығынан талай-талай таяқ жеп, «мың өліп, мың тірілген» халықпыз. Өткенімізге көз жіберсек, ел бірлігі басты мәселе күн тәртібінен еш уақытта түспепті. Ары бармай-ақ, XVII-XVIII ғасырдағы Ақтамберді жырау: «Балаларыма өсиет: Қылмаңыздар кепиет. Бірлігіңнен айырма, Бірлікте бар қасиет. Татулық болар береке, Қылмасын жұрт келеке. Араз болсаң, алтауыз, Еліңе кірер әреке...», - деп, ұрпақтарына өсиет қалдырса, қазақтың соңғы биі атанған Шойынбет би: Бірлік түбі – береке, Біріккенде жау алмайды. Бір-біріңмен татулас, Ұлы жүз, ағалық қасиет сақта, Басқа екі жүз, туыстық жолыңды сақта. Енші алмағаныңды есіңе түсіріп, Атаң қазақтың үлкен сенімін ақта. Татулық – өмір көркі, Бірлік – өскендіктің ұрқы, - (Ж.Шойынбет. Түркістан-Кентау белестері. Қазақтың соңғы биі – Шойынбет. – Алматы, 2022. – 135-бет) деп, елін бірлікке шақырумен өткен екен. Абай да «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деп, халқын ауызбіршілікке шақырумен болған; ел болу үшін, өсіп-өркендеу үшін ең алдымен бірлік керек дейді. Абайды оқиық: «Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда, байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы – осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін Құдайдан тілейді, әйтпесе Құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуелі біріне-бірі пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір, бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты» (Алтыншы сөз). Бірлік – елдің елдігінің басты белгісі. Бірлік жоқ жерде елдің тоз-тозы шығып, мұның аяғы іштей ыдыраушылыққа, қантөгіске апарып жатқанын бүгінгі өмір де көрсетіп жатыр. Демек, Абай ХІХ ғасырда көтерген ұлттың ұлт болып ұйысып, халықтың халық болып өмір сүруінің бірден-бір шарты болып табылатын аса маңызды мәселені көтеріп, оған дұрыс түсінік беріп отыр. Абай көтерген ұлттық бірлік мәселесі күні бүгінге дейін күн тәртібінде тұр. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
