22:46
Абай тағылымы

ДАНЫШПАН АҚЫН

«Махаббат, ғадауатпен майдандасқан» заманда өмір сүріп, «Асау жүрек аяғын шалыс басқан, «Ішім – толған у мен өрт, сыртым дүрдей» дей келіп, «Қаны қара бір жанмын, жаны жара» екендігін ескерткен ақынның:

Жүрегіңнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтыпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма! –

деуі оқырманын ойландырмай қоймайды. Бұл жердегі ең бастысы – Абайды түсіну үшін оны оқуға белгілі бір дайындықпен келу, ойланып отырып оқу сияқты мәселелер алдан шығады.

Тығырыққа тірелген елін тура жолға салуға әрекеттеніп көп ізденеді. Оны тапқандай да болады. Адамзат қоғамындағы ең негізгі мәселе адам факторының дұрыс шешім табуында жатқандығына көзі жетіп, қазақтың қыр соңынан қалмай келе жатқан келеңсіз қылықтардан сақтандырады.

«Абай өзінің де, халқының да ілгері озғанын қалады. Ал бұл арманның үдесінен шығу үшін не қажет екенін күнделікті қарапайым тіршіліктен – еңбек ету, егін салу, сауда жасау, кәсіппен айналысудан таба алды. Ақыл-ойдың табыстарын, рухани-имани тазалықты жоғары бағалады. Адам баласын адам баласынан оздыратын құдірет – ақыл, ғылым, ар, мінезден деп білді. Осы орайда санаға қандай реңк бере қолданғанына тоқтала кетейік. Бірде сананы кәдімгі «ақыл, ес» түсінігінде кәдеге жаратса, екінші ретте абстрактілі ойлау функциясына жатқызады. Ұлттық менталитетпен де байланыстыратыны бар. ал «санасыз» дегені нақты адамның жарым есті жаратылысын куәландыратын үкіммен пара-пар.

Барша адамзатты бауыр санаған Абай «Мен қазақпын» деп те айта алды. Бұл – Абайға тән ұлттық сананың аса биік деңгейге көтерілгенінің көрінісі. Сол себепті халқының барын бағалады, жоғын түгендеді, кемшілігін сынады. Ендеше, сананың ашықтығын ғана қуаттап қойған жоқ, оның сындарлы мазмұнмен де халқына серік болуын армандады. Қазақты сынауы – Абайдың күйректігі, түңілуі емес, халқын, оның рухын, санасын жаңғыртуға қайрат қылғаны» (Ханкелді Әбжанов, el.kz).

Ақын ел ішіндегі келеңсіздіктерді жоюдың жолын іздеп, жан-жаққа үңілді; оны қазақтың бұрынғы өмірінің үлгілерінен тапқандай да болды. Абай былай дейді:

«Рас, бұрынғы ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған, бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, сайтандыққа тартып барады...

Ол екі мінез қайсы десең, әуелі, ол заманда елбасы, топбасы деген кісілер болады екен. Көші-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсыжаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол елбасы, топбасылары қалай қылса, қалай бітірсе, халық та оны сынамақ, бірден-бірге жүгірмек болмайды екен. ...»Екі тізгін бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін» деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, олардың қамын жемей, қайтеді?»

Екіншісі намысқор келеді екен. Ат аталып аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен...

«Ағайынның азары болса да, безері болмайды» деп, «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» десіп... Кәнеки, осы екі мінез қайда?» (Отыз тоғызыншы қарасөз). (жалғасы бар)

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 8 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: