17:05 Абай тағылымы | |
ДАНЫШПАН АҚЫН 12 жыл болыс, 6 жыл би – барлығы 18 жыл аттың үстінде жүріп, елдің ішкі-сыртқы жағдайын жақсы білген Абай халық жағдайының құлдырай түсуіне, ең алдымен, отаршылардың ел билеу саясатын кінәлайды. Халыққа адал қызмет етіп, әділеттілікті қалпына келтіремін дегенінен ештеңе шығара алмаған ақын сырттан таңылған билік жүйесінің өзі жақсы білетін қиғаш тұстарын аяусыз сынға алады: Болыс болдым, мінеки, Бар малымды шығындап. Түйеде қом, атта май Қалмады елге тығындап. Сүйтсе-дағы елімді Ұстай алмадым мығымдап. Күштілерім сөз айтса, Бас изеймін шыбындап. Әлсіздің сөзін салғыртсып, Шала ұғамын қырындап. Сыяз бар десе, жүрегім Орнықпайды суылдап. Сыртқыларға сыр бермей, Құр күлемін жымыңдап. Бірінші жақтан жырланған болыстың ұзақ монологі үлгісіндегі бұл өлеңде сол кездегі ел билеушілерінің қулық-сұмдықпен суғарылған типтік бейнесі барынша ашыла түскен. «Мәз болады болысың» өлеңінде осы тақырып арықарай жалғасып, негізгі ойлар толыға түскен: Мәз болады болысың, Арқаға ұлық қаққанға. Шелтірейтіп орысың, Шенді шекпен жапқанға. Осы жерде тағы бір айта кететін нәрсе – Абайдың өз жағдайы, өскен-өнген ортасы қиындық көретіндей, мұншалықты шырылдайтындай ауыр халде емес-тұғын. Соған қарамастан, гуманист Абай жалпы халқының ауыр халін жүрегімен сезіне біліп, жан айқайына жол ашқан, жеке басын күйттеп емес, күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен ертеңгі күнін ойлауға мұршасы жоқ, торға түсіп қалып, одан шығудың амалдарын қарастырудың орнына бейшаралық күй күй танытып, онан сайын шырмалып, бейқам жатқан халқын алда күтіп тұрған қауіптерден сақтандырып, араша түскендігін көреміз. Абайдың ұлылығы да осы жерде жарқырап көрінеді. Сайын сахараның төсінде еркін өмір сүріп жатқан елінің отаршылдықтың зобалаңынан әлеуметтік құлдырауға ұшырап, азып-тозып бара жатқан елін көрегендікпен көре біліп, төніп келе жатқан рухани азғындықтан сақтап қалуға шақыруы, ұмтылуы – бұл тек ұлылардың ғана қолынан келетін ұлы іс. Мәселенің шындығына келсек, Абай ауқатты ортадан шыққан, ата-тегі би, болыс, аға сұлтан секілді ел басқарған биліктің тізгінін ұстаған, өзі де өмірінің алғашқы кезеңінде осы жолмен жүріп, болыс болып, ел тізгінін ұстаған, аузынан, қаламынан шыққан әрбір сөзіне жұртшылық құлақ түріп, онымен санасып отырғандықтан да ақынның мұншалықты зарлы күйге түсетіндей жайы жоқ еді. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
