23:42
Абай тағылымы

АБАЙДЫҢ ТАНЫЛУЫ

А.Егеубаев:

«Абайды оқыған сайын есті ел етегін жиып, тәубесіне түсіп, дүниеге ақиқат көзімен қарай бастайды. Талай-талай шашырап, тозған тұста елдің іргесін шайқалтпай сақтап қалған – Абай тәлімі, Абай сынды дана санасы. Батырлықтың, қаһармандықтың ардақтысы да аруақтысы – жүректің батылдығы, ақылдың асыл мұңы. Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған данышпан сөзі оқыған сайын соныға бастайды, оқыған сайын ойға ой қосады. «Ақыл – азбайтын қазына, білім – тозбайтын тон» деген осы шығар.

Қазіргі дүние дүрбелеңінде алабұртып қияннан қиянға көз тігіп, ақын түстеген мінез-құлықтың бәрі де бәз күйі кездеседі. Жақсы мен жаманымыз күн мен түндей шарпысып, жалғасып жатыр. Тәуелсіздіктің ауыр жолына түскен жұрттың бой түзеуі үшін, Ақыл, Қайрат, Жүректі бірдей ұстауы үшін, іш пен сыртты бірдей саралап, саңлақ шығарлық парасаттылық керектігі белгілі. Қазақ қауымы дана ақыны өсиет еткен ұлы көштің бетін енді ғана қайта түзеді. Ел болмаққа, ерікті мемлекет болмаққа бет бұрды. Абай ойы, Абай жолы – осы жол. Бұл ұлы жолдың ұлы сөзі – Абайдың ғақлия сөздері».

С.Әшімбаев:

«Абайдың аруағын сыйлау – Абай айтқан сыры терең сыннан сыңдарлы қорытынды шығару екендігін тағы да қайталап айтқымыз келеді. Ал Абайға тоқтау өзіңнің ұлттық рухыңды сыйлау, өмірдегі азаматтық ақ жолыңды таныту, адамшылықтың ақшаңқан дәстүрлерінің дамуына селбесіп, септігіңді тигізу деп білеміз!

«Жасыра бергеннен жараның орны жазылмас» дегендей, өкінішке орай, арамызда Абайды оқымай да, тоқымай да алшаң басып жүргендердің әлі де көп екендігін ашып айтатын мезгіл жетті. Сөйтіп жүріп өздерін осы ұлттың өкілі санайтындығын қайтерсің. Өз ұлтының ұлысын оқымаған, білмеген, сыйламаған адам басқасын басынан басып өтпейтіндігіне кім кепіл?!

Абайға тағзым ету – адам бойындағы махаббат пен мархабатқа тағзым ету, құдіреттің жақсылығын емес, жақсылықтың, адамшылықтың құдіретін сезіну арқылы одан өз бойына рухани күш алу екендігін ақын өлеңдерін шын түсінген адам ғана түсінеді. Сондықтан да Абайды оқи алмаған, тоқи алмаған адамның өмір бойы бір бүйірі олқы тұрады».

Ғ.Есім:

«Абайсыз қазақ мәдениеті, философиясы туралы сөз айту мүмкін емес. Сондықтан Абайды тану қазақты тану деген проблемамен тығыз байланысты...

Абай мұрасына барлау, ұлы ақынның ой тұңғиығына тереңдеу – ұрпақтан ұрпаққа балғаса беретін іс. Абай – адамзаттың ғұмыр бойы игеріп, түйсіне түсетін тұтасқан бір ғажайып әлемі... Абай бізбен де, келер ұрпақпен де замандас, сондықтан ақынды «жүрегінің түбіне терең бойлап», парасатты ой, зерделі санамен оқып-үйрену – қасиетті парызымыз...

Осы идеялары үшін біз Абайды хакім дейміз. Хакімдер – болмыс құбылысының мәні мен себебін анықтап, адамзатты түзу жолға салушылар».

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 22 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: