09:38 Абай тағылымы | |
АБАЙДЫҢ ТАНЫЛУЫ Г.Бельгер: «Әр елдің, әр халықтың мақтанышына айналған ұлы азаматтары болады. Мәселен, біз Данте атын естісек, көзімізге Италия жұрты елестейді. Сондай-ақ Шекспир аты Англиямен, Гете аты Германиямен, Пушкин аты Ресеймен қатар жүреді. Қазақ даласында Абайдан бұрын да талай ұлы ақындар, ұлы батырлар өткен. Бірақ бәрібір Абайдың орны бөлекше. Абай десек, біздің есімізге қазақ халқы бойындағы ең асыл, ең озық қасиеттер елестейді. Абай есімі жарқын символ секілді. Ру-руға, жік-жікке бөлінген көне заманда Абай есімі елдің бірлігінде, ұлттық мүдденің биік туындай естілген болуы керек... Енді екі ұлттың екі заңғар биігіне қарап отырамын да, таң-тамаша қаламын. Гетені оқысам, абайды танығандай боламын. Абайды оқысам, Гетені танығандай боламын». Намық Кемал Зейбек: «Абай адамзатқа қажет! Біз Қожа Ахмет Ясауиді, Абайды, өткен ғасырлардың басқа дана адамдарын өз әкелеріміздей біліп, құрметтеуіміз керек». Қ.Жұмаділов: «Иә, Абай – телегей-теңіз. Ол ешкімнің де құшағына сыймайды. Абайды тану қазақ халқын танумен бірдей. Өйткені қазақ халқын дәл Абайдай танып, Абайдай түсіндірген ешкім жоқ. Қазақтың бойындағы мін-мерез, шер-шемен, кем-кетікті де Абайдай қазбалап, жеріне жеткізе ашып көрсеткен екінші адамды тағы таппайсыз... Қазақта өлең сөзді таққа отырғызып кеткен поэзия патшасы». Ж.Молдабеков: «Абай тұлғасы – оның даналығында. Абай даналығы – жүрек үнінде, парасатты сөзінде, сүйіспеншілік үмітінде; қарсыласынан асып түсетін білімдарлық, сезімталдық, еріктілік икемділігінде; қазақты қор қылатын кеселдерден сақтандыратын талап, махаббат, ұғым сияқты рухтың ең мықты қайнар көзінде, қуат аймағында; тұтастық пен тыныштықты туралайтын, татулықты тәрбиелейтін тоқтамында; шығыс пен батыс мәдениетін үйлестіретін шеберлігінде». М.Орынбеков: «Абай жалпыадамзаттық құндылықтарды жоғары ұстап,таптық идеологияға қарсы болды. Қазақстанның тәуелсіздігі Абай шығармашылығының тылсым табиғатын, құпия мұраттарын ашты. Біз Абай шығармашылығының шынайы мәнін енді түсіне бастадық, шынайы Абайды тану енді ғана мүмкін болды. Оған жол ашқан – ақынның өзінің жалпыадамзаттық құндылықтар хақындағы ой-тұжырымы. Абайдың дүниетанымына терең ұлттық бағдар тән. Ол қазақтың философиялық ойының негізін салды. ...Қазақ ағартушылығының көшбасшысы ретінде ол «Адам бол!» деген сөзді ту етіп көтерді. Қазақ қоғамын түбегейлі өзгерту керек, ол үшін көзі ашық жан білім алу арқылы рухани мешеулікті, надандықты, жалқаулықты жеңе алады». Т.Медетбек: «Абай әлемі – төл әдебиетіміз бен бүкіләлемдік әдебиеттің үздік үлгілерінің алтын буымен дем алып тұрған, өзгеден өзге шаңырақ көтерген әлем. Абай философиясы, Абай дүниетанымы сол кездегі әлем әдебиетінің ірі тұлғаларымен иық тірестіріп қатар тұр. Олай болса, ол тұңғиық әлемді түсінуге үлкен дайындық керек. Яғни Абай бүгінгі оқырман қауымнан үлкен ішкі мәдениетті, бір кезде өзі тәлім алған бүкіләлемдік әдебиеттің мектебінен өтуді талап етеді. Сондықтан да Абайды әрбір оқырман өз бетімен бүкіләлемдік әдебиеттің контекстінде танып-білуі, оқып-үйренуі керек. Өйткені Абай сөздерін құр жадағай сақтап, жаттап алумен оны танып-білу мүмкін емес. Абай сөздерін ең әуелі қаныңа сіңіруің керек!» баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 2 | |
|
| |
