10:27
Абай тағылымы

АБАЙТАНУДЫҢ АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢІНДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК СОЛАҚАЙЛЫҚТАР

«Екеудің» «Көркем әдебиет туралы» («Еңбекші қазақ», 8-9.VIII.1927) С.Мұқановтың, Ә.Бәйділдин мен пікір жарыстырған мақаласында қазақ әдебиетінің қазіргісін тануы үшін өткенін білу, оны пайдалану қажеттігін көтерген болатын. «Екеуге» қарасты Сәбит «Байдың толғағын» («Еңбекші қазақ», 1927, №223-224) жазып, «Олар құрып бара жатқан ескілікті тірілтіп, жандандыруға жан сала тырысады» деп айыптайды. Мұқанов Абайдың «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» атты өлеңінен үзінді келтіріп: «Абайдың бұл өлеңінде байдың озбырлығы, болыс, бидің елге істеген қиянаты, өтірігі, алдауы, сұмдық-сұрқиялығы ашық әшкереленеді», - деп, таптық күрестің көрінісін көреді.

Ә.Мәметова да әдеби пікірталас барысында «Мұны да өзінікі етіп алу үшін ескі көркем әдебиеттерді де бастан-аяқ тексеру, оқу, білу керек. Керегін алып, келіспеген оғаш жерлерін мінеп, сынап, еңбекші өз көркем әдебиетіне, оны көгертіп, көркейтуге құрал етеді... Біз қанша таудай талап етсек те, бұрынғы «жаманымызды» біліп алмай, жөндеп тексермей, жаңа жақсыны жасай алмаймыз. Тыңнан ойып түсе алмаймыз. Қанша айтсақ та, жазсақ та жақсының түбі (основа) сол өткен жаманда жатыр», - дей келіп, «Абайдың өзінің Пушкин, Лермонтовтардан несі кем еді?» («Қызыл Қазақстан», 1927, №5) – деген сол кездегі партияның әдебиет саласындағы саясатына әнтектеу келетін пікір айтты. Әминаның ойынша, Пушкин орыс әдебиетінде қандай рөл атқарса, Абай да қазақ әдебиетінде сондай рөл атқарады. Сондықтан да Абайдан қашудың жөні жоқ.

Жиырмасыншы жылдардағы қазақ әдеби сынының басты әдіснамалық кемшілігі шығарманы талдағанда, мазмұнын бөлек, түрін бөлек алып қарастыруы еді. Форма – мазмұнның көрінісі, әдеби шығарманың біртұтас туынды екендігі ескеріле бермеді. Нәтижесінде мазмұны жақсы, түрі нашар немесе түсі жақсы, мазмұны нашар деген сияқты сындар қаптап кетті. Бірінші орынға мазмұны қойылды да, көркемдігі жоғары болғанымен, идеясы коммунистік идеологияға сәйкес келмесе, бәрібір ол шығарма нашар деп танылды. Сол кездегі әдеби сынға қойылған талаптарды Хамза Жүсіпбековтің «Әдебиет тексеру ережелері. Әдебиетті Маркс, Ленин жолдарымен сынаудың негіздері» («Жыл құсы», 1928, №2) атты мақаласынан анық көреміз. «Ең әуелі біз ескі әдебиет болсын, жаңа әдебиет болсын, қысқасы, не нәрсені сынасақ та мынаны негізге алып сынаймыз. Сол істеп отырған нәрсеміз біздің түпкі ұсталған мақсатымызға және қазіргі күнделік сол мақсат үшін істеп отырған ісімізге пайдалы ма, зиянды ма? қандай зияны, қандай пайдасы бар деген көзбен қараймыз.

Екінші сөзбен айтқанда, біз Абайдың өлеңін алсақ, соны жалпы алғанда, мазмұн жағынан қандай пайдасы, зияны барлығын қарауымыз керек. Біз не нәрсенің болсын, қандай әдебиет болмасын түрі емес, мазмұнын тергеп алып қараймыз. Біз әрбір әдебиетті сынағанда, коммунитсік бағытты алға ұстап, таптық көзбен қарағанда әрбір жазбалы әдебиеттердің қандай маңызы мен мәнісі барын ашумен қатар, төңкеріске қарсы мазмұнды әдебиетпен аянбай күресіп отыруымыз керек», - деген жолдардан кеңес өкіметінің әдеби сынның алдына қойған негізгі мақсаты айқын көрінеді. Осы әдіспен келіп, Х.Жүсіпбеков Абайды былайша сынайды: «Ескі әдебиетті алғанда, Абайды алсақ, мазмұн жағынан бізге пайдасынан зияны көп. Бірақ түр жағынан үлкен пайдасы бар, біз Абайдың өлеңін сынасақ, Абайды қазақ ел бол, партияны қой, өнер тап, еңбек қыл дегеннің мәнісі не, оны неге айтып отыр, соларын тексеру керек. Абайдың заманы – қазақ әлінің ақсақалдық дәуірі. Қазақтың мәдениет үшін оралғы болған байлардың дәуірі, өшіп келе жатқан дәуірі». Сөйтіп Абайды сынаудың дайын қалыбына салып жібергенде, ол ескішіл, кертартпа болып шыға келеді. Тек Абай ғана емес, осы стандартпен келіп, төңкеріске дейінгі қазақ әдебиетінің барлығы дерлік байшыл, зиянды, халыққа жат саналды. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 16 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: