23:06 Абай тағылымы | |
АБАЙТАНУДЫҢ АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢІНДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК СОЛАҚАЙЛЫҚТАР «...Абай өлеңдері ерте жазылса да мезгілінде басылмағандықтан, жалпы қазаққа тиісті әсер бере алмады. Алғаш ұлт әдебиетіне өрнек берген, әлеумет тұрмысын толық тексерген, идеалға сілтеген Абай болды» (Қ.Кемеңгерұлы. Қазақ тарихынан // «Ақиқат», 1993, ШО, 73-бет) – деп, бағалайды. Абай өлеңдерінде үлкен орын алатын тақырып өнер, білім екендігіне назар аударады. Абайдың «Интернатта оқып жүр», «Мәз болады болысың», «Бойы бұлғаң» өлеңдерін талдап, оларда көтерілген әлеуметтік мәселелердің маңыздылығын айтады. «Мәз болады болысыңды» талдай келіп, «Ел арасында көпшіліктің ұлыққа жағынуы сол дәрежеде: адамшылық мендігін жоғалтып, жансыз нәрседей болып кетті», - деп жазады. Қошке бұл жолдарды тура бүгін жазып отырғандай. Қ.Кемеңгеров С.Мұқановтың «Көркем әдебиет туралы» («Еңбекші қазақ», 14-15.Х.1926) мақаласына жауап ретінде жазылған «көркем әдебиет туралыда» («Еңбекші қазақ», 1.ХІІ.1926) да Абай жайында оң ойлар білдірді. Әдеби айтыс барысында С.Мұқановпен пікір таластырған Қошке Сәбиттің бұдан бұрынғы адасуларын айта отырып: «Ертеректе Абай мен Ахаңды іске жарағысыз қылған Сәбит бүгін ұлтшылдықты отаршылдық туғызды» деп, «Масаны» әжетке жаратып, «Заманды әркім билемек» деп, Абайдан мысал келтіріп отыр», - дейді. Бұл жерде Қошке С.Мұқановтың «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер» («Еңбекші қазақ», 1923, №69) деген мақаласындағы теріс пікірлерін мегзеп отырған сияқты. Абайдың ұлылығын мойындаған Қошке оның сөздерін ылғи да өз ойларына тірек ретінде келтіріп отырған. Абайды үлкен бедел ретінде алға тартып, оның данышпан ақын екендігін ақырындап халықтың құлағына құя бергендей. Сол себепті де Қ.Кемеңгеровтің «Көркем әдебиет туралы» мақаласы: «Қандай ұйым болса да оның негізі – көркем әдебиетті гүлдендіру болу керек. «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын» дегенде Абай, мазмұнды алтын деп, түрді күміс деп отыр. Абай пәлсекеш болғандықтан мазмұнға артық баға беріп отыр. Пікірі жағынан мазмұны алтын болса, сұлулық жағынан түрі де алтын болу керек дегенді ұран қылу», - деген сөйлемдермен аяқталған. Әдебиет туралы айтысқа қатысып, «әдебиет әңгімелері» («Еңбекші қазақ», 15-16.ІІ.1927) мақаласын жазған С.Сәдуақасов Абай туралы бірнеше жерінде оңды пікірлер айтты. Смағұл: «Абай-мамайыңды біз білмейміз. Бернияз-перниязыңды естігеніміз жоқ, осы күнгіге өзіміз де жараймыз» деушілер де болды. Егер бұлай деушілер бола қалса, олар біздің надандығымыздан басқа еш нәрсені дәлелдемес еді. Ескіден қалған мұраға біз ие боламыз ба, жоқ, болмаймыз ба?» - деп, мәселені төтесінен қойды. Смағұлдың әдебиет жайлы пікірлері ой тереңдігімен, парасаттылығымен көзге түседі. «Сәбит жолдас «Еңбекші қазақта» жазылған мақаласында «Қазақ әдебиеті өзінен-өзі үлгі алатын дәуірге жеткен жоқ» дейді», - деп жазады Смағұл. Әрі қарай: «Неге жеткен жоқ жетпесе, қашан жетпекші? Қазақ әдебиеті өткеннен де, қазіргі халінен де тәжірибе ала алады. Өзінен-өзі үлгі алатын дәуірге әбден жетті. Тегінде өзінен-өзі үлгі ала алмайтын әдебиет болуға тиісті емес. Өткенді ұмытып, өткеннің бәрін мансұқ қылып тастағанда, жоққа қайдан өспекші? Сондықтан біз ескі мұрадан жерімейміз. Ескі мұраның жарайтынын аламыз, жарамайтыны қалады. Абай да – ескі мұра. Бірақ Абайдан қалған мұраның көбі әлі ескірген жоқ. Әлі де қазақ ақындары Абайдан шеберлікке үйренуі керек... Абайдың жазғандарының көбі қазақтың жаңа жұртшылығының алдында әлі ескірген жоқ... біз Абайдың «Болысын» қалай ескіртеміз... Олай болса, ол аурулармен, ол кемшіліктермен күресу жолында Абайдың жазғанын неге пайдаланбаймыз?» - деген тұжырымдар жасайды. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
