09:19 Абай тағылымы | |
АБАЙТАНУДЫҢ АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢІНДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК СОЛАҚАЙЛЫҚТАР Абай туралы Ж.Аймауытов та пікір білдірген. Ол арнайы мақала жазбаса да, «Мағжанның ақындығы» атты атақты мақаласында жол-жөнекей сөз қылады. Жүсіпбек Мағжанның ақындық қырларын ашу мақсатында оны Абаймен салыстырады: «Өлеңнің тілге жеңіл, құлаққа жылы тиюін Абай да іздеген, Абай да сөздің ішін мәнерлі, тонын сұлу қылуға тырысқан, бірақ дыбыспен сурет жасауға, сөздің сыртқы түрін әдемілеуге Мағжанға жеткен қазақ ақыны жоқ. Өлеңнің сыртқы сұлулығына, дыбысына әуестеніп кеткендіктен кейде Мағжан өлеңдерінің ішкі маңызы кем болып шығады» (Мағжан Жұмабаев. Шығармалары. – А., 1989. – 416-бет). Абай мен Мағжанды салыстыру арқылы екі ақынның өзіндік сыр-сипаттарын ашып көрсетеді. Абайда ой басымдығын, ал Мағжан өлеңдерінің сыртқы формасының барынша сұлу келетіндігін айту арқылы екеуінің де мықты жақтарын дөп басып айта білген. Ж.Аймауытов Мағжанның қазақ, татар, орыс, батыс, шығыс әдебиеттерінен үйренгендігін айта отырып, әсіресе Абайдан көп тағылым алғандығын айтады. Ақынның «көңіліңді ашар», «Сәуле», «Хор сипатты қарындас», «Күз», «Өткен күн» деген өлеңдерінде Абай сөздері ұшырайды деп жазды Жүсіпбек (сонда, 417-бет). Мысалға Абай мен Мағжанның екі өлеңін салыстырады. Соның бірі: «Мағжан жазады: Сылдырап аққан өзенге Үй тігіп дереу қонысып. Бұрала басып былқылдап, Әзілдесіп сыңқылдап, Жас келіншек, жас қыздар, Кереге жайып, уық байлар. Абай жазады: Сылдырап аққан өзенге Көшіп ауыл қонғанда. Қыз-келіншек үй тігер, Бұрала басып былқылдап Ақ білегін түрініп, Сыбырласып, сыңқылдап. Абайға еліктеуі ең алғашқы кезде болған» (сонда, 418-бет). Ж.Аймауытов Абайды арнайы әңгіме қылмағанмен де, оны Мағжанның тәлім алған бір ақындық ұстазы етіп көрсету арқылы-ақ оны ұлы ақын деп бағалап отыр. Тағы да «ақындық жүзінде Абайдан соңғы әдебиетке жаңа түр кіргізіп, соңына шәкірт ерткен, мектеп (школа) ашқан күшті ақын Мағжан екенінде дау жоқ. Абайдан соң, өлең өлшеулерін түрлендірген – тағы да Мағжан» (сонда, 428-бет) – деп, пікірін нығарлай түседі. Абайдан соң қазақ өлеңіне Мағжанның көп жаңалықтар кіргізгенін айта отырып, Абай поэзиясының қазақ әдебиеті шыққан биігі екендігін, одан кейінгінің бәрі Абаймен салыстырыла отырып бағаланатындығын аңғартып отыр. Абай поэзиясының өзіне лайықты бағасын алуға жиырмасыншы жылдары әдеби айтысқа белсене араласқан Қошке Кемеңгеров те айтарлықтай үлес қосты. Ол 1925 жылы шыққан «Қазақ тарихынан» атты кітабының төртінші бөлімінде осы мәселе бойынша парасатты ойлар айтты. Ол патша өкіметінің саясатына қарсы шыққан қазақтың ұлы перзенттері Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин және басқа да ақын-жазушылар жайлы баяндағанда, Абайға ерекше назар аударады. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
